ҚР Үкіметі Қытайдағы қазақстандық студенттерді арнайы бортпен әкелуі мүмкін
Қазақстан үкіметі ҚХР билігіне ресми нота жіберген

Бүгінде Ухань қаласында Қазақстанның 98 азаматы білім алып жатыр. Елшілік қызметкерлері олармен тікелей байланыста, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев.
«Студенттерде қажетті нәрсенің барлығы бар, өздері білім алып жүрген университеттер оларды барлық қажеттімен қамтамасыз етуде. Бұл медициналық бұйымдар, соның ішінде, бірінші кезекте, маска. Азық-түлік өнімдері де жеткілікті мөлшерде. Өздеріңіз білетіндей, Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бізде ведомствоаралық комиссия құрылған. Кеше отырыс өтті, қазір біз студенттерді көшіру мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл мәселе бойынша Қытай тарабына ресми нота жіберілді. Қазіргі уақытта маршрутқа қатысты нақты мәселелер пысықталуда: ұшақ ұшып шығады ма, қайда қонады, адамдарды қайдан алу қажет болады деген мәселелер қаралуда. Студенттермен келіссөздер жүргізіліп жатыр және олардың санына байланысты арнайы бортты жіберу мәселесін пысықтайтын боламыз. Дипломатиялық рұқсат алу Қытаймен келісу кезеңінде», — деді Ш. Нұрышев.
Оның айтуынша, Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі мен бас консулдығы қазір ҚХР азаматтары үшін денсаулық жағдайы туралы анықтаманы талап ету тұрғысынан талаптарды күшейтті.
«Үкіметтің шешімімен ҚХР азаматтарының Қазақстан аумағында визасыз транзиттік 72 сағаттық келу тәртібі уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта ҚХР азаматтары үшін әуежайға келгеннен кейін электрондық визаларды ресімдеуді тоқтата тұру туралы шешім қабылданды», — деп хабарлады министрдің бірінші орынбасары.
ҚР СІМ мәліметі бойынша, ҚХР аумағында Қазақстанның 1300-ге жуық азаматы бар. Олардың 635-і Хайнань провинциясында жүрген туристер. 204-і елшіліктің, бас консулдықтың қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ, қазіргі уақытта Қытай аумағында жүрген Қазақстанның 445 азаматы бар.