Шет ауданында шаруалар өмір бойы жұмыс істесе де, 23 мың теңгемен зейнетке шыққан

Автор: Azattyq Rýhy

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Нұрымбетовке депутаттық сауал жолдаған Жамбыл Ахметбеков Шет ауданындағы «Қоңырат» шаруа қожалығы ардагерлерінің мәселесін айтты

Фото: ашық дерек көзінен

Коммунистік партия фракциясына көмек сұрап келген бір келіншектің проблемасы сондағы жүзге тарта адамның тиісті зейнетақыдан қағылып отырғанын көрсетіпті.

"Қарағанды облысының Шет ауданынан келген азаматша өмір бойы "Қоңырат" шаруашылығында жұмыс істеп, зейнетке шығу кезінде еңбек өтілін дәлелдей алмай, ең төменгі 23 мың теңгемен зейнетке шыққан. Себебі, оның деректері архивте болмаған, еңбек кітапшасындағы жазбалар да ескерілмеген. Сонда қалай, кезіндегі шаруашылықтың басшыларының кесірінен неліктен азаматтар зардап шегуі тиіс? Шет ауданында осы шаруашылықта еңбек еткен қаншама азамат осылайша заңды табысынан қағылып отыр. Кезінде бұл совхозда кемінде 500-1000, мүмкін одан да көп адам жұмыс істегенін ескерсек, оның салдарын елестетудің өзі қиын. Яғни, Қарағанды облысында осындай жағдайға тап келген қаншама азамат бар. Ал бүкіл республикамыз бойынша жағдай қандай деген орынды сұрақ туындайды", - дейді Жамбыл Ахметбеков.

Жамбыл Ахметбеков айтуынша ол әйелдің еңбек өтілін  көршілердің куәлігіне жүгініп,   ардагерлер ұйымдары арқылы, тіпті қажет болса, сот шешімі арқылы дәлелдеуге болатын еді. Алайда, ауылдағы әлеуметтік сала қызметкерлері ол әрекетке бармаған.

"Осындайда бір шенеуніктің шалағай жұмысы бір отбасының тұрмыс-тіршілігіне, яғни қоғамдағы көптеген отбасының күнкөрісіне әсер етеді. Сондықтан қарағандылық әйелдің зейнетақысын есептеу кезінде кеткен қателіктерді тез жөндеу үшін қызметтік тексеріс жасап, тиісті шешім қабылдауыңызды сұраймыз. Әділдік орнайтынына сенгіміз келеді", - деді Ахметбеков

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан