«Nur Otan» партиясының 200-ге жуық мүшесі партиялық жауапкершілікке тартылған

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың көбі өңірлерде лауазымды қызмет атқарады

Бұл туралы бүгін партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысында айтты.

Оның сөзінше, партия органдарының алдына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс форматы мен тәсілдерін жетілдіру бойынша нақты міндеттер қойылған.

«Партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзекті мәселелер өткір талқыланып, осы бағытта заңнаманы жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар енгізілетін белсенді алаңға айналды. 2019 жылдың екінші жартыжылдығында орталық және аймақтық деңгейде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің отырыстары өткізіліп, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету сұрақтары, сонымен бірге аймақтық кеңестердің жұмысы қаралды», - деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, осы кезге дейін құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін партияның 196 мүшесі, атап айтқанда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің басшылары партиялық жауапкершілікке тартылған. 2019 жылдың екінші жартыжылдығында ғана 96 партия мүшесі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін партия қатарынан шығарылған.