«Арызды қайтарып алу үшін әкімдік 20 мың теңге ұсынды»: СҚО-да ауыл тұрғындары Президенттен көмек сұрады
286 адамға тиесілі 4322 гектар жер алаяқтардың кесірінен банк арқылы үшінші тұлғаға сатылып кеткен
Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына қарасты Балуан ауылының тұрғындары ел Президентінен көмек сұрады. Көпшілік заңсыз кепілге өтіп, кейін сатылып кеткен шартты жер үлестерін көп уақыттан бері қайтара алмай жүр. Құзырлы органдарға бірнеше мәрте арызданғанмен, нәтиже жоқ. Тұрғындардың айтуынша жуырда оларға аудандық әкімдік және прокуратура өкілдері хабарласып, сотқа жазылған арызды қайтарып алуды өтінген. Ұсыныс орындалған жағдайда, жыл сайын 20 мың теңге дивиденд төленетінін де айтқан. Одан бас тартқан көпшілік істі соңына дейін жеткізуге ниетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ЖЕР МӘСЕЛЕСІ 10 ЖЫЛДАН БЕРІ ШЕШІЛМЕЙ КЕЛЕДІ
Балуан ауылының тұрғындары шартты жер үлестерінен айырылып, әділдік іздеп жүргендеріне 10 жылдан асты. 286 адамға тиесілі 4322 гектар жер алаяқтардың кесірінен банк арқылы үшінші тұлғаға сатылып кеткен. 2009 жылы олардың жер телімдері келісімшарт бойынша «Казипрохем Агро» серіктестігіне өткен. Кейін бұл фирма басшысы халықтың келісімінсіз жерді банкке кепілге қойып, элиталық тұқым сатып алған. Жыл басынан бері екі сот отырысы өтті. Алайда олардың ешқайсысы халықтың пайдасына шешілмеді.
Балуан ауылының тумасы Диқан Кәрішаловтың айтуынша былтыр жер дауы басталған кезде Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов проблеманы шешуге көмектесемін деп сендірген. Алайда биыл сот басталған кезде жергілікті әкімдіктің атынан қатысқандардың ешқайсысы халықты жақтамаған.
«Шал ақын аудандық әкімдігінің заңгері – Роман Осипов, Жер қатынастары бөлімінің жетекшісі – Жеңіс Жақыпов. Олар сот процесі басталған кезден бастап бізге қарсы болды. Алайда аудан әкімімен кездескенімізде олар керісінше қарапайым халыққа шартты жер үлестерін қайтарып беруге көмектесетіні айтылған еді. Аппеляциялық сотта да осындай жағдай болды. Түсінгеніміз олардың бізге қарсы болатындай жөндері бар. Өйткені 2011 жылы жеріміз сатылғанда осы Шал ақын аудандық әкімдігі талай жалған құжат жасаған. Біз олардың барлығын анықтадық. Егер бар шындық ашылатын болса, әкімдік атына кір келіп, елге масқара болады. Сондықтан әкім-қаралар бізді тағы да алдап отыр. Билік басында отырған мұндай басшылармен біз «Жаңа Қазақстанды» құра алмаймыз. Дегенмен іс енді басталып жатыр. Халық соңына дейін барады»,- дейді Диқан Кәрішалов.
«БҰЛ – АУДАН ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАСЫ...»
Балуан халқы осы күнге дейін жер үлесі үшін жылына 6 000 теңгеден дивиденд алып келді. Жер дауы басталғаннан кейін ауыл жерін аукционнан сатып алған Қажымұқан Бекіш есімді кәсіпкер пайды өз еркімен 20 000 теңгеге дейін көтергісі келетінін мәлімдеген.
«Сот жүріп жатыр. Осындай кезде Шал ақын аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жеңіс Жақыпов тұрғындарға жеке-жеке хабарласып, пайларыңды көтереміз, тек соттан арыздарыңызды қайтарып алыңдар дегенді айтып айтып жатыр екен. Бұл аудан әкімі Рахат Смағұловтың тапсырмасы деп білемін. Неге мұндай әрекеттерге барып жатқандары түсінікті. Өйткені біз бастаған істі соңына дейін апарамыз. Жақын күндері экономикалық сот басталады. Біздің адвокаттар оған арыз-талап берді», - дейді Диқан Кәрішалов.
Тұрғындардың айтуынша дәл осындай түсініксіз әрекеттерге Шал ақын аудандық прокуратурасы да барып отыр. Ашынған халық әділдікке қолжеткізу үшін тағы да соттасуға әзір.
«Аудан прокуроры Талғат Салпықовпен кездестім. Ол кісі маған енді жылына 20 000 теңгеден пай аласыздар, бұл ақша өздеріңізге қосымша пайда болады дегенді айтты. Оның үстіне талап-арыз беру мерзімінің өтіп кеткендігін алға тартты. Әңгіме барысында соттан арыздарыңызды қайтарып алыңдар дегенді меңзеп отырғанын түсіндім. Мәселен маған пайдың еш керегі жоқ. Халыққа тек өздеріне тиесілі 4322 гектар жер ғана қажет. Соны қайтарып берсін. Біз біреудің жерін сұрап отырған жоқпыз» - дейді пайшы, Балуан аулының тумасы Бәйкен Балғужин.
ХАЛЫҚ ПРЕЗИДЕНТТЕН КӨМЕК СҰРАДЫ
Мән-жайды Шал ақын ауданының прокуроры Талғат Салпықовтың өзінен сұрап білмек болдық. Алайда лауазымды тұлға жауап бермеді. Қазір Балуан ауылының мүддесін елімізге танымал адвокат Бақытжан Базарбек бастаған заңгерлер қорғап жатыр. Олар тиісті мекемелерге сұрау салып, қажетті материалдардың барлығына қолжеткізген.
«Ең біріншіден 286 адамның жерінен айырылып қалуына сот ұйғарымы себеп болған. 2010 жылы 7 жер учаскесі бөлінбейді деп нақты көрсетілген. Салдарынан 4322 гектар жер толығымен аукционға шығарылған. Біз мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың көмегімен барлық материалды жинадық. Қазір қолымызда толығымен кадастрлық іс, әкімшіліктен, архивтен толық құжаттарды сұратып алдық. Яғни 286 пайшы «Казипрохем Агро» серіктестігіне қосылмай тұрып, ондағылар банктен несие алған. Ал мүлікті кепілге тұрғындардың келісімінсіз қойған. Ешкімнен рұқсат сұрамаған. Тіпті қайтыс болған адамдардың аттарынан жалған сенімхаттар дайындаған. Сол кезде АТФ банктің қызметкерлері де оған дұрыс баға бермеген.
Нақтырақ айтсақ «Казипрохем Агро» серіктестігінің берешегін тек бір учаскені ғана сатып жабулары керек еді. Олар барлық 4322 гектарды сатылымға шығарған. Ал қазір сот басталған кезде аудандық прокурор халықты пай алуға үгіттеп жатыр дегенді естідім. Сонда келісімшартты қалай жасайды? Бұл – үлкен заңбұзушылық. Қазір Президент әкімшілігі де бұл мәселеден хабардар. Сондықтан халықты тыныштандыру мақсатында прокуратура осындай әрекетке барып отыр деп ойлаймын. Жер басқа кәсіпкерге сатылып кетсе, қандай себептермен пай алуға рұқсат берілмек?! Бұл өкілеттілікті асыра пайдалану деп есептеймін. Прокуратура – қадағалаушы орган. Бұл жерде ол мемлекеттік қызметшінің этикасын бұзып отыр», - дейді белгілі заңгер Әсел Мержақып.
Осылайша амалы таусылған Балуан ауылының тұрғындары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды.