Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректорына байланысты басты сот талқылауы тағы да кейінге шегерілді
Алматы қаласы Бостандық аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты Дәмір Шыныбековтің ісі бойынша басты сот тыңдауын бүгін бастауы керек болған. Бұрынғы ректордың жаңа адвокаты Нұрлан Өстеміров іспен толықтай таныспағанын айтып, соттан тағы да екі апта уақыт сұрады. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің тілшісіне сұқбат берген қорғаушы Дәмір Шыныбековтің кімнің қаржысына қол салғанын айтып берді. Нұрлан Өстеміровтің айтуынша, ХАТУ-дың бұрынғы басшысы «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» қоғамдық қорының ақшасын бейберекет жұмсаған деген күдікпен сотталып жатыр.
«Дәмірге біреулер ор қазған. Ол қаражатты қолды қылған жоқ деп ойлаймын. Бұл менің пікірім. ХАТУ акцоинерлік қоғамының президенті үлкен Сағадиев (Кенжеғали Сағадиев - авт.), ал есепшісі Сапабекова. Университет құрылымы бойынша ешкімге бағынбайды. Ал қалғандарының барлығы президентке бағынған.
Бірақ үлкен Сағадиев Шыныбековке де, Сапабековаға да құжаттарға қол қою үшін сенімхат берген. Бүкіл құжаттардағы қолдың 30 пайызы бухгалтерге тиеселі. Бірақ оны отырғызбаған. Менің білуімше 500 млн теңге қаражат жетіспеген. Арызды жазған Светлана Мырзабекова есімді білім қорының («Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» қоғамдық қоры - авт.) директорының орынбасары», - дейді Дәмір Шыныбековтің адвокаты.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы IT Университеттің бұрынғы ректоры кімнің ақшасына қол салған?!
Дәмір Шыныбеков жеті айдан бері тергеу абақтысында отыр. Алматы қаласы ауданаралық тергеу сотының қаулысымен бұрынғы ректорға былтыр 29 мамырда бұлтартпау шарасы қолданылды. Содан бері қамауда отырған күдікті қалалық сотқа аппелияциялық шағым түсіргенімен, сот оны тергеу кезінде уақытша босатудан бас тартты. Дәмір Шыныбековке ҚР ҚК 189 бабы 4 бөлімі 2 тармағымен, яғни «бөтеннің сенiп тапсырылған мүлкін ірі көлемде иемденген немесе талан-таражға салған» деген айып тағылған.
Дәмір Шыныбеков Қазақстан жоғарғы оқу орындарының ішінде ең жас ректор ретінде танымал болды. Оны ортасы жаңаша ойлайтын маман ретінде мойындайтын. Ол 29 жасында докторлық диссертациясын қорғап, 32 жасында елдегі ең беделді оқу орындарының біріне ректорлыққа тағайындалған. Қазақстандық алғашқы IT университетті ашуға Елбасының өзі тапсырма беріп, ақпараттық технологияларды меңгерген білікті мамандар дарялау бойынша Орталық Азия аумағындағы жетекші орынға көтерілген.
Шыныбеков аталған ЖОО-ны үздіксіз 10 жыл басқарған. Оған дейін төрт жыл бойы Алматыдағы Халықаралық бизнес университетінде факультет деканы болған. Ашық дереккөздерде 2016-2019 жылдары Білім және ғылым министрі қызметінде болған Ерлан Сағадиев жекеменшік екі ЖОО-ның, яғни Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті мен Халықаралық бизнес университетінің (UIB) иесі екені айтылады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы