«Бағасы 250-300 мың долларға дейін баратын қабірлер бар»: имам жерлеу рәсіміндегі ысырапшылық туралы айтты
Қабір орнатарда ысырапқа жол беру қаншалықты орынды

Нұр-Сұлтан қаласының маңайындағы зираттарда құны 40-50 млн теңге болатын қабірлер көп. Бұл туралы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Саят Серікұлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Оның айтуынша, бізде 30 жылдың ішінде жерлеу мәдениеті мен ережесі әлі қалыптаспаған.
«Мысалы Еуропада қабір басына тас қояды, газон төсейді, әр қабірдің өз белгіленген номері бар, теп-тегіс, жан-жағы тап-таза. Сырттай қарасаңыз, артық ешнәрсе жоқ. Ал бізде біреулер қабірді 4-5 метр көтерсе, енді бірі сыртын да қоршамайды. Енді бірі ағаш егеді, енді бірі құрылыстан кейінгі қалдықтарын жан-жаққа лақтырып кетеді. Қабірлердің арасында жүретін жол жоқ. Осының бәрі жүйенің, белігілі бір тәртіптің жоқтығын көрсетеді. Алдағы уақытта «Қамқор-шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының зират орнатуда жалпыға ортақ тәртіп бекіту туралы жоспары бар. Негізі зираттың өзі қоршалған болса, оның ішінде құрылыс жүргізіп қажеті жоқ, таспен шектелсе де жетеді. Я болмаса, қарапайым құрылыс жүргізумен шектелуге болады», - дейді С. Серікұлы.
Оның айтуынша, бізде қайтыс болған кісіге қабірді мрамор мен граниттен салатындар бар.
«Бағалы материалдардың қайтыс болған кісіге ешқандай пайдасы жоқ. Бізде қабір салу бәсекеге, мақтанға айналып кетті. Тіпті бағасы 250-300 мың долларға дейін баратын қабірлер бар. Астананың маңайында құны 40-50 млн теңге болатын қабірлер көп. Бұл бірінші кезекте үлкен ысырап. Одан да бұл қаражатқа кедейлердің баспана мәселесін шешуге болады. Осы жақсылықтың сауабы қабірге барады. Шариғатта марқұмның атынан жақсылық жасау құптарлық іс екенін айта кеткім келеді», - дейді наиб имам.
Оның сөзінше, Дағыстан, Өзбекстан, Дубай, БАӘ, Кавказ елдерінде біздегідей зәулім сарай сияқты қабір көтермейді. Тек басына тас қоюмен шектеледі, зираттар қоршалады.
«Тағы бір мысал, Түркияда қабір орнату заң аясында шешіліп қойған. Бай болсын, кедей болсын, әйел болсын, еркек болсын барлығына бірдей бекітілген өлшем бар. Мысалы қабірдің биіктігі 90 см, ұзындығы 2 метр, ішіндегі шаршы метрі 80 см болады. Қабірді бұлай өлшеудің бір пайдасы адам жерлейтін орын тез толмайды. Жерге үнем болады. Біздегі проблеманың бірі адам жерлеуге арналған орындар тапшы. Өйткені әркім өз білгенінше салып жатыр. Біреуі 5 метр жер алса, енді бірі 50 метр жер алды. Зират салатын орынды әкімшілік белгілейді. Ондай орындар 5-6 жылдың ішінде толып қалады. Егер зиратта ірі құрылыс жүрмегенде, жерлейтін орындардың жартысы бос болар еді», - дейді С. Серікұлы.
Павлодар облысының бас имамы, Жолдас Бертымұратовтың айтуынша, зиратты зәулім сарай, биік мұнара етіп тұрғызбас үшін шариғатқа сәйкес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы зират салуды реттеу мақсатында Қамқор шарапат орталығын ашты.
«Оны ашудағы мақсат – халық арасында зират тұрғызу мәдениетін қалыптастыру. Бізде зиярат және зират деген құжат қабылданды. Онда зиратты қалай тұрғызу керек және зиярат еткен кезде қандай әдеп сақтау керектігі жазылған. Ең маңыздысы қабір орнатудағы ережелер қамтылған. Оны білу аса маңызды. Бір аятта Алла Тағала «ішіңдер, жеңдер бірақ ысырапшылдыққа жол бермеңдер» дейді. Осы ретте, ысырапшылдық біздің дінде құпталмайды. Осыны имамдар халық арасында түсіндіріп жатыр. Қазақ – әруақ сыйлаған халық. Бірақ сыйлаудың жөні сол екен деп ысырап жасау, жарысып зәулім зират салу дұрыс емес екенін алдағы уақытта та халыққа кеңінен түсіндіру керек», - дейді Ж. Бертымұратов.
«Qamqor-Sharapat» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы да қабір басындағы мазар салып жарысудағы бәсекелестікті тоқтатып, ысырапқа жол бермей еліміздегі мұсылман зиратын бірізділікке келтіріп, халқымызға дәстүрімізге сай салттық қызмет көрсету керегін айтады. Оның айтуынша, қабір орнатарда ысырапқа жол бермеу керектігі туралы айтылған түсіндіру жұмыстарына жастар жағы түсіністікпен қарайды.