«12-13 жастағы балалардың да «синтетика» тұтынатынын көрдік»: елордада есірткімен күресу үшін 47 млн теңге қажет
Польша, Украина елдерінде есірткі эпидемиясы 10 жыл бұрын басталып кеткен
Бүгінде қоғамда кең тараған синтетикалық есірткімен күресте жаңа тәсілдер керек. Оның ішіндегі ең маңыздысы – жарнама жасайтын түрлі Telegram каналдарды бұғаттау үшін және тиімді методиканы әзірлеу жұмыстарына қомақты қаражат қажет. Бұл туралы «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының директоры Жандос Ақтаев Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының іргетасы 2004 жылы құрылған. Алайда ұйым біраз жыл жұмыс істемей тоқтап тұрды. Ал биыл жұмысын қайта жандандырып, зиянды әрекеттің алдын алу шараларын бекітті.
«Қазір жүйелі түрде бірнеше жобаны іске асырып жатырмыз. Мәселен бүгінде тұрғын үйлердің инфрақұрылымдық нысандардың сыртында есірткі саудасымен айналысатын түрлі Telegram каналдардың және сайттардың сілтемелері жазылған жарнамалар қаптап кетті. Жұмысымыздың бір мақсаты – осы трафареттерді бояп тастау. Бұл ретте біз әкімдікпен және құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. Өткен сәуір айында ІІМ-мен меморандумға қол қойдық. Соның аясында бір-бірімізге көмектесеміз. Олар өз құзіретін қолдану арқылы ішкі операцияларға атсалысуда. Сонымен қатар, бізге еріктілер көп көмектесіп жатыр. Оған қоса, сол сілтемелердің артында кімдер отырғанын анықтап, сол Telegram каналдарды бұғаттау бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз», - дейді Жандос Ақтаев.
Қор жарнама жасайтын телеграм каналдарды және сайттарды бұғаттау жұмыстарымен әзірге өздері айналысуға мәжбүр. Себебі арнайы мамандарды тарту үшін қаражат жеткіліксіз екен.
«Біз қазір фандрайзингпен белсенді түрде айналысып жатырмыз. Мемлекеттік органдармен, басқа да үкіметтік емес және коммерциялық ұйымдармен тығыз байланыстамыз. Өкінішке қарай бұл проблемаға қаражат аз бөлінеді. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласына толықтай профилактиканы жасау үшін 47 млн теңгедей қаражат қажет. Әдетте профилактика деген кезде түрлі плакаттар жасау, концерттер өткізу деген сынды түсінік бар. Бірақ оның бәрі қазір тиімісіз. Қазіргі уақытта Telegram каналдарды бұғаттау жұмысы волонтерлердің күшімен атқарылып жатыр. Сондықтан оған көп уақыт кетеді. Бұл ретте ең алдымен ақпараттық жүйені құрсақ өте тиімді болар еді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, методикалық материалдарды жасау керек. Ол үшін методистерді тарту керек. Оған да қаражат қажет. Бұдан бөлек, басқа да ұсақ-түйек жұмыстар өте көп», - дейді қор директоры.
СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІНІ 12-13 ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАР ДА ТҰТЫНАДЫ
Бүгінде есірткі бизнесінің өкілдері әсіресе синтетикалық есірткіні сатуға құштар. Бұл ретте олар заманауи механизмдерді қолданады. Сорақысы сол мұндай қақпанға көбіне жасөспірімдер түсіп жатады.
«Өйткені оның бағасы органикалық есірткіге қарағанда қолжетімді және оны тұтыну оңайырақ. Сонымен қатар, мұндай есірткіні сататындардың өз механизмдері бар. Олар тауарды қолма-қол бермейді. Түрлі жерлерге тығып кетеді. Яғни бұл геймификация. Зиянды затты тұтынбаған адамға ол қызықты көрінеді. Өйткені оны іздеудің өзі бір процесс. Ол тәуекел және адреналин. Міне жастар соған қызығады. Біз сол заттарды жоюмен айналысамыз. Кейбір нашақорлар қалалы жерлердегі көпқабатты үйдердің айналасын тінтіп жүретіні содан. Тағы бір айта кетерлігі синтетикалық есірткі адамды тек физикалық емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан да тәуелді етеді. Себебі синтетикалық есірткіні тұтынған адамның эндорфин деңгейі қатты көтеріледі. Сол сәтті ол қайта сезінгісі келеді. Осылайша адамда тәуелділік басталады.
Өкінішке қарай, синтетикалық есірткіні тұтынатындардың басым бөлігі – жасөспірімдер. Еліміз бойынша зиянды затты тұтынатын адамның портретін қарайтын болсақ, ол – 17 жастағы қыз бала. синтетикалық есірткіні ұлдарға қарағанда көбіне қыздар тұтынады. Біз өз зерттеулерімізден тіпті 12-13 жастағы балалардың да синтетикалық есірткілерді тұтынатынын көріп жүрміз», - дейді Жандос Ақтаев.
ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТТЫҢ БІР КЕМШІЛІГІ...
Қор профилактикалық жұмыс кезінде әлі есірткі тұтынып көрмеген жастармен жұмыс істейді. Яғни зиянды әдеттің алдын алу шараларын жүргізеді. Жандос Ақтаев бүгінде жас буынның есірткіге әуестігін әлеуметтік саясаттың кемшілігімен байланыстырады.
«Жастарға әлеуметтік тұрғыдан бос уақытын пайдалы өткізетін инструменттер жоқ. Әрине бұл бағытта түрлі тәсілдер қарастырылған, мемлекет өз кезегінде үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Бірақ жастарды қызықтыру – басқа проблема. Бәлкім, әлеуметтік тұрғыдан ол тәсілдер пайдалы шығар, бірақ ол жастарға қызық емес. Бұл тұтынып көрмеген жастарға қатысты», - дейді ол.
Екінші тағы бір проблема – ата-аналардың өз балаларымен тең дәрежеде сөйлеспеуі. Жандос Ақтаев мұны менталитетпен байланыстырады. Бұл тұста аталған функцияны қор еріктілердің көмегімен жүзеге асырып отыр екен.
«Нашақорлыққа тәуелді болудың түрлі себептері бар. Ең көп таралған түрі отбасындағы психологиялық проблемалармен байланысты. Осы проблеманың алдын алу үшін ата-аналар өз балаларымен сөйлесуі керек. Біз мектептер мен ЖОО-да профилактикалық лекцияларды өткіземіз. Волонтерлер жастармен «Peer-to-peer» деп аталатын технология арқылы тепе-тең сөйлесіп, оларға объективті рационалды түрде нашақорлықтың зиянын түсіндіреді. Бұған дейін есірткіге қатысты қорқыту және үркіту техникалары жиі қолданылып келді. Бірақ ол қазір тиімді емес. Өкінішке қарай, жастарға әсер етпейді. Сондықтан да біз оларға «Сен есірткі тұтынып көруің мүмкін, оны ата-анаң білмейді дейік. Бірақ 2-3 жылдан кейін сен өмірмен қош айтысасың. Сондықтан да клубтарға барған кезде, саған сондай затты ұсынса, бас тартқаның жөн» деп түсіндіруге тырысамыз. Бұл рас статистика. Себебі синтетикалық есірткіге тәуелді адамның бауыры істен шыға бастайды немесе жүрегі тоқтап қалуы мүмкін. Бұл – ең негізгі екі фактор», - деді Жандос Ақтаев.
БҰЛ ЖҰМЫСҚА ВОЛОНТЕРЛЕРДІ ТАРТУ ҚИЫН
Қазір еліміздің тоғыз аймағында қордың өз штабтары бар. Осы жылдың соңына дейін барлық 20 өңірді қамту көзделіп отыр. Қазір ұйымға барлығы 200-ден астам волонтер тартылған. Олардың әрбірі тиісті дайындықтардан өткен.
«Біз оларды арнайы тренингтерден өткізгенбіз. Негізі бұл жұмысқа еріктілерді тарту қиын. Әрине біздің елде волонтерлік қозғалыс өте жақсы дамыған. Бірақ бұл бағытта спецификалық волонтерлерді тарту керек. Біріншіден, олардың психикасы мықты болуы тиіс. Күн сайын мұндай жұмыспен айналысуы қажет, тегін, бұл өте қиын. Екіншіден, кейбірі дәл осы жұмыспен айналысуға қорқады, нақтырақ айтқанда өз өміріне қауіп төне ме деп алаңдайды. Десе де бізде батыл жастар жетерлік, олардың критикалық ойлау деңгейлері өте жақсы дамыған.
Біз волонтерлерге Нетворкинг ретінде демеу береміз. Мәселен біздегі еріктілердің басым бөлігі студенттер. Олардың ішінде әсіресе құқықтану мамандығының студенттері көп. Олар болашақта құқық қорғау органдарында жұмыс істегілері келеді. Бұл жұмыс оларға практика ретінде көп септігін тигізеді. Ал психология мамандығының студенттері аддиктология, яғни тәуелділік мәселесін зерттегілері келеді. Демек, біз оларға осы бағыттағы адамдармен, мамандармен жұмыс істеп көруге мүмкіндік береміз. Бұдан бөлек, олармен түрлі тимбилдингтер өткіземіз. Софт скиллс және хард скиллс дағдыларын дамытуда да қолдау көрсетеміз», - дейді қор директоры.
Айта кететін жайт, «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қоры 2022-2023 жылдары БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Орта Азиядағы желісіне төрағалық етеді.
«Көрші Қырғызстан және Өзбекстан елдерінде бұл проблема енді ғана басталып жатыр. Қазақстанда неліктен ерте басталды десек, еліміздің жаһандандық саясаттағы байланысы басымырақ. Уақыт өте аталған елдерде де біздегі жағдайдың қайталануы бек мүмкін. Біз Еуропа елдерінің тәжірибесін бақылауда ұстаймыз. Нақты айтсақ, Шығыс Еуропадағы Польша, Украина елдері. Өйткені қазіргі біздегі есірткі эпидемиясы оларда 10 жыл бұрын басталып кеткен. Сондықтан да олардың бұл проблемамен күресудегі тәжірибелері бізге көмектесуі мүмкін», - деді Жандос Ақтаев.