Қарттарға сыйақы беруге 3,2 млрд теңге бөлінеді
Қарттар күні аясында бір жолғы материалдық көмекке 3,2 млрд теңге бөлу жоспарланған. 1,2 млрд теңге санаториялық-курорттық емделуге, 1 млн-нан астам теңге қоғамдық көлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, тіс протездеуге бағытталады.
Жалпы Қазақстанда қарттарды әлеуметтік қолдауға 7 миллиардтан астам теңге бағытталған.
«Қоғамдық көліктерде жеңілдетілген жол жүру ақысына – 471,2 млн. теңге, дәрі-дәрмекпен жеңілдікпен қамтамасыз етуге – 352,4 млн. теңге, тіс протездеуге – 187,5 млн. теңге, үйді жөндеуге – 19,8 млн. теңге, отынмен қамтамасыз етуге – 176,1 млн. теңге, азық-түлік пакетін ұсынуға – 341,3 млн. теңге, басқа да көмек түрлеріне – 636,8 млн. Теңге қаралаған», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов.
1998 жылы Қазақстан зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін реформалауды бастап, жеке зейнетақы жинақтары қағидатына көшті. Қазақстанда жүргізілген реформаның нәтижесінде базалық, бірлескен және қаржыландырылатын құрамдас бөліктерді қамтитын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі құрылып, жұмыс істейді.
«Әрбір азаматтың лайықты қартаюын қамтамасыз ету – ҚР Үкіметінің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі. Аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, өңірлік деңгейде де іске асырылады. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі құрамдас бөлігі зейнетақымен қамтамасыз ету болып табылады», –деді Ақмади Сарбасов.
Бүгінде Қазақстанда 2 млн 190 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Жыл сайын 1 қазан күні Қазақстанда 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы белгілеген Халықаралық қарттар күні аталып өтеді.