«Бурабайда қонақүйлер тәулігіне 50 мың теңге сұрайды»: ішкі туризм саласындағы қымбатшылықтың себебі неде?
Қазақстандықтар жақсы сервис пен демалыс үшін жиған қаражатын шетелге жұмсайды

Биыл инфляция көрсеткіші 14,5%-ға жетті. Осы ретте, азық-түлік пен жанар-жағармай бағасының қымбаттауы қызмет көрсету саласына, оның ішінде ішкі туризм секторына тікелей әсер етіп отыр. Қазіргі экономикалық-қаржылық жағдайды ескеріп, Қазақстанда демалу үшін турист орташа есеппен алғанда тәулігіне 100 доллар жұмсайды екен. Бұл сомаға тұратын жері мен үш уақыт тамақ құны кіреді.
Биылғы жазда туристік ныстандардағы бағаның қаншалықты қымбаттағанын және оның себебін, сервис деңгейін Azattyq Ruhy тілшісі анықтап көрді.
БИЫЛ ЖАЗДА ДЕМАЛЫС КҮНДЕРГЕ АРНАЛҒАН ТУРЛАР 10%-ҒА ҚЫМБАТТАҒАН
Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова Қазақстанда демалу үшін турист орташа есеппен тәулігіне 100 доллар жұмсайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл сомаға түрлі ойын-сауық бағдарламалары, шопингке кететін шығын кірмейді.
«Елдегі инфляцияның 14,5%-ға өсуімен қатар, бізде девальвацияның да көрсеткіші жоғары болып отыр. Теңгеміз күннен күнге әлсіреп жатыр. Әрине соған сай, азық-түлік бағасы, бензин құны және қызмет көрсету бағасы да қымбаттады. Ішкі туризм елдегі инфляцияға тікелей байланысты. Осы ретте, алдымен авиабилет құны айтарлықтай қымбаттағанын айта кету керек. Бұл елдегі негізгі транспорттың бірі екенін ескерсек, баға халықтың қалтасын қақса да, билетті сатып алуа мәжбүр. Еліміз бойынша орташа алғанда ұшу бағасы биыл жазғы маусымда 15-20%-ға өскен. Бұл өз кезегінде туристік шығындардың артуына себеп болып отыр», - дейді Рашида Шайкенова.
Оның сөзінше, бірінші кезекте қысқа мерзімге немесе демалыс күндерге арналған турлар 10%-ға қымбаттаған. Өйткені қонақүй мен шипажайлардың да шығыны артып отыр.
«Бағаның не үшін қымбаттап жатқаны түсінікті. Демалыс орындары үшін биыл шығын көлемі айтарлықтай артқан. Қазір бізде бәрінің бағасы қымбат. Соған қарамастан ішкі туризмді таңдайтындар саны жылдан жылға артып отырғанын көріп отырмыз. Қазір Қазақстанның ішінде демалатындар саны пандемияға дейінгі көрсеткіштен асып кетті. Бұған карантин кезіндегі шетелге шығуға қойылған шектеу қазақстандық туризмге оң ықпал етті деп айтар едім. Бірақ қазір жағдай қайта қалпына келді. Шетелдік туристік орындар үзіліссіз қызмет көрсетуге дайын.
Осы ретте отандық туристік компаниялар демалушыларды өзімізде «алып» қалу үшін сервис жағын жетілдіру, шетелдік әріптестерімен бәсекелесе алуға акцент беру керек. Өйткені, бағаның қымбат болуы, қызмет сапасының соған сай болмауы, сервистің жоқтығы салдарынан туристер ағынынан айырылып қалуымыз мүмкін. Осы ретте, бағаны қымбаттатқан туристік аймақтар сапа жағына да расымен «екі білекті түріп қойып» кірісуі керек. Бұл тізімге транспорт мәселесі, туристік қызметкерлердің білім-біліктілігін арттыру мәселесін де қосуға болады», - деді ол.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЖАҚСЫ ДЕМАЛЫС ҮШІН ЖИҒАН ҚАРАЖАТЫН ШЕТЕЛГЕ ЖҰМСАЙДЫ
Белгілі болғандай, бізде Шымбұлаққа келетін туристер басқа бағыттарда демалушыларға қарағанда көбірек төлейді. Себебі, таудағы шаңғы туризмінің жалпы бағасы қымбат. Ал эко-туризмді таңдайтындар шатырда түнеуді немесе hostel-ді таңдайды. Бір қызығы, Батыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстандық туризм керісінше, арзандап кеткен. Өйткені, девальвация көрсеткіші жоғары болып отыр. Яғни, теңге құнсызданғандықтан олар үшін біздің туризмге кететін шығын басқалармен салыстырғанда арзан болып көрінеді.
«Расымен, қазақстандықтар өзіміздің туристік нысандарда демалғанан гөрі, Египет пен Түркияда уақыт өткізгенді артық санайды. Біздегі баға, шетелдік турлармен бірдей, ал сервис деңгейі төмен. Биылғы статистикадан қазақстандықтар көбіне қысқа мерзімде демалысты таңдайтынын көріп отырмыз. Ал ұзақ мерзімді демалысты жоспарлағанда шетелдік туристік нысандарға таңдау түсіп отыр. Бұл тенденция алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Тек біздегі туристік нысандар бағамен қатар, сапаны да арттыруға мән беруі керек. Ішкі туризмде мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдауға, квалификациядан өтуге назар аударған жөн», - дейді Қазақстан туристік қауымдастығының директоры.
Оның пікірінше, бәсекелестік артқан кезде, сұраныс жоғарылайды, сапа жақсарады. Егер туризм саласындағы кәсіпкерлік сектор қызмет көрсету сапасын арттыруға көңіл бөлмейтін болса, алдағы уақытта да ішкі туризм «жетім баланың күйін кешеді».
«Қазақстандықтар жақсы сервис пен демалыс үшін жиған қаражатын шетелге жұмсайды. Бізде сервиспен қатар, қордаланып қалған әжетхана мәселесі, қоқыс тастайтын орын, мобильді байланыстың дұрыс ұстамауы, инфрақұрылымның дұрыс дамымауы сияқты шешілу тиіс бағыттар бар. Мемлекет тарапынан берілген көмекті бизнес дұрыс пайдалануы керек», - дейді қауымдастық директоры.
АЛАКӨЛДЕГІ ҚОНАҚҮЙ БАҒАСЫ 45-56%-ҒА ҚЫМБАТТАҒАН
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметі бойынша былтыр Қазақстанда ішкі туристер саны 50%-ға артып, жергілікті демалыс орындарына барғандар саны 7 млн-ға жеткен. Оның ішінде ұлттық саябақтар – Іле-Алатау, Көлсай, Шарын ұлттық парктеріне келушілердің еселеп өсуі байқалады. Биыл болса, ішкі туризмді дамытуға 1 трлн теңге бөлінді. Десе де, бұл қаражат саладағы қымбатшылықты «ауыздықтай» алмай отыр.
Биыл жазда Алакөл ел ішіндегі ең танымал бағыт болып отыр. Жетісу өңірі тарапынан 208 нысан қонақтарды қабылдауға дайын. Биыл жазда Алакөл жағалауына 400 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Туризм саласының сарапшысы Лаула Жұмағалиеваның айтуынша, Алакөлде демалушылардың саны жылдан жылға көбейіп келеді.
«Бұл туристік аймақта демалушылар үшін түрлі демалыс аймақтары, қонақүйлер мен шипажайлар орналасқан. Жыл сайын млн-ға жуық турист қабылдайтын туризм саласында баға да айтарлықтай өскен. Оның себебі – азық-түлік, транспорт, жөндеу мен тасымалдау шығындары артқан. Алматы облысы Ақши ауылындағы Алакөлдің жағалауында орналасқан «Фортуна» демалыс аймағында былтыр бір күнге демалу құны 7-9 мың теңгенің арасында болса, биыл 12-15 мың теңге аралығында. Дәл сондай «Самрұқ», «Малика» демалыс кешендерінде 2021 жылғы баға 7-11 мың теңге болса, биыл 12-16 мың теңге шамасында болып отыр. Алакөлдің Шығыс Қазақстан бөлігіне тиесілі жағында баға салыстырмалы түрде қымбатырақ. Былтыр 6-16 мың теңге арасы болса, 2022 жылы 8-22 мың теңге аралығында болып отыр. Жалпы алғанда Алакөлдегі қонақүй бағасы салыстырмалы түрде 45-56%-ға қымбаттады деп айтуға болады», - дейді сарапшы.
ДЕМАЛУШЫЛАР АЛАКӨЛГЕ ЖЕТЕ АЛМАЙ ОТЫР
Бұл ретте, бағаның қымбаттауына туристік агенттік иелерінің өз айтары бар. Турагенттік директоры Мира Қасымқызының сөзінше, азық-түлік бағасы мен коммуналдық қызметтің қымбаттауы туризм саласында да қызмет көрсету құнының өсуіне әсер етіп отыр.
«Менің туристік агенттігім Алакөлдің Шығыс жағына келуші туристерді қабылдайды. Биыл «Қазақстан темір жолы» компаниясымен келісім жасадық. «Тұлпар-Тальго» пойызы Алматы-Достық бағыты арқылы жүретін болды. Бұл біз үшін жақсы жаңалық. Биыл жазға дейін рейстер болады деп уәде берген еді. Бірақ ол орындалмай отыр. Үржардағы аэропорт былтыр жөндеуге жабылған. Биыл ашылатын түрі жоқ. Пойыз билетінің бағасы 3 мыңнан бастап 25 мыңға дейін барады. Кім ерте билет алып қойса, соған арзанға түседі. Сәйкесінше, кім кеш алса, соған байланысты баға да қымбат болады», - дейді ол.
Оның сөзінше, жалпы алғанда туризм саласында баға 10-20%-ға қымбаттады деп айтуға болады. Алакөлде орташа алғанда бір адамға бір тәулікке люкс номерді 14 мың теңгеге жалдауға болады. Бұл сомаға 3 уақыт тамақ кіреді.
«Кәсіпкер ретінде айтарым, көптеген турист ағынын қабылдауға дайынбыз, тек бізді аяқтан шалатыны логистика мәселесінің дұрыс болмауы. Пойыз болғанымен, оларда да орын саны шектеулі, ұшақтың түрі анау, жеке көлікпен барайын десе, жолдың жайы жетісіп тұрған жоқ. Әсіресе, елордадан келіп демалғысы келетіндер көп, бірақ логистика мәселесіне байланысты демалушылар Алакөлге жете алмай отыр. Ал жағажайда қонақүй мен демалыс орындары жеткілікті. Бұл жағынан ешқандай қиындық жоқ деп ойлаймын. Тек интернет байланысы дұрыс болмай тұр. Биыл Beeline-ның телемұнарасын орнатқан болатын. Бірақ дұрыс істемей тұр. Десе де, өткен жылмен салыстырғанда «жоқтан бардың» күйін кешіп отырмыз», - дейді кәсіпкер.
Оның сөзінше, пандемиядан кейін қымбат тур сатып алатындардың қарасы сиреп қалған. Соған қарамастан люкс нөмір алатындар көп. Қаржылық деңгейі ортадан жоғары отбасылар демалысқа бюджетінің бір бөлігін арнайды.
«Алакөлдегі конақүйлердің ең қымбат нөмірі тәулігіне 40 мың теңгеден басталады. Ең арзаны – 8 мың теңге», - дейді Мира Қасымқызы.
БІЗДЕГІ ТУРИЗМ САЛАСЫНДА СЕРВИС МӘСЕЛЕСІ АРТТА ҚАЛҒАН
Қазақстандық демалыс нысандарында баға қымбаттады десек те, арзан әрі қолайлы орындар мүлдем жоқ деп айтуға болмайды. Биыл жазда отбасымен «Зерен» шипажайында демалған Төлен Тілеубайдың айтуынша, бағасы арзандау әрі көңілден шығатын демалыс орындарын табуға болады.
«Зерен» шипажайында қызмет көрсету сапасы көңілімнен шықты. Бағасы да аса қымбат емес. Табиғаты тамаша. Қарағайлы орманда серуендеп, жылы әрі таза суға шомылатын тапсырмас орын. Демалыс кезінде адамға ең керегі тыныштық десек, Зеренді нағыз жанға жайлы демалыс орындарының бірі дер едім. Демалыс орнындағы қызметкерлер ана тілінде сөйлеседі, қажет нәрсенің барлығын дұрыстап түсіндіреді. Барлық мезгілде қызмет көрсету үзілмейді. Жазда орманның ішінде саяхаттауға, қайыққа отыруға болады. Кеңес кезінен бері келе жатқан «Зерен» шипажайының сол уақыттағы емдік шаралары қазір де сұраныста. Біз ортаңқол отбасы болғандықтан қонақүйді таңдадық. Қонақүй бағасы адам басына есептегенде – 12 мың теңге», - дейді Төлен Тілеубай.
Оның айтуынша, бұл сомаға үш уақыт ас және 2-3 емдік шара мен спортпен шұғылданатын тренажер залы, бассейн де қоса есептелген. Мұндай баға қазір басқа демалыс орындарында жоқ. Бурабайдағы қонақүйлер 1 тәулікке 1 адамға 50 мың теңге сұрайды.
«Әркімнің талғамы әртүрлі. Осы ретте, Зерендіде бағасы қымбаттау коттедж үйлерді де жалдауға болады. Оның бағасы 40 мыңнан басталады. Бір артықшылығы мұндай үйлерде барлық жағдай жасалған. Мен бұған дейін Қазақстанның әртүрлі демалыс нысандарында болдым. Мысалы, Балқашта сервис жағы ақсап тұр. Көлдің жағасында екі-үш жерде ғана дәретхана бар. Ол жерде адам лық толған кезде, ұзын-сонар кезек пайда болады. Одан кейін демалысты Бурабай мен Жасыбайда өткіздік. Онда да бағасы қымбат орындарда қызмет көрсету жағы жақсы болғанымен, арзандау қонақүйлердің сервис жағы төмен деңгейде», - дейді демалушы.
Оның сөзінше, қазір біздің туризм саласында сервис мәселесі артта қалған. Бұған қоса, ас дайындау және қауіпсіздік мәселесі көңілден шығатындай деңгейде емес.
«Туризм дегеніміз мәдениет қой. Осыдан 3 жыл бұрын демалысты Түркияда өткіздік. Сонда кез келген түрік азаматы туристерге қолдан келгенше көрмек көрсетуге дайын екеніне көзім жетті. Түрікше түсінбеген туристке орысша түсіндіреді. Қайткенде де сізге керек дүниені көрсетіп, айтып, түсіндіруден жалықпайды. Ал бізде туристік нысандар ақшаны алып алғаннан кейін өзің қонақүй әкімшілігінің артынан керек нәрсеңді ала алмай жүгіріп жүресің. Бастапқыда демалыс орнындағы қызмет көрсетушелер «бізде бәрі бар» деп айтады да, іс жүзінде ақшасын төлеп қойғаннан кейін ешқандай жағдай жасалмағанын көреміз. Бізде жазғы маусымды пайдаланып «ақша жасап қалу» деген түсінік қалыптасқан. Келушілердің көңілінен шығу, дұрыс демалыс ұйымдастыру, келген клиенттер қайтып келетіндей жақсы әсер қалдыру сияқты мәселелерге демалыс орындарының қожайындары бас қатырғысы келмейді. Сол үшін бізде жақын арада туризм айтарлықтай дамып кетеді деп айта алмаймын», - дейді Төлен Тілеубай.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының мәліметінше, биыл отандық туристер саны 6 миллион адамнан асады деген болжам бар. Турист саны артқанымен, логистика және сервис мәселесі жылда алдымыздан шығатын проблемаға айнылды. Салаға жауапты «Kazakh Tourism» компаниясы мен Мәдениет және спорт министрлігі бұл мәселелерді шешуге қатысты нақты қандай жұмыс атқарып жатқаны ашық емес.