«Қазақстан әрбір азаматқа бірдей мүмкіндік береді»: астанадағы дүнгендердің жағдайы айтылды
Нұр-Сұлтан қаласында 250-ге жуық дүнген отбасы тұрады
Даут Генхузов елордадағы дүнген этномәдени бірлестігінің өкілі. Әкесі – дүнген, анасы – қазақ. Ол ес білгеннен қазақтармен дос болып, араласып келе жатқанын айтады. ҚХА-ның қалалық ХХ сессиясында сөз сөйлеген ол Azattyq Rýhy тілшімен болған сұхбатта еліміздегі дүнгендердің әл- ахуалы жайында айтып берді.
Қазір елордада 250-ге жуық дүнген отбасы тұрады. Қазақстан бойынша олар оңтүстік өңірлерде көп шоғырланған.
«Мен «Юнчи» дүнген этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасарымын. Біздің бірлестік қалалық ассамблея құрамына кіреді. Бірлестіктің басты мақсаты – елордада тұратын дүнген отбасыларына көмек беру. Құқықтық немесе қаржылай мәселелерін шешуге көмектесеміз. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 250-ге жуық дүнген отбасы тұрады. Өздеріңіз білетіндей дүнген жанұялары үлкен болады. Әр отбасыда орташа 5,6 адам тұрады. Жалпы Қазақстан бойынша дүнген халқының көп шоғырланған ортасы Жамбыл облысы, Тараз қаласы және оңтүстік өңірде Алматы облысы Жаркент қаласы саналады. Бүгінде олар еліміздің солтүстік өңірлеріне де белсенді қоныс аударып жатыр. Дүнген азаматтары еңбекқор болып келгендіктен егінге қолайлы аймақтарға таралуда.
Мен Жамбыл облысы Қордай ауданында туып өстім. Қазақ сыныбында оқыдым. Бүгінге дейін жерлікті адамдардан ешқашан менің ұлтыма қатысты тіл тигізу, құрметсіздік көрген емеспін. Қазақ халқы достық қарым-қатынасты берік ұстанады», - дейді ол.
Даут Генхузовтың жеке өндірістік кәсіпорыны бар. Кәсіпкер бүгінге дейін атқарған жұмысы мен өткен референдум бойынша өз ойымен бөлісті.
«Қазір бірлестіктегі қызметпен қоса өндірістік кәсіпорынды басқарамын. Бұл екі жұмыс маған өте маңызды. Себебі жеке тұлға ретінде дамуыма және қоғамдық жұмыста өзімді шыңдауға серпін береді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 31-сессиясында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді ұсынған болатын. Референдум өтіп, халық өз пікірін білдірді. Мен алдағы уақытта демократиялық бастамалар арқылы еліміздің саяси өмірінде оң өзгерістер боларына сенімдімін.
2020 жылы «Нұр Отан» партиясынан мәслихат және Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша праймеризге қатыстым. Демократиялық өзгерістердің маңыздылығын сол кезде білдім. Сайлауда еңбек ұжымы мен Ассамблеядағы әріптестерімнің қолдауымен көп дауыс жинадым. Депутат болмасам да адамдармен қарым-қатынас жасап, көпшілік алдында сөз сөйлеуде мол тәжірибе жинағанымды айта аламын», - дейді Даут Генхузов.
Ол қаңтар оқиғасына жеке тоқталып, ел бірлігінің маңыздылығы туралы айтты.
«Ассамблея сессиясының мінберінде сөз сөйлеп тұрып қаңтар оқиғасы есіме еріксіз түсті. Бұл оқиға көптеген салаларда бірқатар мәселелерді ашты, бірақ осы оқиға нәтижесінде жасалған қорытынды – біз әрбір этнос мәдениетіндегі аса маңызды аспекті – ақсақалдардың сөзсіз беделін жоғалтып жатырмыз. Егер бұл механизмдер қақтығыс басталған кезде қолданылса, үлкен қиындықтардан аулақ болуға болар еді.
Қаңтар оқиғасы қазіргі заманда «болады» және «болмайды» арасындағы шекараның жойылып бара жатқанын көрсетті. Көптеген адам демократияны «бәрін істеуге болады» деген түсінікпен шатастырып алады. Сондықтан мен бәріңізді кез-келген халық үшін құнды қарапайым қағида: ру ақсақалдарының сөзсіз беделін, жастарды отанға және адамдарға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, сөз бен іс-әрекет үшін жауапкершілікте болуға шақырар едім. Әркім өзгерісті өзінен бастауы керек. Біз барлығымыз өз ұлтымыздың генетикалық кодының тасымалдаушысы болып саналамыз, ол әрбір келесі ұрпақты халықтың дәстүріне тәрбиелеуді білдіреді», - дейді Даут Генхузов.
Ол елде этно-медиация, яғни жанжалдасушы жақтарға дауды шешуге көмектесетін адам немесе адамдар тобын құрау керектігін айтты.
«Менің ойымша, этномәдени бірлестік өкілдерінің, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің әрқайсысы медиатор болуы тиіс. Бұл этномәдени бірлестіктің құрамын қалыптастыру кезінде бірінші орында тұруы керек. Өз этносында беделі бар, кез келген контингентпен келіссөздер жүргізе алатын адам ғана Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты азаматтық қоғамның жоғары институтын ұсына алады. Сондықтан Мемлекет басшысының ҚХА-ның 31-ші сессиясында тапсырған Медиацияны дамыту және этно медитация орталықтарын құру жөніндегі тапсырмаларын уақытылы әрі дұрыс шешім деп санаймын.
Біздің қалалық Ассамблеяда осымен үшінші жыл қатарынан этномәдени бірлестік басшылары мен жас көшбасшыларға Конфликтология негіздерін оқыту, сондай-ақ келіссөздер процесін жүргізу үшін шаралар қабылдануда, яғни бәріміз осындай оқытудың қажеттілігін түсініп отырмыз. Елде бұл саланың мамандары өте аз. Сондықтан этно-медиация орталықтарын құру қазіргі проблеманы шешудің бастауы болуы тиіс.
Сонымен қатар әрбір ірі кәсіпорында немесе ұйымда басшылардан бастап қарапайым жұмысшылардың дұрыс диалог жүргізуі үшін арнайы медиация кабинеттері болуы керек деп санаймын. Бұл жерде қазақтың «егер мұрын болмаса, екі көз бірін бірі шұқыр еді» деген мақалы еске түседі. Біз қоғамда диалог мәдениетін және өзара түсіністікті нығайтуды әдемі сөздермен емес, нақты істермен қалыптастыруға тиіспіз», - дейді ол.
Даут Генхузов сөзін қорытындылай келе қазақ тіліне ерекше құрмет көрсететінін, өз үйінде балаларымен мемлекеттік тілде сөйлесетінін айтты.
«Мен гүлденген Қазақстанда өмір сүргім келеді. Ол үшін өзім жұмыс істеймін және балаларымды әрдайым заманауи және сұранысқа ие болатын халықтық дәстүрлер рухында тәрбиелеуге тырысамын. Қазақстан – дамыған және әділ мемлекетке айналарына сенімім мол. Елімізде тұратын әрбір азаматқа ұлты, дініне тәуелсіз бірдей мүмкіндіктер беретіндігін өзімнің жоғарыдағы мысалдарыммен дәлелдей аламын. Бастысы достық пен татулықта өмір сүру маңызды», - деді «Юнчи» дүнген этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, «ОСК – Стройсервис» ЖШС бас директоры Даут Генхузов.