$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жеңілдетілген автонесие мен утильалым: енді көлік бағасы арзандай ма

Қазір автосалон қоймаларында 8 мыңға жуық автокөлік резерві бар

Жеңілдетілген автонесие мен утильалым: енді көлік бағасы арзандай ма
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy; Фотолар: ашық дереккөзден

Биыл отандық темір тұлпар жүргізушілер үшін жағымды жаңалыққа толы жыл болмақ. Себебі бұған дейін тұралап қалған жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы қайта жанданып, тиімді шарттар ұсынып отыр. Бұған қоса, утилизациялық алым мөлшерлемесі 50%-ға төмендетілді. Яғни бұрынғыдай көліктің өзіндік құнынан екі есе бағаға қымбатқа түспейді. Мұның барлығы елдегі автонарыққа және автокөлік бағасына әсер етуі мүмкін. Azattyq Rýhy тілшісі сала мамандарынан пікір алып, мәселені тарқатып шықты.

АЙЛАП КЕЗЕГІН КҮТКЕНДЕРГЕ БАНК НЕСИЕ МАҚҰЛДАМАЙ ЖАТЫР

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша бірінші кезеңде кемінде 10 мың автомобиль берілуі мүмкін, бірақ барлығы орташа чекке байланысты болмақ. Егер орташа чек былтырғыдай 10 млн теңгеден төмен болса, онда шамамен бағдарлама бойынша 15 мың автомобиль берілуі мүмкін. Айта кетерлігі, 2020 жылы қазақстандық зауыттар шамамен 93 мың автомобиль шығарды. Бұл жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша берілуі мүмкін автокөліктің шамамен 15%-ы. Белгілі болғандай, биыл отандық өндіріс көлемі шамамен 20%-ға артады деп болжанып отыр және маусым айында дилерлік орталықтарға 9 мыңға жуық автомобиль жеткізілмек. Қазір автосалон қоймаларында 8 мыңға жуық автокөлік резерві бар.

Сәрсен Жамалов есімді елорда тұрғыны көлік бағасы күн сайын қымбаттап жатқанын, оның үстіне автонесие бағдарламасына бөлінген қаражаттың жетпей қалуы мүмкін екенін айтады.

«Жеңілдетілген автонесие бағдарламасына ақша бөлінгенін естіп кезекке тұруға келдім. Hyundai Elantra аламын деп шештім. Кезекке тұруын тұрдым, бірақ ұзақ күтуіме тура келе ме, ол жағын енді білмеймін. Көлік бағасы күннен күнге қымбаттап жатыр. Бізде құрастырылады деген аты, одан да шетелдегі жүрілген көліктерді алған арзанға түседі. Солай-ақ алар едім, бірақ оған қолдағы қаражатым жетпей тұр, сол үшін несиеге алуға тура келеді», - дейді Сәрсен.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana Motors компаниясының жаңа автокөлікті сату жөніндегі кеңесшісі Руслан Иралимовтің айтуынша, 4%-бен несие алушылар кезекке тіркеліп жатыр. Әзірге кезек айтарлықтай қарқынмен жылжып жатқан жоқ.

«Негізі жаңа көліктің көбі салонда жоқ. Халық сұранысы жиі түсетін 2022 жылғы Hyundai Accent көлігінің құны – 7 млн теңге. Оған біздің салонның өзінде ғана кезекте 1000-нан аса адам тұр. Кезектің жылдам я болмаса баяу жүріп жатқаны туралы нақты ешнәрсе айта алмаймыз. Оның барлығы зауыттан көліктің келуіне байланысты болады. Бізге айтылған мәлімет бойынша Hyundai Accent көлігінің бірінші партиясы шілде айында Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан келуі керек. Қостанайда орналасқан «СарыарқаАвтоПромнан» JAC, Chevrolet, KIA, LADA сияқты брендтер келеді. Жеңілдетілген автонесие алу үшін алдымен кезекке тұру керек, сосын кезегіңіз келген кезде біз өзіміз хабарлап айтамыз», - дейді Руслан Иралимов.

Оның сөзінше, бекітілген тәртіп бойынша кезегі келген несие алушы екінші деңгейлі банкке барып төлем қабілеті тексерілгеннен кейін ғана несие рәсімдей алады.

«Ескеретіні, қазір көп адам кезегін күтіп банкке барған кезде оларға несие мақұлданбай жатыр. Себебі көбінде зейнетақы төлемі жоқ болып шықты, бұған қоса жалақысы аз болса, несие де берілмейді», - дейді  автокөліктерді сату жөніндегі кеңесші.

Ал кезекке тұрмас бұрын банкке барып, несие беріліп немесе берілмейтінін анықтау мүмкін емес. Бұл онсыз да сиырқұйымшақтанып кеткен кезек мәселесінің қордалануына алып келеді.

Бұған қоса, автодилер қызметкері алдағы уақытта көлік бағасы қымбаттап кетуі мүмкін екенін айтады.

«Бізде құрастырылатын көліктер тікелей доллар бағамына байланысты. Қазір баға тұрақты. Алдағы уақытта қымбаттап кетуі мүмкін», - дейді Руслан Иралимов.

Кеңесшіден соңғы уақытта көкқағаз құны төмендеп жатқанын, соған сай «көлік бағасы төмендеуі мүмкін бе?» деген сауал қойған едік. Айтуынша бұл жағдай қазір нарықтағы көліктерге еш әсер етіп жатқан жоқ. 

Елордадағы Astana Motors филиалының бірінде банкте кезекте тұрған Аманбек Асенов есімді қала тұрғыны бұған дейін жеңілдетілген автонесие бойынша көлікті 3 ай күткенін айтады.

«Біз тапсырыс берген көлік автосалонға келген кезде жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына қатыса алмайтынымызды айтты. Себебі бағдарламаның талабы бойынша біз таңдаған машинаның құны 15 млн теңгеден асып кетеді. Сөйтіп аталған бағдарламаға қатыса алмайтын болдық. Енді қанша уақыт күткен көлігімізден айырылып қалмас үшін 28%-бен несие рәсімдейміз. Оның үстіне елде көлік тапшылығы бар деген ақпаратты күн сайын оқып жүрміз. Жеңілдетілген 4%-бен алу өте тиімді болар еді. Бізге бұйырғаны осы болып тұр», - дейді қала тұрғыны.

ҚОЛДАНЫСТА БОЛҒАН КӨЛІКТЕРГЕ СҰРАНЫС ТӨМЕНДЕП КЕТТІ

Биылғы автонарық саласындағы тағы бір жаңалық қолданыстағы көліктерді несиеге рәсімдеудің талабы өзгерді. Автонарық саласының сарапшысы, Бақдәулет Тәліповтің айтуынша, 2022 жылға дейін 1997 жылғы көліктерді екінші деңгейлі банк арқылы сатып алуға болатын. Бастапқы жарна 10%-дан басталды. Осы жылдан бастап бастапқы төлейтін сома жалпы көлік бағасының 30%-на жеткен. Бұған қоса, көліктің шыққан жылы 2005 жылдан бері болуы керек.

«Бәрімізге мәлім, халықтың басым бөлігі 2005 жылға дейінгі көліктерді сатып алуға қабілетті. Сол себепті биылдан бастап екінші нарықтағы көліктің саудасы тұралап, сатып алушылар саны айтарлықтай кеміген. Тіпті 100%-дан 50%-ға төмендеді десем, артық айтпаған болар едім. Утилизациялық алымдағы ставканың төмендеуі нарыққа мүлдем әсер еткен жоқ. Себебі әр жаңа машинада микрочип болады. Соның жетіспеушілігінен шетелдегі көлік бағасы да қымбаттап кетті. Тіпті Toyota сияқты ірі компания да филиалдарын жабуға мәжбүр болды. Қазір әлемдегі автокөлік бағасының қымбаттауына байланысты шетелден көлік алып келу тиімсіз», - дейді Бақдәулет Тәліпов.

Оның сөзінше, утильалым жаңа көлікке де, ескі көлікке де бірдей. Негізі Қазақстанда утильалым арқылы Жапония, АҚШ, Кореядан келетін көліктер саны басым.

«Бұған қоса, жаңа талап бойынша утильалым арқылы шыққанына соңғы 3 жыл ғана болған көліктерді сатып алуға болады. Мысалы, евро-6 стандартына сәйкес 2018 жылғы көліктерді утильалымын төлеп сатып ала алмайсыз. Егер осыдан екі-үш жыл бұрын утильалымның мөлшерін 50%-ға түсірген кезде шетелден жақсы бағаға, тәуір көлік алып келуге болар еді. Ал қазір сырттағы көліктердің де бағасы қымбаттап кетті. Мысалы 2020 жылғы Toyota Camry 70, Кореядан келетін Hyundai Sonata және Hyundai Elantra сияқты көліктердің саны басым. Айта кетерлігі, бұл санаттағы Hyundai-дың көліктері біздің елде құрастырылады. Бірақ біздің елде құрастырылған көліктің бағасымен салыстырғанда шетелден утиль алымын төлеп алып келген көліктің құны бәрібір тиімді. Айырмашылық – 1,5 млн теңге болады. Десе де, тағы да халықтың басым бөлігінде қолма-қол ақша болмағандықтан амал жоқ халық несиеге өзіміздегі құрастырылған көлікті таңдайды», - дейді Бақдәулет Тәліпов.

Оның айтуынша, бізде шетелдегі көліктерді ресми түрде кеденде рәсімдеп, Қазақстанға алып келіп, осында үстіне ақша қосып сататын делдалдар бар. Бірақ әр азамат өзі шетелге барып, делдалсыз тікелей сатып алуына болады. Біздегі көлік бағасының қымбаттауына ең алдымен теңгенің құнсыздануы әсер етіп отыр. Наурыз айында доллар бағамы айтарлықтай өскен кезде, көлік бағасы да қымбаттап кеткен еді.  

ЕЛДЕ КӨЛІККЕ СҰРАНЫС ЕКІ ЕСЕ АРТҚАН

Автокөлік сарапшысы, Сұңқар Жұртбайдың айтуынша, утильалым мөлшерінің азайғаны және жеңілдетілген автонесие бағдарламасының іске қосылуы автокөлікке сұранысты арттырып отыр.

«Сұраныстың жоғарылауына байланысты көлік бағасы арзандайды деп ойламаймын. Қазір автонарықтағы соңғы жаңалықтар 4%-бен берілетін автонесие мен утильалымның төмендеуі нарыққа айтарлықтай әсер ете қоймайды. Жалпы көлік бағасы 16%-ға өсті. Біздегі жаңа көліктердің бағасы қымбат болуына байланысты қолданыста болған көліктердің де құны қымбаттап отыр. Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы қордаланып келді. Мысалы Қазақстанға жүрілген көліктер сырттан көптеп кіруін тежеу үшін 2011 жылдан бастап кедендік баж салығының өсуіне байланысты шетелден келетін көліктің ағыны тоқтап қалды. Одан кейін 2015 жылдан бастап Ресейден келген көлік саны артты. Бұны тоқтату үшін утильалым мөлшерлемесінің өсуіне және алғашқы тіркеу алымының енгізілуіне байланысты көрші елден заңды түрде тіркеліп өтетін көліктер саны азайды», - дейді сарапшы.

Көлікке сұраныстың артуына пандемияның және логистикалық келеңсіздікке байланысты соңғы 2 жылда сырттан жаңа көліктердің келу ағынының тұралап қалуы себеп болып отыр. Сондықтан бірнеше жыл бойы жаңа көлік тізгіндеймін деген жұрттың қарасы қалыңдаған. 

«Жеңілдетілген бағдарламаның мақсаты – көлік бағасын түсіре алмаса да, несиеге болсын халық үшін жаңа көлікті қолжетімді ету. Бұған қоса, ішкі авто өндірушілерді қолдау үшін жасалған қадам. Десе де, бұл бағдарламасыз да елде автокөлікке деген сұраныс жоғары болған еді. Енді оның үлесі тағы артады. Бұған қоса, геосаяси жағдайға байланысты Ресейге шетелден жаңа көлік алу мүлдем тоқтады. Қазақстан Ресеймен экономикалық одақ болғандықтан ресейліктер бізден келіп жаңа көлік ала бастайды. Бұл жағдай біздегі көлік тапшылығын одан сайын ушықтырып отыр», - дейді Сұңқар Жұртбай.

Серіктес жаңалықтары