Қазақстандағы әрбір он жеңіл көліктің жетеуінің «жасы» 10 жылдан асқан

Автор: Azattyq Rýhy

Өткен жылдың 11 айында Қазақстанда 806,8 мың жеңіл көлік тіркеліпті

2019 жылдың қараша айындағы көрсеткіш бойынша Қазақстанда тіркелген жеңіл автокөліктердің саны 3,8 млн екен. Оның ішінде 3,6 млн автокөлік жеке тұлғаларға тиесілі болса, заңды тұлғаларға тиесілі көліктердің саны 209,2 мың екен. Бұл туралы ranking.kz жазады.

Тіркелген автокөліктердің саны бойынша Алматы облысы республикада көш бастап тұр (492,6 мың), одан кейінгі орындарда Алматы қаласы (469,7) мен ШҚО (295 мың).

2019 жылдың қарашасындағы көрсеткіш бойынша, зауыттан шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің саны 2,5 млн, ал «жасы» 3-7 жыл аралығындағы көліктердің саны 12,6%-ға өсіп, 597,6 мыңға жеткен. Шыққан жылы 3 жылдан аспайтын жеңіл автокөліктердің қатары 397 мыңды құрап, бір жыл ішінде 23,3%-ға қысқарған.

Жалпы, 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанда 806,8 мың жеңіл көлік тіркелген, бұл 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,7%-ға аз. Оның ішінде 516,3 мың жеңіл автокөліктің зауыттан шыққанына 10 жылдан асқан.