Шымкент тұрғыны мемлекеттен алған грантқа құдалық өткізген
Былтыр 23 кәсіпкер қаражатты мақсатсыз жұмсап, жауапқа тартылған
Шымкенттік кәсіпкер мемлекеттен берілген 1 225 000 теңге грантты кәсібін дамытуға емес, құдалық өткізуге жұмсап жіберген. Ақшаның қалғанына несиесін жауыпты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова мәлімдеді.
Оның айтуынша, Шымкентте 2021 жылы 23 тұрғын мемлекеттік грантты өзінің жеке басының мәселесін шешу үшін жұмсаған. Қаражатты олар кәсіп бастаймын деп алған екен. Қазіргі таңда барлығы жауапқа тартылған, алған жұмсалған ақша қазынаға қайтарылыпты.
«Мемлекеттен алған ақшаны несие төлеуге, той жасауға жұмсауға болмайды. Берілетін қаржы аз емес – 1 225 000 теңге. Бұл ақша бизнесті дамытуға, басқа адамдарға жұмыс орнын ашуға жұмсалуы тиіс. біз енді жаңа ереже енгізіп отырмыз, тоқсан сайын олардан жұмсаған ақшасының есебін алып отырамыз», - деді Б.Нарбекова журналистермен болған кездесуде.