СҚО-да ауыл тұрғындары көлдің суын ішіп отыр

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Құбыр құрылысы басталып, соңына жетпей тоқтап қалған

Петропавл қаласының іргесінде орналасқан Виноградовка ауылының тұрғындары тіршілік нәрін көлден тасып отыр. Былтыр елді мекен орталық су жүйесіне қосылуы тиіс болатын. Алайда басталған жұмыс аяқсыз қалды. Сапалы ауыз суды күте-күте өзегі талған көпшілік ел іргесіндегі көлді жағалауға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«КӨЛДІҢ СУЫН 5 РЕТ ҚАЙНАТАМЫЗ...»

Қызылжар ауданындағы Виноградовка ауылының тұрғындары таза ауыз суды сарыла күткендеріне биыл 15 жылға жуықтаған. Көпшіліктің айтуынша осы уақыт аралығында әкімдік құрғақ уәде берумен ғана шектеліп келеді. Бірақ тындырылған нақты іс жоқ. Өткен жылы елді мекенге орталықтандырылған су құбырын тарту жұмыстары басталды. Көпшіліктің сөніп бара жатқан үміті қайта жалт еткендей болғанда процесс тоқтап қалды.

Елді мекенде 480 адам тұрады. Басым көпшілігі – зейнеткерлер. Шамасы жеткендер арба, флягамен, жетпегендері бөтелке, шелекпен күні бойы көлден су тасиды.

«Біздің ең басты проблемамыз – таза су мәселесі. Адам ыңғайлы, жайлы өмірге де, қиындыққа да төзіп, еті үйреніп кетеді екен. Біз үшін қысы-жазы көлден су тасу – үйреншікті жағдайға айналғандай. Бұл шаруаны кәрі де, жас та істейді. Үйге әкелген суды бірнеше рет сүземіз. 5 рет қайнатып, суытып ішеміз. Басқаша жасау мүмкін емес. Ол көлден ит-құс та, мал да су ішуі мүмкін. Ауылда құдық бар. Бірақ оған ешкім жоламайды. Құрамын да тексерген жан жоқ. Суды алюминий ыдысқа құйып алсаң, іші аппақ болып қалады. Себебі оның құрамы металлды да біртіндеп ыдыратып жібереді. Су – тіршілік көзі деп тегін айтылмаған. Ыдыс жусаң да, монша жақсаң да, тамақ пісірсең де су керек. Бәріне көлден пайдаланып отырмыз. Қазір айдын тартылып барады. Сәйкесінше ластана бастады. Судың жоқтығы өте қиын. Соның салдарынан күйеуім бүйрегінен айрылды. Сап-сау адам мүгедек атанды. Қазір оны кімнен сұрайсың», - дейді Виноградовка ауылының тұрғыны Клавдия Акимова.

ҚҰБЫР ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛЫП, СОҢЫНА ЖЕТПЕЙ ТОҚТАП ҚАЛДЫ

Осыдан 13 жыл бұрын ауылда жергілікті су құбыры болған, бірнеше құдық жұмыс істеген. Бірақ уақыт өте қондырғылар жарамсыз болып қалған. Жоба бойынша өткен жылы басталған орталықтандырылған су құбырының ұзындығы – 14 шақырым. Оның 3 километрі тартылғаннан кейін жұмыс тоқтап қалған. Қазір мердігерлердің қарасы да көрінбейді.

«Өткен жылы құрылыс жұмысы қызу басталды. Өзіміз таң қалып, қуанып жүрдік. Бірақ ол ұзаққа бармады. Жұмысшылар қажетті материалдар мен құбырларды жеткізді. Бәрін өлшеп, жұмысты бастап кетті. Тіпті біздің үйдің қоршауында құрылысшылардың жазып кеткен «100» деген жазуы да бар. Содан кейін жұмыс күрт тоқтап қалды. Биыл көктемде құбырларды қайта алып кетті. Біз аузымызды ашып қала бердік. Олардан қалған жұмыс сол күйі аяқталмастан орнында жатыр», - дейді ауыл тұрғыны Татьяна Кузьменко.

ЖҰМЫС ҚАШАН ҚАЙТА ЖАНДАНАТЫНЫ БЕЛГІСІЗ

Жобаға тапсырыс беруші – Су ресурстары комитеті. Олар мердігер «Қазбайлық-Астана» компаниясымен келісімшартты бұзған. Себебі шаруалар сапасыз әрі баяу жүргізілген. Яғни мердігер жобаға бөлінген 6 миллиард теңгенің тек 612 миллион теңгесін ғана игерген. Бұдан басқа да бірнеше олқылықтар анықталып отыр. Сондықтан жобалық-сметалық құжаттарға түзетулер енгізілді. Дегенмен құрылыс жұмыстары қашан жанданып, ауылға таза су қай кезде келетіні әлі де белгісіз.

«Ауылға үш шақырым құбыр тартылды. Одан кейін сот процестері басталып кетті. Содан бар жұмыс тоқтады деуге болады. Себебі техникалық құжаттар дұрыс болмай шықты. Негізінен бұл жоба 2010 жылы жасалған. Одан бері көп нәрсе өзгерді. Тіпті жазық жерде шағын орман пайда болардай уақыт өтті», - дейді Виноградовка ауылдық округінің әкімі Әділбек Есендіков.

Жалпы биыл өңірде сумен жабдықтау желілерін қайта құру мен салуға ел қазынасынан 12,3 миллиард теңге жұмсалмақ. Бұл қаражатқа 55 ауылдағы 2 мыңнан астам үйді орталық сумен жабдықтау желісіне қосу жоспарланып отыр. Ал Виноградовка ауылы тұрғындарының мәселесі қашан шешімін табатыны беймәлім.

Солтүстік Қазақстанда ауыз су – өзекті проблемалардың бірі. Мәселен Шал ақын ауданына қарасты бірнеше ауылдың тұрғындары радиоактивті заттармен уланған құдықтағы суды тұтынуға мәжбүр. Өйткені елді мекенде шаруашылыққа пайдаланылатын тіршілік нәрінің басқа көзі жоқ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті бұл мәселені шешу үшін бюджеттік өтінімдер Қаржы министрлігіне бірнеше рет берілгенін, бірақ қаражат жеткіліксіздігіне байланысты ақша қарастырылмағанын хабарлаған. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде бұл су көздері 12 жылдан бері бақылауда. Ондағы тіршілік нәрі шынымен ешқандай нормаларға сәйкес келмейді. Бірнеше жыл бойы судан таршылық көріп отырған тұрғындар балаларының денсаулығына алаңдайды. Дегенмен құзырлы органдар түйіткілді мәселенің түйінін табатынына әлі де үмітті.