$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.10.2019, 16:00
Қоғам

Даниал Ахметовтың Жақсылық Омардың жұмысына көңілі толмайды

Облыс басшысы Өскемен қаласында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысып, көңілсіз қайтты

Даниал Ахметовтың Жақсылық Омардың жұмысына көңілі толмайды
Фото: ШҚО әкімінің парақшасынан

Облыс әкімдерінің әлеуметтік желілердегі парақшаларына шолу жасауды жалғастырамыз. Желіде белсенді әкімдердің бірі - ШҚО басшысы Даниал Ахметов. Жақында облыс басшысы Өскемен қаласында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысып, көңілсіз қайтты. Себебі, құрылысқа жауапты мердігер компаниялар да, оны қадағалайтын қалалық әкімдік те өз міндеттерін орындауда осалдық танытып отыр.

Нақтырақ айтсақ, 1 қазанда ШҚО әкімі облыс орталығындағы құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралап, 113/1-113/8, 58/2а, 60а және 63а позицияларын тексерді.

«ВК Техногрупп» ЖШС, «Service СМУ» ЖШС мердігер мекемелері атқарып жатқан жұмыс қанағаттанарлықсыз. Сонымен қатар, қалалық әкімдік те өз міндетін нашар орындауда. Әлі күнге дейін бұл нысандарды қолданысқа беру үшін тиісті шара қолданылмаған. Желтоқсанның соңына дейін бұл нысандардың құрылысы аяқталуы тиіс. Бұл соңғы мерзім», - деп жазады облыс басшысы.

Егер әкім жариялаған фотоларға үңілсеңіз, салынып жатқан тұрғын үйлердің жақын арада аяқталатыны байқалмайды. Ал, облыс басшысы құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауға уақыт берді. Алдағы уақытта күннің суитынын және құрылыс кезінде ауа райы өзгерістеріне байланысты сақтайтын ережелері болатынын ескерсек, қала әкімдігі жыл соңында облыс басшысы түсірген шағымға лайықты жауап бере алмауы ғажап емес. Немесе, қала әкімі Жақсылық Омар облыс басшысы белгілеген меже бойынша нәтиже көрсетемін деп, Өскеменнің аумағын кезекті бір сапасыз үймен толықтыруы мүмкін.

Шығыстағы мәселелерді назарынан тыс қалдырмайтын FACTUM сайты да қаладағы құрылыс жұмыстарына алаңдаушылық білдіріп отыр. Сайттың жазушынша, әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында Өскеменде бой көтерген баспаналардың сапасы сын көтермейді.

«Қала тұрғындары үйлердің салқын екендігін, мердігерлер қойған пластикалық құбырлардың не ыстыққа, не суыққа төзбейтінін, күн жауса үй іші су, ал сыртында жарықшақтар пайда болатынын айтып, жиі шағымданады», - деп жазады factum.kz.

Аталмыш редакцияның жазуына қарасақ, қала әкімдігі бақылауға алмағандықтан, мердігер компаниялар үйді тапсырып болғаннан кейінгі міндеттерін толық орындамайды.

Серіктес жаңалықтары