Ана өлімі, оқушы қыздардың жүктілігі, суицид: Қазақстанда әйелдер саны азайып барады

Қазақстандағы қыздар санының азаюына қандай факторлар әсер етіп жатыр

Ана өлімі, оқушы қыздардың жүктілігі, суицид: Қазақстанда әйелдер саны азайып барады

31 мамыр күні зерттеу жұмыстарымен айналысатын Ranking.kz орталығы Қазақстанда әйелдер саны азайып жатқаны туралы деректер жариялады. 2022 жылдың басында жастардың жалпы санындағы жас әйелдер үлесі небәрі 48,87%-ды құраған, яғни жартысынан да аз. Оның үстіне, қыздардың үлесі жылдан жылға азайып келеді. Мәселен былтыр бұл көрсеткіш 48,92%, бес жыл бұрын – 49,5%, одан он жыл бұрын – 49,88% болған еді (яғни, жігіттермен бірдей болатын). Статистика халықаралық ұйымдардың болжамын растап отыр. Осылайша, БҰҰ-ның «2019 жылға арналған әлемдік демографиялық перспективалар» баяндамасына сәйкес, сарапшылар Қазақстандағы ерлер мен әйелдер арасындағы алшақтықтың одан әрі қысқаратынын айтады.

Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстандағы әйелдер үлесінің азайып қалуының себебі жөнінде белгілі әлеуметтанушы, Eurasian Center for People Management (ЕСРМ) бас директорының талдау жобалары жөніндегі орынбасары Леся Қаратаевамен сұхбатында анықтап білді.

15-19 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗДАР СУИЦИДІНЕН ҚАЗАҚСТАН ТМД-ДА КӨШ БАСТАП ТҰР

Қазақстандағы әйелдер үлесінің жылдан-жылға азаюына әсер ететін бірнеше фактор бар. Оның ең бастысы – ерте жүктілік, еңбегі байқалмайтын үй шаруасы, сол сияқты жұмыс орнындағы және үйдегі екі есе жүктеме. Бұл орайда тұрмыстық зорлық проблемасы да жоқ емес.

«Неліктен ерте жүктілік басты проблема десеңіз, Қазақстан ТМД елдері арасында 15-19 жастағы қыздар суицидінен ең бірінші орында тұр. Аталған мәселе өте өзекті. Себебі жастардың өлім жағдайына ерте жүктілік проблемасы айрықша әсер етіп отыр. Нақтырақ айтқанда жүктілік пен босанудың дұрыс өтпеуі, сондай-ақ сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігінің болмауы себебінен әлемде күн сайын 800-ден астам әйел мен 7 мыңға жуық жаңа туған бала өліп жатыр.

Әлемдік ғылымда ана өлімі мәселесіне арналған зерттеу жұмыстары жетерлік, алайда зерттеушілер арасында бұл құбылысқа әсер ететін факторлар туралы консенсус жоқ. Көптеген авторлар ана өлімінің көрсеткіштері артуын – босандыру мекемелерінің жұмысын ұйымдастырудың сапасы мен деңгейіне байланысты деп санайды. Ал енді бір зерттеушілер ана өлімі экономикалық, экологиялық, әлеуметтік-гигиеналық және мәдени факторлардың жиынтық әсерінің нәтижесі деп санайды», - дейді Леся Қаратаева.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АНА ӨЛІМІ ЖӘНЕ ОҚУШЫ ҚЫЗДАРДЫҢ ЖҮКТІЛІГІ

Біздегі ана өліміне көп жағдайда жүкті әйелдің денсаулығының жай-күйінің дұрыс бақыланбауы, медициналық көмекке кеш жүгіну, сондай-ақ, акушер-гинекологтар мен реаниматологтардың жетіспеушілігі себеп болып отыр, дейді әлеуметтанушы.

«Жалпы алғанда әйелдің жасы, тұқым қуалаушылық және кез-келген күтпеген жағдайларға қатысты шартты түрде басқарылмайтын факторлардың әсері, шартты түрде басқарылатын факторлар да есепке алынады. Соңғысына отбасын жоспарлау, салауатты өмір салтын ұстану, кеңес беру және медициналық көмек алу үшін мамандарға уақытылы жүгіну және т.б. кіреді.

Тағы бір маңызды қауіп факторының бірі – жасөспірімдердің жүктілігі. 2010-2015 жылдары 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің дүниеге келуінің әлемдік көрсеткіші 1000 қызға шамамен 46 тууды құрады. Жасөспірімдердің туу көрсеткіші және оның қоғам ішіндегі қолайлылығы белгілі бір елдің мәдениеті мен дәстүрлеріне байланысты екенін ескеру қажет. Жасөспірімдердің тууының ең жоғары деңгейі  – Орталық Африкада тіркелген – әр 1000 қызға 139. Ең төменгі орташа көрсеткіш Еуропаға тән – 1000 жасөспірім қызға 16 жасөспірім жүктілігі. Қазақстанда 1995 жылмен салыстырғанда жасөспірімдердің бала туу көрсеткіші 2 есеге азайғанымен, проблема түбегейлі шешімін таппады», - дейді ол.

Сөзін жалғай отырып, медициналық көмекті жетілдіру орталығы мамандарының пікірінше, 15-19 жастағы қазақстандық қыздар Экономикалық Ынтымақтастық Даму Ұйымына мүше елдердің жасөспірім қыздарына қарағанда алты есе жиі туатынын айтты.

«БҰҰ қорының ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүргізген әлеуметтік зерттеуі көрсеткендей, 15-19 жастағы қазақстандықтардың 30%-ы жыныстық белсенді болып саналады. Жыныстық өмірдің басталуының орташа жасы – 16,5 жас. Жыныстық белсенді жасөспірімдердің 17%-ында күтпеген жүктілік бар және аталған жағдайлардың 40%-ы сәтсіз аяқталады. Жасөспірім қыздардың жүктілігі және онымен байланысты денсаулыққа төнетін қауіп медицина шеңберінен шығып кетіп жатады», - деді Eurasian Center for People Management (ЕСРМ) бас директорының талдау жобалары жөніндегі орынбасары.

«НӘТИЖЕСІЗ АҒАРТУШЫЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖӘНЕ КОНТРАЦЕПЦИЯ МӘДЕНИЕТІ»

Леся Қаратаева бұл проблеманы және оның тигізетін зияны туралы тереңірек түсіну үшін үш басты аспектіні бөліп айтты. Оның алғашқысы – елдегі ағартушылық жұмысының жетіспеушілігі. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР БҒМ Балалар құқықтарын қорғау Комитетінің және «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен Шығармашылық бастамашыл әйелдер Лигасы қоғамдық бірлестігі жүргізген зерттеу көрсеткендей, жасөспірімдердің жыныстық өмірінің ерте басталуына – контрацептивтік мәдениеттің төмендігі, жасөспірімдерге арналған арнайы медициналық, кеңестік, психологиялық қызметтер мен жыныстық ағарту бағдарламаларының аз болуы ықпал етуде.

«Балаға тәрбие отбасы және білім беру құрылымдарында беріледі. Тәжірибе көрсеткендей, қазақстандық ата-аналардың басым көпшілігі балаларымен репродуктивті денсаулықты қорғау, контрацепция ережелері туралы сөйлесуге психологиялық тұрғыдан дайын емес. Өз кезегінде білім беру мекемелері де интимдік қатынастар саласындағы мінез-құлық ережелерінің ерекшеліктерін түсіндіру процесінде бірқатар қиындықтарға тап болады. Атап айтқанда, оқушыларды тәрбиелеуге жауапты мұғалімдердің өздері қажетті біліктілікке немесе психологиялық еркіндікке ие болмауы мүмкін. Егер мұғалім өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қараса және «жазбаларсыз» ашық пікірталасқа дайын болса, «ұят болады», «бұл біздің менталитетке жат» деуші ата-аналардың шағымдары мен түрлі айыптаулар жасау қаупі артады.

Нәтижесінде процесс көбінесе бұрмаланады және атқарылуы тиіс жұмыстар тек қағаз жүзінде ғана белгіленіп, ал іс жүзінде студенттер тиісті білім алмаған жағдай туындайды. Сонымен қатар, тәрбие жұмысы балаларды жоспарланбаған жүктілік жағдайына дайындамайды, тек пәктіктің маңызы сынды құндылықтарды насихаттайды.  Мұның бірден бір шешімі ағартушылық жұмыс тетіктерін кеңейту болып саналады. Өкініштісі, еліміздегі отбасын жоспарлау, контрацепция мәселелері, қажетсіз жүктіліктің алдын алу саласында жүргізілетін іс-шараларды қозғайтын білім беру бағдарламалары балалар мен жасөспірімдердің көп бөлігін қамтуға дәрменсіз. Дәстүрлі құндылықтар сақталған ауылды жерлерде жыныстық қатынас мәселесі тыйым салынған тақырыптардың бірі. Ал ерте жүктіліктің жоғарғы статистикасы сол дәстүрді қатаң ұстанатын Түркістан, Маңғыстау облыстарында жоғары», - деп ойын жеткізді.

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ФАКТОРЛАР

Ол үш аспектінің екіншісі ретінде – психологиялық факторларды меңзеді. Ұлттық заңнама балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған және ата-аналардың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін жауапкершілігін көздейді. Құқықтық нормалар дәрігерлерді кәмелетке толмағандардың жүктілігін медициналық тіркеу кезінде және жүктілікті тоқтату туралы мәселені қарау кезінде ата-аналарға хабарлауға міндеттейді.

«Бұл тәсілдің түбегейлі адалдығына дау айтпастан бұрын, аталған нормалардың жасөспірім қыздардың мінез-құлқына кері әсері бар екенін ұмытпау керекпіз. Жақындары, қоғам өзін кері итеруі мүмкін деген қорқынышпен жасөспірімдер өз қатарластарының кеңестеріне құлақ асып, ертеңгі күні денсаулығына орны толмас зиян әкелетін шешімдерді қабылдап жатады. Нәтижесінде қоқысқа тасталған, жетімдер үйіне өткізілген нәрестелер саны көбейіп жатыр. Бұл жағдай тек Қазақстанға ғана тән емес. Әлем бойынша 5,6 миллион түсікті 15-19 жас аралығындағы жасөспірім қыздар жасайды», - деді ол.

Айтуынша психологиялық қысым, стресс, соның ішінде көңіл жарастырып жүрген жігітінің бір сәтте қыздың өмірінен алыстап кетуі суицидке апарып жататын жағдайлар да жоқ емес. Сондай-ақ жүктілік кезінде және одан кейін де жасөспірім қыздар арасында суицидтің таралуы жеті есе көп.

«Үшінші аспект – әлеуметтік. Кәмелетке толмаған аналар толыққанды мектеп немесе кәсіби білім алуға байланысты бірқатар проблемаларға тап болады. Көп жағдайда жақындары мен таныстарының қысымы мен айыптауынан қорғану үшін қыздар тұрғылықты жерлерін өзгертуге мәжбүр болып, нәтижесінде әлеуметтік бейімделу процесі қиындайды. Жұмыс берушілер жас аналарды жұмысқа қабылдауға құлықсыз. Осылайша, психологиялық проблемаларға әлеуметтік тәртіпсіздік қаупі қосылады. Мәселенің маңыздылығын түсіну мемлекет тарапынан жастардың репродуктивті денсаулық проблемаларына көбірек көңіл бөлуге әкелуде. Қазақстан Үкіметі ақпаратқа, консультацияларға, қызметтерге және контрацептивтерге қолжетімділікті қоса алғанда, халықты отбасын жоспарлау қызметтерімен жаппай қамтуды қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді өзіне алды», - деп Леся Қаратаева ойын қорытты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.