Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұқарбай Парманов мәлімдеді
Шымкентте көпқабатты үй тұрғындары жан басына шаққанда қоқысқа 150 теңгеден, ал жекеменшік үйдегілер 176 теңгеден төлейді. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында бұл тарифтер өте жоғары. Нұр-Сұлтанда көпқабатты үй тұрғындары жан басына шаққанда 259 теңгеден, жеке үйдегілер 276 теңгеден төлесе, Алматыда 1 адамға 553 теңгеден (көпқабатты тұрғын үй) және 555 теңгеден (жеке) келеді.
Төмен баға мердігер мекемелердің қалтасына салмақ салып, нәтижесінде 8 мекеме қызметінен бас тартыпты. Алайда, қала басшылығы қоқыс бағасын көтеруді көздемей, бұл мәселені шешудің өзге де жолдарын қарастырып жатыр екен.
«Бүгінде Шымкентте қоқыс тастайтын 2076 контейнердің тозығы жеткен. Оларды алмастырмаса болмайды.Осыған байланысты 2020 жылға қарай жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып отыр. Сонымен қатар, қоқыс жәшіктерін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инвестиция тарту арқылы жаңарту көзделіп отыр. Қоқыс тасымалдайтын техникамен қамтамасыз етудің жобалары жасалды. Оны жүзеге асыратын мердігер мекеме де анықталып отыр. Енді бюджетке салмақ салмай, сол мердігерлер есебінен осы жұмыстарды атқарамыз. Бұл жұмыстардың мердігерлерге тиімділігі – қоқысты қайта өңдеу арқылы энергия өндіріп, пайда таба алады», - дейді Бұқарбай Рысқұлұлы.
Бүгінде шымкенттіктер үшін Шымкент-Ташкент тас жолы бойында 1 ғана қоқыс полигоны бар. Алайда, бұл полигон қаладан бір тәулікте шығатын қоқыс көлеміне шақталмаған, яғни көлемі жағынан айтарлықтай шағын. Сол себепті, салаға жауапты мамандар Алматыға шығатын жол бойынан тағы 2 қоқыс полигонын салуды жоспарлап отыр. Бұл жерде жекеменшіктің қолына өтіп кеткен жер телімдері мемлекет меншігіне өтіп, орнына қоқыс полигондары салынады. Оның бірі тұрмыстық қалдықтарға арналса, екіншісі құрылыстан қалған қоқыс үшін. Екі полигонның жобалық сметалық құжаттарын дайындауға қазынадан 550 млн теңге қаралған екен. Полигонның маңайы қоршалып, абаттандырылатын болады.
Шымкентті көгалдандыру жалғасын таппақ...
Келер жылы қала келбетін жақсарту мақсатында да атқарылатын біраз жұмыс жоспарда бар екен. Мегаполис аумағында 7 млн түп ағаш пен гүл көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр.
«Ерлан Қуанышұлы (Шымкент әкімі – авт.) қалаға кіреберістегі 4 бағытты абаттандыру жөнінде тапсырма берді. Жобалары бекітіліп, анықталды. Бірінші бағыт – Түркістан қаласынан кіреберістегі 5 шақырым жолға 100 мыңнан астам көшет егу жұмыстарын бастадық. Жерді тегістеп, көшеттерді суғаратын ұңғымалар қазып, айналасын абаттандыратын боламыз. Екінші бағыт – Бозарық арқылы Алматыға кететін жол бар. Ол жерде 8 шақырым жерді белгілеп алдық. Ол жаққа да көшет, ағаш егуді бастаймыз. Үшінші бағыт – Ташкент тас жолының бойы. Төртінші бағыт – Төлеби ауданына апаратын жолдың бойы. Барлығы да көгалдандырылады», - дейді Бұқарбай Парманов.
Сонымен қатар, биыл Шымкенттегі А.Байтұрсынов көшесі бойынан құны 47 миллион болатын саябақ ашылды. Енді 2020-2021 жылдары дәл осындай 37 саябақ ашу жоспаланып отыр. Келер жылы қалада 10 үлкен саябақ қолданысқа беріледі деген жоспар бар.
Сондай-ақ, қала билігі 249 көшені жарықтандыруды көздеп отыр, осы мақсатта қазынадан 2,5 млрд теңге қаржы сұралған. Егер үкімет бұл соманы мақұлдаса, қалаға кейін қосылған елдімекендер мен жаңа шағынаудандарға электр бағандары орнатылым, сым тартылады. Аталған аймақтарда әліге дейін көше шамдары жоқ.
Шымкент қаласының 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы атануына орай, қалада тез көгеретін роза, раушан гүлдерін егіп, шынар, туя, прион ағаштарын егу жоспарланып отыр.
«2019 жылы абаттандыру және қаланың инфроқұрылымын дамыту бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Дегенмен, қаржының тапшылығына байланысты, біраз жұмыстарымыз тоқтап қалды. Келер жылы атқарылатын жұмыстардың жобалары бекітіліп, қаржысы анықталды. Қазынадан тиісті қаржы бөлінсе, атқаратын боламыз. Алдағы үш жылда жоспарды 99 пайызға орындауды көздеп отырмыз. Әрине, оның барлығы мемлекеттік бюджет есебінен емес, көптеген жобаларды инвесторлар арқылы қаржыландыруды ойластырып отырмыз», - деді қала әкімінің орынбасары.
Еске салайық, 2018 жылдың маусым айында Президенттің Жарлығымен Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлініп, республикалық маңызы бар үшінші қала мәртебесін алған болатын. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан болып өзгеріп, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілген. Содан бері Шымкенттің шекарасы кеңейіп, қалаға жақын жатқан елдімекендер қосылды, халқының саны артты. Қалада төртінші аудан – Қаратау ауданы пайда болып, шетте орналасқан шағынаудандарды дамыту, ондағы халықтың әлеуетін арттыру мәселесі қолға алынды.