«Шекара иен қалатын болды»: БҚО шекаралық аймағындағы ел жаппай көшкендіктен мектептер босап қалды
Ауылдарда бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кеткен
Батыс Қазақстан облысын шекаралық аймағындағы мектептерге оқушы табылмай жатыр. Қаңырап қараусыз қалған тастанды үйлерден көз сүрінеді. Ресеймен шекаралас ауылдардың мүшкіл халін Azattyq Ruhy тілшісі көріп қайтты.
Бала саны азайып, зуәлім мектепке оқушы жетпей жатқан жердің бірі – Талаов ауылы. Облыс орталығынан бес шақырым қашықтықта жатқан ауылда екі жүздей ғана отбасы қалған. Жастары жоқтың қасы, көбіне зейнеткерлер мен орта жастан асқан азаматтар ғана тұрады. Халық саны күрт кемігендіктен мектепке баратын бала саны да азайып кеткен.
«Күрделі жөндеуден өткізген үш қабатты мектебіміз бар. Аурухана, мәдениет үйі де бар. Біздегі жағымсыз жағдай былтырдан бері басталды. 11 жылдық мектеп жабылып қалуы мүмкін. Биыл 9-11 сыныптар жабылмақ. Ауылымыз шекараның түбінде. Өзеннің арғы жағы Ресей Федерациясына қарайды. Бұлай жалғаса берсе мектеп жабылады. Өйткені, ел баласын оқыту үшін амалсыз қалаға кетеді. Ауыл облыс орталығынан өте қашық. Проблеманы аудан, облыстағы бастықтарға жазып жатырмыз, жауап жоқ», - деді мектепте дефектолог мамандығы бойынша жұмыс істейтін Қымбат Жолдыбаева.
Мектептегі қамқоршылық кеңес мүшелерінің сөзінше, оқушы саны жетіспегендіктен бірнеше сынып биыл жабылып, ұстаздар да жұмыссыз қалмақ. Ауылдан соңғы уақыттары оннан астам отбасы қалаға көшіп кеткен. Көшу үрдісі жалғаса берсе мектеп жабылып тынады дейді осындағы ел.
«82 оқушыға жеткізе алмай отырмыз. Үлкен мектепте 71 оқушы ғана қалды. Шекаралық аймақ болғандықтан жұмыс орындарын ашуды да сұрап отырмыз. Халық бұлай көше берсе шекара ашық қалады. Бұл тікелей ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді. Шекарамыз ашық қалмау керек. Жастар түгелге жуық қалаға кетіп қалды. Ешқайсысы кері қайтқан жоқ. Көбіне зейнетерлер қалды. Тұрғындардың 70 пайызы мектепте жұмыс істейді», - деді қамқоршылық кеңестің хатшысы.
Жәнібек ауданына қарасты ауыл тұрғындарының негізгі күн көрісі мал өсіру. Шаруашылық негізінен егде жастағы адамдардың еншісінде. Туу көрсеткіші өте төмен. Ауылда жылына 3-4 сәби дүниеге келсе қуанамыз дейді осындағы жұрт.
«Екі жылдан бері бұл мәселе шешілемей жатыр. Оқушылар саны аз. Тұрғындар көшіп жатыр. Халық саны жыл сайын азайып келеді. Бұл жақтың халқы тек малмен күн көреді. Мәдениет үйі бар, бірақ ол жерде жұмыс істейтін маман жоқ. Тек директоры ғана бар. Төрт балам бар, оларды оқыту үшін қалаға кетіп қалғың келеді. Тек қарт анамды ойлап ауылда отырмын. Елге көңіл аудармаса ауылдың жағдайы қиындап барады. Шекара иен қалатын болды», - деді ата-аналар комитетінің мүшесі Алтынай Стамова.
Қанша халықтың көшіп кеткенін көшеде қараусыз қаңырап қалған үйлерден ақ білу қиын емес. Жекелеген жер үйлер ғана емес, көпқабатты ғимараттар да қирап қалған. Аудан орталығынан 130 шақырым жерде орналасқан Таловка ауылында асфальт деген атымен жоқ. Тіпті орталыққа қатынайтын негізгі жол да отыз жылда салынбаған.
«Бабалар сабақтастығы» әлі күнге сақталып келе жатқан бұндай ауылдардың саны батыста жүздеп саналады. Ауыл тұрмақ, аудандардың арасын жалғайтын жол да ешқашан асфальт көрмеген. Орталыққа қатынайтын тас жолдың қашан төселетіні де белгісіз.
«Оуругте 32 шаруа қожалығы болса, оларда 4750 сиыр, 431 бас жылқы бар. Жеке кәсіпкерлердің саны – 11. Үш дүкен бар. Облыс орталығынан 460 км алыспыз. Жол жоқ, енді салынады. Аудандық білім бөлімі мектепте бала саны жетпегендіктен жабамыз дейді. Ауылдағы үш қабатты мектеп 400 оқушыға арналған. Бала саны бес есе төмен. Соңғы екі жылда халықтың көшуі жиілеп кетті. Туу көрсеткіші де жоқ», - деді БҚО Жәнібек ауданы Таловка ауылдық округінің әкімі Нұрдәулет Қыдырғалиев.
Депутатардың сөзінше, Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың ахуалы өтен қиын. Тек Таловка ғана емес, қырыққа жуық ауылдың ахуалы мүшкіл. Барлық ауылда бала саны аз, туу көрсеткіші төмен. Тұрмысты тезірек түзетпесе алдағы бес-он жылда шекара түгел қараусыз қалуы мүмкін. Екі елдің шекарасы айқындалғанмен, қоршау тартылмаған.
«Жақсыбай, Борсы, Қамысты, Қараоба, Мереке, Болашақ сынды қырық шақты ауыл бар. Проблема барлығына ортақ. Ең бірінші жол, ауыз су мәселесі шешілмеген. Шекралық аймақтағы халық малмен күн көрсе де жайылымдық жері жоқ. Электр жарығы жетіспейді, бағандары әбден тозған, жаңармаған. Жастар тұрақтамайды. Жастарға демалыс орындарын салып, оларға қажетті мүмкіндіктерді жылдам іске асыру керек. Кейбір ауылдарда адам дәрігері жоқ. Мал өсіретін кейбір ауылда мал дәрігері жоқ. Барлық ауылда оқушы саны жетіспейді. Ол үшін жастардың айлығын көбейтіп, түрлі көмек көрсететін, жеңілдік жасайтын бағдарламаларды қолдау қажет. Ауылды абаттандыру, көгалдандыру, көркету керек.
Ауылдың проблемасын шешетін кез әлдеқашан өтіп кетті. Азық-түлік қауіпсіздігі де осы ауылдағы ахуалмен тікелей байланысты. Ауылдағы өнім аз, сәйкесінше бағаның бәрі қымбат. Сол үшін ауылға инвестиция құю керек. Ауыл тұрғындарға 2 пайыздық несиемен құс, мал алып беретін мүмкіндіктерді қарастырған дұрыс. Үйлердің ауласы тұрмақ өзендерде жүзіп жүрген құс жоқ.
Шекарада отырған елге үкіметтен әлеуметтік жеңілдіктер қарастыру қажет. Халық шекараны да күзетіп отыр. Өйткені екі елдің шекарасында ешқандай қоршау жоқ. Соны да халық қарайды. Шекара түбінде отырған ауылдың тұрғындарына Ресейден зат тасу жеңіл, әрі арзан. Сондықтан шекара түбіндегі елдің арғы бетке өтуіне мүмкіндік жасалу керек», - деді Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Серік Жарылғапов.