Әйелдердің зейнет жасын ұзарту мәселесі: Үкімет бюджетті зейнеткер есебінен үнемдеп отыр ма

Автор: Еркежан Айтказина

Қазақстанда 55 жаста лайықты демалысқа шығу мүмкіндігі бар. Бірақ..

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Елімізде әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Биыл қазақстандық әйелдер 60 жас 6 айға жеткенде лайықты демалысына шыға алады. Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын ұлғайту 2018 жылдан бері жалғасып келеді. Соңғы ереже бойынша 2027 жылы қазақстандық әйелдердің барлығы ерлер сияқты 63 жаста зейнетке шығады. Осы ретте зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі қоғамда қызу талқыға түскені белгілі. Әлеуметтік кодекс аясында әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесіне қатысты Azattyq Rýhy тілшісі сарапшылардың пікірін білді.

Таяуда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандықтардың жекелеген санатының зейнеткерлік жасын қысқарту мәселесіне қатысты:

«Бұл тақырып талқыланады. Шынымды айтсам, қиын сұрақ. Біз халықаралық тәжірибені ескереміз. Бұл тақырыпты тек кеншілер көтеріп отырған жоқ. Бүгінде мүгедектігі бар аналар да осы мәселені көтеріп жатыр. Сондықтан талқылайтын боламыз», - деп жауап берген болатын.

«ҚАЗАҚСТАНДА 55 ЖАСТА ЛАЙЫҚТЫ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҒУ МҮМКІНДІГІ БАР. БІРАҚ...»

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ерте зейнетке шығуға қарсы емес екенін айтады.

«Мен зейнетке ерте шығуға қарсы емеспін. Бізде қазірдің өзінде зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге және зейнет демалысына 55 жаста шығуға мүмкіндік бар. Факторлардың барлығын бірлесе отырып зерттеуіміз керек. Бұл кейін азаматтарымыздың зейнетақысы төмен болмауы үшін қажет. Азаматтарымыздың табысын ескере отырып, зейнетке ерте шығудың бірнеше тәсілін қарастыруымыз керек», – деді министр.

Соңғы мәлімет бойынша республикада зейнеткерлер саны 2 млн 245 мыңнан асады. Орташа зейнетақы мөлшері – 105 193 теңге.

«2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, ал 30 жыл болса, онда 94%-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді», - делінген министрліктің хабарламасында.

Министрліктің мәліметі бойынша 1 мамырдағы жағдайға сәйкес қазақстандықтарға 939,3 млрд теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. 2022 жылғы сәуірде республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 234,4 млрд теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 71,3 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 163,1 млрд теңге бөлінді.

«ОРТАША ЗЕЙНЕТАҚЫ 100 МЫҢ ТЕҢГЕНІҢ ҮСТІНДЕ ДЕГЕН АҚПАРАТ ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙДЫ...»

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Қазақстанның бюджет шығыны 18 трлн теңге болса, оның ішінде арнайы әлеуметтік төлемге (зейнетақы, жәрдемақы т.б төлемдер) 200 млрд теңге қарастырылған. Бұл жалпы шығынмен салыстырғанда әлдеқайда аз.

«Үкіметтің баяндамасында әлеуметтік салаға бюджет шығыстарының 50%-ы жұмсалатыны айтылады. Осы ретте, бұл салаға білім, денсаулық сақтау, мәдениет бағытындағы мамандар еніп отыр. Егер жоғарыда аталған 18 трлн теңге шығынның 1 трлн теңгесі әлеуметтік осал топқа бөлінетін болса, онда расымен, Үкімет елдегі қарттар мен балаларға және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қомақты қаражат жұмсап жатыр деп айтуға болар еді. Осы ретте, біздегі ең төменгі күнкөріс шегі – 32 мың теңге. Бұл қаражатқа бір адам бір ай да өмір сүре алмайды. Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемінің мөлшері – 19 450 теңге. Бұл да қарттарға жұғын болмайды. Ең төменгі жалақы – 62 мың теңге», - дейді экономист.

Сарапшының айтуынша, қазіргі елдегі инфляцияны негізге алып, жалақының ең төменгі мөлшерлемесі 80 мың теңге болуы керек. Қазақстанда зейнетақы төлемінің орташа мөлшері 100 мың теңгенің үсінде деген ақпарат та шындыққа жанасымды емес.

«Бір кісілер 400-500 мың зейнетақы алса, басқалар 60-70 мың шамасында алады. Осы екеуін қосады да, орташа зейнетақы мөлшерін шығарады. Шын мәнінде қарапайым зейнеткерлердің (жалпы зейнеткерлердің басым бөлігі осы санатқа жатады) басым бөлігі 60-80 мың теңге аралығында зейнетақы алады. Менің түсінігімде халықтың табысы артпай, олардың зейнетақысы да жоғары болмайды. Қазіргі азаматтардың зейнетақыға аударып отырған 10% төлемі олар зейнет жасына жеткенде құнсызданып, азайып қалады. Өйткені жинақталған сома инфляцияға ұшырайды», - деп түсіндірді Мақсат Халық.

ЗЕЙНЕТ ЖАСЫН ҰЗАРТУҒА НЕ СЕБЕП?

2018 жылдан бері әйелдердің зейнет жасын ұзарту туралы шешімге халықтың өмір сүру жасының ұзарғаны себеп болып отыр. Соған сай бюджетке түсетін салмақ артады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылы туған әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 74,03 жасты, ерлер 66,33 жасты құрайды. Осылайша, бағалауға сәйкес, әйел адам орташа есеппен ер адамнан 7,7 жыл ұзақ өмір сүреді. 2007 жылы бұл көрсеткіш 12 жас болған.

Экономист, әлеуметтік-демографиялық саладағы зерттеуші Батжан Ақмолдинаның айтуынша, зейнет жасын ұзарту әйелдердің еркектерден өмір сүру ұзақтығы жоғары болғанымен түсіндіріледі. Десе де, сарапшы өмір сүру ұзақтығын ғана негізге алу қисынсыз екенін айтады.

«Кезінде әйелдердің зейнет жасын 55-58 жас межесінде бекіткенде оның физикалық өзгеріс, гормоналдық дисфункцияға ұшырау және психоэмоциялық жағдай, еңбек жүктемесі негізге алынатын. Денсаулығы жақсы кейбір зейнетке шыққан әйел адамдар зейнеткер болса да жұмыс істейтін. Бірақ бұл көрсеткіш 100%-дың тек 20%-ы ғана. Айта кетерлігі, мұғалім сияқты мамандықтар эмоция-психологиялық тұрғыда қиын. Осы мәселе ескерілмейді. Қазір өмір жасы ұзарғанымен әйелдердің қартаю үрдісінде өзгешелік болған жоқ, сондықтан зейнет жасын 63-ке дейін ұзарту тек бюджет үнемдеу үшін жасалып отырған қадам», - дейді Батжан Ақмолдина.

Оның сөзінше, зейнет жасының ұзаруы еңбек жарамдылығының жоғалуына емес, жасқа байланысты өзгеріп отыр. Ауыр жұмыс істеген немесе қандай да бір экологиясы нашар өңірдің тумасы үшін зейнетке шығуда жеңілдіктер қарастырылған. Себебі бұл санатқа жататын адамдардың ертерек қартаюына, денсаулығының сыр беруіне, еңбекке қабілеттігінің төмендеуіне әсер ететін факторлар бар.

«Осы ретте, әйел адамдардың зейнет жасын ұзартқан уақыттан бастап, халықтың өмір сүру сапасы жақсарған жоқ, денсаулық сақтау саласында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Зейнет жасын ұзартудағы негізгі себеп тек бюджетке түсетін салмақты жеңілдетуге байланысты. Яғни, мемлекет қарттарды зейнет жасында қамтамасыз етуге келгенде үнемшілдікке салынып отыр деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, мен басқа себебін көріп отырған жоқпын», - деді әлеуметтік-демографиялық саладағы зерттеуші.

СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ӨМІР СҮРУ ҰЗАҚТЫҒЫ ҚЫСҚАРЫП БАРАДЫ

Арнайы жүргізілген зерттеудің нәтижесінде белгілі болғандай, ер адамдар зейнетке шыққаннан кейін үш жылдан сәл артық өмір сүреді екен. Ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы соңғы үшінші жыл қатарынан қысқарды және қазір соңғы 8 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы биыл 2011 жылдан бері ең төменгі деңгейге жетті. Сөйтіп, бұл көрсеткіш екінші жыл қатарынан төмендеп отыр.

Мақсат Халық зейнет жасын төмендету өте қиын процесс екенін, қазір әйелдердің зейнет жасын төмендетуге мүмкіндік барын, бірақ алдағы 3-4 жылда қайтадан зейнет жасын ұлғайту керек болатынын айтады.

«Халық тарапынан наразылық туындайтыны түсінікті. Себебі статистикалық мәліметтен көріп отырғанымыздай, жылдан жылға әйелдердің жасы ұлғайып келеді. Зейнет жасын төмендету туралы айтқан кезде екі нәрсеге басымдық беру керек. Біріншісі, зейнетке ерте шыққан азаматтардың зейнетақысы төмен болады. Екіншіден, зейнет жасына дейін толығымен еңбек еткен азаматтарымыз салыстырмалы түрде жоғары зейнетақы ала алады. Осы ретте, азаматтар зейнетақыны ұзақ күтпей-ақ зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Алайда, бұл үшін БЖЗҚ-да жеткілікті жинақ сомасы болуы керек. Адамның жасы неғұрлым үлкен болса, жеткіліктілік мөлшері соғұрлым төмен болады. 2021 жылы 52 жастағы әйел үшін зейнетақы аннуитетінің құны 9 млн теңге болған, биыл 7 млн теңгені құрап отыр. Бұның да өз қиындықтары бар. Есептеп келгенде алатын төлемдері азайып қалады», - дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, елде жыл сайын еңбек нарығына қосылып келе жатқан азаматтар саны ұлғайып келеді. Бұған дейін 300 мың жас жұмысқа қабілетті болса, енді оған тағы 100 мың жас қосылмақ. Себебі, 2000 жылдан бері қарай елдегі туу көрсеткіші жоғары. Осы ретте жас мамандарды сапалы жұмыспен қамту мәселесі маңызды. Олардың еңбек өнімділігі төмен болса, бюджетке түсім аз түседі. Осы жағдайды негізге алып зейнет жасын төмендетуге болады.

«Егер біз қарттарымызды ойласақ, алдымен жастарды дұрыс жұмыспен қамтамасыз етуге басымдық беру керек», - дейді Мақсат Халық.

ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНА КІМДЕР ЕРТЕ ШЫҒА АЛАДЫ?

Заң бойынша белгілі бір санаттардың зейнеткерлікке ерте шығуына құқығы бар. Мысалы, 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жаста, Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер – 45 жаста шығуға құқы бар. Әлеуметтанушы, Нұрлан Байғабылов бұл тізімді бірнеше санатқа бөлу керегін айтады.

«Әйелдердің зейнет жасын ұзарту қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе. Халықтың өмір сүру жасының өсуіне байланысты зейнет жасы да ұлғайып отыр. Меніңше зейнет жасына шығару қызмет түрінің ауыртпалығына және бірнеше категорияға бөліп қарастыру керек. Ауыр жұмыста жүрген әйел адам болсын, ер адам болсын ертерек зейнетке шыққаны дұрыс. Бұған қоса, жүйке жүйесіне ауыртпалық түсіруі ықтимал мұғалім сияқты мамандарды да ескеру керек.

Жалпы әйел адамдардың ерлерге қарағанда қоғам алдындағы ана ретінде және отбасындағы жүктемесі еркерілуі аса маңызды. Осы ретте, зейнетке ерте шыққаннан кейін де қаржылық тұрғыда өмір сүруіне қажетті, әлеуметтік тетіктер қарастырылуы керек», - дейді ол.

Оның сөзінше, зейнеткерлердің психологиялық көңіл-күйі, әлеуметтік тұрмыс деңгейіне Үкімет жауапкершілікпен қарауы керек. Себебі, адам зейнетке шыққаннан кейін қоғамдық өмірден алшақтап қана қоймай, күні кеше алып жүрген табысының бір бөлігіне ғана өмір сүруге мәжбүр болады.