Елордада Экология министрлігінің қызметкерлері саябақты қардан тазартты

Автор: Azattyq Rýhy

#BizBirgemiz челленджіне министрліктің 200-ден астам қызметкері қатысты

ҚР Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі ұжымы сенбі күні министр Мағзұм Мырзағалиевпен бірге Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген қар тазалау акциясына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

#BizBirgemiz челленджіне министрліктің 200-ден астам қызметкері қатысты.

«Экология министрлігінің ұжымы бүгін астанадағы қар тазалау акциясын қолдады. Біздің ұжым оң жағалаудағы саябақты тазартты. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында қар қалың жауғандықтан, коммуналдық қызметке көмек керек-ақ. Волонтерлер жылында бұл да бір игілікті шаруаның басы болды. Баршаңызға жəрдемдеріңіз үшін мың алғыс!», - деп жазды ведомство басшысы Twitter-дегі өз парақшасында.

Атап айтқанда, Экология министрлігі қызметкерлерінің күшімен Кенесары мен Республика көшелерінің қиылысындағы саябақ қардан тазартылып, үш КамАЗ қар шығарылды.

Айта кетсек, жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық əртіс Тұрсынбек Қабатовтың астана аулаларын қардан тазарту туралы ұсынысын қолдаған еді.

«Волонтерлер жылындағы орынды бастама», - деп жазды Тоқаев Twittrr-де.

Соңғы күндері Қазақстан астанасына қалың қар жауғаны белгілі.