Бұл тарифтер жыл соңына дейін күшінде болады
Жылу және сумен жабдықтау қызметтері бойынша тұтынушыларға арналған тариф 66 пайызға дейін төмендетілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2020 жылы карантин кезінде адамдар үйде отыруға мәжбүр болды, сәйкесінше бұл уақытта жарық, су және басқа да коммуналдық қызметтерді тұтыну көлемі артты. Мысалы, бекітілген көлемі 860,01 мың Гкал болатын жылумен жабдықтау кәсіпорындары тұтынушыларға іс жүзінде 882,53 мың Гкал жылумен жабдықтау қызметін көрсеткен.
«Бұл «Табиғи монополиялар туралы» заңның негізгі мақсаты болып табылатын тұтынушылар мен субъекті арасындағы мүдделер теңгерімін бұзды», – дейді қала прокуроры Аршат Тайтуллин.
Нәтижесінде прокуратураның ұсынысымен коммуналдық қызмет тарифтері 1,44 пайыздан 66 пайызға дейін төмендетілді. Бұл тарифтер жыл соңына дейін күшінде болады.