Әкімдік отбасының жағдайы жақсы екенін айтты
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Күршім аулының тұрғыны Альфия Қырықбаева көпбалалы ана ретінде атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай отыр. Себебі комиссия мүшелері қорадағы өзгенің малын көпбалалы ананың табысы ертінде есептеп, көмектің болмайтынын жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бес баланың анасы Альфияның айтуынша, жолдасының да тұрақты жұмысы жоқ. Бір кездері қалаға да барып жұмыс іздеп көрген екен.
«Оның маусымдық жұмысы бар. Мектепте күзден көктемге дейін от жағады. Ал жаздыгүні басқа ешқандай табысымыз болмайды. Тек осы балалардың жәрдемақысына күн көріп отырмыз. Күйеуім бір кездері қалаға барып жұмыс істеп көрді. 40 мың теңге ғана тапты. Ол жақта да мардымды жұмыс жоқ. Қала мен ауылдың арасы шамамен екі сағат», - дейді келіншек.
Қазір Альфия бес баласына шамамен 60 мың теңгенің үстінде жәрдемақы алады. Айта кетейік, кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары бар немесе 23 жасқа дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға отбасы табысына қарамастан тұрақты көлемде жәрдемақы тағайындалады. Альфияның жағдайында 5 балаға 20,04 АЕК немесе 61 382 теңге беріледі.
Алайда Альфия Қырықбаева бұл қаражаттың жыртығын жамауға жетпейтінін айтады.
«Балалардың жәрдемақысы 60-65 мың теңгенің аралығында. Бірақ ол жетпейді. Коммуналдық төлемдер бар. Қазір бәрі қымбат. Киім алсақ, тамаққа жетпейді, тамақ алсақ, киімге жетпейді», - дейді ол.
Осылайша келіншек бүгінде мемлекеттің жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын тұлғаларға тағайындайтын атаулы әлеуметтік көмегін алуға ниеттенген. Бірақ әкімдіктен келген комиссия Альфияның бұл өтінішін қанағаттандырмапты.
«Қазір біз қайын ағамның үйінде тұрып жатырмыз. Оның малы бар. Біздің отбасымыздың ешқандай малы жоқ. Ол малдан біз ешқандай пайда көрмейміз. Комиссия келген кезде «малың бар» деп, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) бермейтіндерін айтты. Біздің тіпті өз баспанамыз да жоқ», - дейді Альфия.
60 мың теңгеге бес баланы асырап отырған отбасының жай-күйін естігеннен кейін, осы мәселе бойынша Күршім ауданы, Күршім ауылдық округінің әкімдігіне хабараластық. Алайда ондағылар бұл отбасыға қатысты өз деректерін айтты.
«Иә, олар расымен де қайын ағасының үйінде тұрады. Шындап келгенде оларда өте көп ірі қара бар. Сонымен қатар, олардың үйлерінен тыс жерде, жақын маңда кішігірім фермалары бар. Тиісінше, олар барлығы бір үйде тұрғандықтан мал-жайдың бәрі ортақ табыс ретінде есептеледі. Ол бөтен адамның үйі емес, олар туған бауырлар. Мал ағасының атында болғанымен, бір үйде тұрғандықтан ортақ саналады. Тіпті үйде зейнеткер болса, оның зейнетақысы да кіріске кіреді. Ал мал кіріс болып саналады. Міне, сол себептен бұл отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған жоқ. Егер олар барлығы үйді жалдап тұратын болса бір жөн, бәлкім ондай кезде басқаша есептелер. Бірақ Альфия жолдасымен бірге онда тегін тұрып жатыр», - деді Күршім ауылдық округі әкмідігінің іс басқарушысы Жанат Раисова.
Әкімдік өкілінің айтуынша, бұған дейін шамамен екі жыл қатарынан Альфия атаулы әлеуметтік көмекті алып отырған. Алайда комиссия келіншектің кезекті өтінішінен кейін тексеріске барған кезде отбасының жағдайы қанағаттанарлық болған. Тіпті кішігірім саудамен айналысатындарын да көрген екен.
«Мен Альфияға жеке үй алып, бөлек шығыңдар деп айтқанмын. Бізде көпбалалы отбасыларға үйлер салынып, беріліп жатыр. Олар бөлек шығып, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш жіберетін болса, онда тағайындалуы мүмкін. Бірақ олар өздері ол үйден көшкісі келмейді. Себебі олар онда мал асырап отыр, сол ірі қараны бордақылап сатады. Онда бір-екі ғана емес, кәдімгідей шамамен 20-дан асатын мал бар.
Альфия ауылдың да, ауданның да әкіміне барды. Біз барлығын заң аясында түсіндіріп бердік, себебін айттық. Олар тұрып жатқан үйдің жағдайы жақсы. Комиссия барған кезде олардың жем сататынын да көрген. Жұмысшы ретінде еш жерде тіркелмегенмен, істеп жатқан кішігірім шаруалары бар. Комиссия оның барлығын ескереді, себебі ол да кіріс. Бұдан бөлек, балаларына мектепте көпбалалы отбасыға берілетін көмектің барлығын алып отыр. Бұл отбасыға бастапқыда атаулы әлеуметтік көмек берілді, шамамен 2 жылдай уақыт алып отырды. Кейін тоқтатылды. Кей отбасылар бар жұмыс істеуші ретінде еш жерде тіркелмеген. Бірақ үйлеріне барған кезде олардың жап-жақсы өмір сүретінін көруге болады. Демек, оларда ақша бар деген сөз», - дейді маман.
Бүгінде Күршім ауданының орталығы Күршім ауылында шамамен 8 мыңнан аса тұрғын бар. Жанат Раисова «ауылда жұмыс жоқ» деген жалқаулардың сөзі дейді. Көбі мемлекеттің ақшасына өмір сүргілері келеді екен.
«Ауылда жұмыс бар, тек ниет болса болғаны. Бірақ ауылдың тұрғындары жұмыс істегісі келмейді. Мемлекеттің ақшасына өмір сүргісі келеді. Мен жұмыссыздарға әрдайым «жұмыспен қамту орталығына барыңдар» деп үгіттеймін. «Шынымен де жағдайларың қиын болса, жалақысы 60 мың теңгені құрайтын жұмысқа шығыңдар» деймін. Өздері ондай жұмысқа барғылары келмейді. Қыстыгүні қар, күзде жапырақ тазалау жұмыстары басталады. Бізге осындай жұмысқа адамдар керек. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызда жұмыс іздеп жүргендерге хабарландырулар көп. Бірақ тұрғындар ондай 60 мың теңгенің жұмысына шыққылары келмейді, өйткені оларда одан көп табыс бар. Олар тек мемлекеттен қосымша ақша алғысы келеді», - деді Жанат Раисова.