СҚО-да шаруалар үш жыл бойы әкімдіктен қарызын ала алмай жүр
Аудандық әкімдік шаруа қожалықтарына 17 миллион теңге берешек
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мағжан Жұмабаев ауданының кәсіпкерлері 3 жылдан бері бруцеллезге шалдыққан мал үшін мемлекет тарапынан төленетін өтемақыны ала алмай жүр. Аудандық әкімдік шаруа қожалықтарына 17 миллион теңге берешек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Әкімдікке сенуден қалдым»
«Куломзино» қожалығы Мағжан Жұмабаев ауданындағы ірі шаруашылықтардың бірі. 2017 жылдың жазында сиырлары бруцеллезге шалдыққан қожалық шаш етектен шығынға батқан. Аудандық мал дәрігерлерінің нұсқауымен ауру ірі-қараны ет өңдейтін цехтардың біріне тапсырған. Шаруалар сиырларды нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен сомаға өткізгендіктерін айтады. Соның өзінде жергілікті әкімдіктен берілетін өтемақыны әлі күнге ала алмай жүр. Серіктестік жетекшісі Сергей Сафонов барлық жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырғанын жеткізді. Шенеуніктер шаруаларды «әне-міне төлейміз» деген құрғақ уәдемен ғана тойдырып отырған көрінеді.
«2017 жылы шаруашылықта бағып отырған малымыз бруцеллезге шалдықты. Шаш етектен шығынға баттық. Әне-міне төлдейін деп тұрған сиырлардан айрылдық. Барлығы 33 бас қырылып қалды. Мал дәрігерінің нұсқауы бойынша ірі-қараны тірідей ет өңдейтін цехқа өткізіп тастадық. Ол үшін бізге мемлекет есебінен ақша берілуі тиіс. Бірақ, 3 жылдан асты, мемлекетет тарапынан берілетін өтемақыны ала алмай жүрмін. Әкімдікке барған сайын, «келесі жылдың жоспарына енгіземіз, бюждеттен ақша бөлінеді, төлейміз» деп шығарып салады. Мен олардың сөзіне сенуден қалдым. Малдәрігерлік қызметке ай сайын барамын. Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасарына да кірдім. Бұған дейін Смағұлов болған, одан кейін Бейсенов келді. Екеуінің де қабылдауында болдым. Ол да мәселені шешкен жоқ. Ақша дер кезінде төленсе, тағы да мал сатып алатын едік. Ол төлдеп, көбейіп тұрады ғой. Енді ақша да, мал да жоқ», - дейді «Куломзино» шаруа қожалығының басшысы Николай Сафонов ашынып.
Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігінің Николай Сафоновқа қарызы 2 млн 200 мың теңгеден асады. Ал «Возвышенское» шаруа қожалығына 6,5 миллион теңгеден астам қаржы берешек. «Авангард» ШҚ, «Сезон СК» ШҚ, «ЖНВ» ЖШС... Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Қожалық басшыларының барлығы өздеріне тиесілі ақшаны бірнеше жылдан бері ала алмай жүр. Бірінің малы 2017 жылы ауру болып шықса, екіншісінікі 2018-2019 жылдары бруцеллезге шалдыққан. Ауандық әкімдіктің берешегі жыл сайын өсіп, 17 миллион теңгеден асып кеткен.
Кәсіпкерлердің құқығын кім қорғайды?
«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2014 жылдың 30 қазанындағы бұйрығына сәйкес адам және басқа да тіршілік иелерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін жануарлардан алынған өнімнің құнын өтеу талаптары бекітілді. Оған сәйкес, мал құнының 30 пайызы мемлекеттік бюджеттен өтелсе, қалған 70 пайызын етті қайта өңдейтін кәсіпорын төлейді. Қазынадан төленетін қаржы тауардың нарықтағы орташа бағасы бойынша есептеледі. Сафроновтың 33 сиыры ауру болып шыққан. Әкімдік оның 30 пайызын сол жылы немесе 2018 жылдың бюджетінен төлеуге тиіс еді. Кәсіпкердің шағымын тіркедік. Бұл мәселе енді бақылауда болады», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы кеңесінің төрайымы Инесса Қуанова.
Аудандық әкімдік жиырмаға жуық шаруа қожалығына 17 миллион теңгеден астам қаражатты қайтарып беруі тиіс. Жалпы, 2017 жылдан бері ауданда бруцеллезге шалдыққан 240 бас ірі-қара анықталған.
«Бұл жерде ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің құқығы бұзылып отыр. Екінші жағынан, жергілікті атқарушы билік органдарының өтемақы төлеу тәртібінің мақсатын түсінбеген. Мемлекет мұндай әрекетке ауруға шалдыққан малдың етін нарыққа шығармау, тұтынушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында барып отыр», - дейді Инесса Қуанова.
Фото: СҚО М.Жұмабаев ауданының әкімдігі
Әкімдік бар мәселені қаржы тапшылығына сілтейді
Мағжан Жұмабаев ауданының әкімдігі бұл мәселені қаржы тапшылығына сілтеп отыр. Аталған шығынның бірнеше жыл бойы бюджет жоспарына енгізілмей келуінің себебі әзірге беймәлім.
«Мен жауапкершілікті толықтай өзіме аламын. Бюджетте ақшаның тапшылығынан өтемақыны төлей алмай келдік. Қандай да бір себептермен бұл шығын қазына жоспарына енгізілмей келген. Жақында бюджетті қайта қараймыз. 2020 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін барлық шаруашылықтар өтемақысын алады, уәде беремін», - дейді аудан әкімінің орынбасары Қанат Бейсенов.
Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы кеңесі бұл мәселе прокуратура бақылауына алынғандығын жеткізді. Шаруа қожалықтарының басшылары аудандық әкімдікті сотқа беріп, берешегін өсімімен бірге өндіріп алуға құқылы.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО