$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.02.2020, 17:04
Қоғам

«Сен мәңгүртсің» – аудан әкімі атыраулық белсендінің сөзіне пікір білдірді

Әлеуметтік желіде Атырау облысы Исатай ауданының әкімі Марат Мұрзиевтің халыққа есеп беру жиналасындағы ауыл тұрғынының мінбердегі сөзі тарап кетті

«Сен мәңгүртсің» – аудан әкімі атыраулық белсендінің сөзіне пікір білдірді
фото: Исатай ауданының әкімі Марат Мұрзиев

Беркін Садықов есімді Facebook қолданушысы жариялаған видеодағы азаматтың есімі Сағатбай Қапенов. Ол аймақтың экология мәселесін көтере отырып, арасында әкімнің қазақша дұрыс түсінбейтінін сынаған.

«Біз қамысты өртеуіміз керек. Одан кейін көк құрақ шығады. Балапан, жан-жануар аман қалады. Мен саған айттым, бірақ түсінбедің. Сенің мәңгүрт екеніңді осыдан білдім... Себебі мынадай жерде жылқы ұстауға болмайды. Экология бүлініп жатыр. Маусымдық шөпті жеп қояды.

Бір кемпір екі бұзаулы сиырын асырай алмай отыр. Каналға су айдағанның мәні жоқ. Жылқыны тау жаққа айдау керек. Экологияны «катастрофаға» ұшыратамыз. Ертең ауру осы қамыстан шығады. Осыны айтсам, түсінбейсіңдер. Ноғаев кетті, құлақтан теуіп. Сен келгенде айттым: Алаштың азаматының бөтендігі жоқ, қош келдің елге. Дұрыс жұмыс жаса. Бірақ сен қазақша білмейсің, мәңгүртсің», - деген ол.

Мәселенің мән-жайын білу үшін Исатай ауданы әкімі Марат Мұрзиевке хабарластық. Әкім өз ойын қазақша жеткізе алатынын, бірақ мектеп пен жоғары оқу орнын орысша бітіріп, орыс тілді ортада өскенін түсіндірді.  

«Мен енді орысқол азаматпын. Кезінде мектепті орысша бітірдім, балабақшаны, институтты орысша бітірдім. Білмеймін енді. Кісілермен сөйлескенде өзімнің ой-пікірімді жеткізе алам. Мені енді экзаменнен өткізіп, жұмысқа алды ғой. Жұмыс жасауға ол кедергі емес сияқты», - деді М. Мұрзиев.

Аудан басшысы белсендінің көтерген мәселесін орынсыз деп бағалайды.

«Ол кісі өмір бойы сол бір-екі мәселені көтере береді. Сол қамыс өртеуді айтады. Мәселесі орынсыз. Себебі Каспий теңізін білесіздер ғой, ерекше қорғалатын аса маңызды жер. Үлкен кісі ғой. Облыс бойынша оны бәрі таниды. Осы ауданда үш жылдан бері жұмыс істеймін, содан бері бір проблеманы айтып келеді», - деген пікір білдірді әкім С.Қапеновтың сөзіне қатысты.

Айта кетейік, Исатай ауданының әкімі Марат Мұрзиев 1981 жылы Ақтөбе қаласында туған. Қазақ гуманитарлық-құқықтық университетін, Т.Рысқұлов атындағы жаңа экономикалық университетін бітіріп, Атырау облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары, облыстық ревизиялық комиссияның төрағасы қызметтерін атқарған. 2017 жылы Исатай ауданының әкімі болып тағайындалды.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары