Тигран Кеосаянның Қазақстан туралы мәлімдемесін батыстық БАҚ қалай жариялады
Режиссер Қазақстан халқына «ескерту» жасаған
Осы аптада Батыс медиалары Орталық Азия мемлекеттерінің санкциялар қысымына ұшыраған Мәскеуден бойын аулақ ұстау ықтималдығы туралы айта бастады. Басылымдар Ресейдің Украинадағы әскери қақтығыс аясында бейтараптықты сақтауға тырысқан Қазақстанға Мәскеудің ақпараттық шабуылын сарапқа салды.
24 сәуірде Кеосаян YouTube-арнасында видео жариялаған. Онда ол қазақстандықтар "Украинаға қарағаны жөн" екенін, ал ресейлік жауапты тұлғалар «қарым-қатынас деңгейін қайта қарауы керек» деп мәлімдейді.
Тигран Кеосаян - RT телеарнасы, «Россия сегодня» халықаралық ақпарат агенттігі және Sputnik ақпарат агенттігінің бас редакторы Маргарита Симоньянның күйеуі.
Сыртқы істер министрлігі мұндай сөздер «тату көршілік қарым-қатынас атмосферасын улап, стратегиялық серіктестік қарсыластарына көмек болады» деп санайды.
«Ол Қазақстанға кіруге рұқсат етілмеген тұлғалар тізіміне кіреді деп ойлаймын», - деді министрліктің баспасөз хатшысы.
«Ресей пропагандисіне» қарсы жауап берді
Мәселен, ағылшын тіліндегі Eurasianet сайты «Ресей пропогандисі» Тигран Кеосаянға Нұр-Сұлтан жауап берді деп жазды.
Кеосаян Қазақстанда 9 мамырда өтетін әскери парадтың тоқтатылуына көңілі толмайтынын айтып, Ресейдің «жауапты тұлғалары» «қарым-қатынас деңгейін қайта қарауы керек» екендігін мәлімдеген еді.
Мақалада Кеосаянның мәлімдемесіне қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі тарапынан қатаң қарсылық туғанын атап өткен дей келе, Кеосаян Украинадағы қақтығыстың Ресей мен НАТО арасындағы «соғыс» екенін, әрі басқа елдердің тиісті шешім қабылдауы керектігін айтқанын мысал етеді.
Басылымның жазуынша, мемлекеттен қаржыландырылатын RT арнасының бас редакторы Маргарита Симоньянның күйеуі Тигран Кеосаян соңғы жылдары Кремльді табанды жақтаушыға айналған.
«Оның аргументтері Ресей үкіметінің көзқарасын дәл көрсетеді», дейді мақала авторы. Басылым Қазақстанның ешбір тарапты жақтамай бейтарап қалуға тырысқанын жазады. Есте болса, бұған дейін Нұр-Сұлтан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін, сондай-ақ Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектеспейтінін ресми мәлімдеген еді.
Ал Кеосаян меңзеген ҰҚШҰ әскерлері турасында сарапшылар сол кездің өзінде Қазақстан президентінің әскери көмек сұрауы елді Ресейдің алдында осал жағдайға қалдырады деп болжаған, деп жазады Eurasianet.org.
Үнді-Тынық мұхиты аймағының саясатын, қоғамын және мәдениетін қамтитын The Diplomat халықаралық онлайн жаңалықтар журналы бұл оқиғаны «Украинаға қара»: Ресейлік комментатор Қазақстанға сес көрсетті», деген тақырыппен берді.
«Кеосаянның бұл пікірі қазақстандықтардың биыл дәстүрлі Жеңіс шеруін өткізбеу туралы шешіміне жауап ретінде айтылды. Бұрынғы Кеңес Одағының мемлекеттері 9 мамырда «Жеңіс күні» мерекесін мұра етті, бұл мерекеде фашистік Германияның берілу күні жиі әскери шерулер өткізіледі. 2020 және 2021 жылдардағы шерулерді пандемияға байланысты тоқтатқан Қазақстан 2019 жылдан бері Жеңіс күніне арналған парад өткізбейді. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі 13 сәуірде бұл туралы мәлімдеме жасаған кезде бірден түсініктеме бермеді, бірақ кейінірек парад бюджеттік шығындар мен «басқа мәселелерді шешу» қажеттілігіне байланысты ұйымдастырылмайтынын түсіндірді.
Кеосаян Қазақстан халқын «алғыссыз» деп атап, Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасына нұқсан келеді деген болжам айтты», деп көрсетілген мақалада.
Бұл оқиғаны Reuters агенттігі Қазақстан ресейлік тележүргізушіге «Украинаға қара» дегені үшін шара қолдануы мүмкін деп жазды.
«Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптамаса да, мұнайға бай бұрынғы кеңестік республика Қазақстан дағдарысты Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес шешуге шақырып, Украинаға гуманитарлық көмек жіберіп, талаптарды орындайтынын мәлімдеді. Кремль қолдайтын RT БАҚ-тың бас редакторы Маргарита Симонянға үйленген Тигран Кеосаян YouTube желісіндегі шоуында Қазақстан Ресейге қолдау көрсетпей, «алғыс» айтпай, «қулық» жасап отыр деп мәлімдеді.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Кеосаянның сөздері «қорлау» және объективті емес деп мәлімдеді», деп жазды басылым.
Сондай-ақ, басылым Қазақстанның Ресеймен тығыз экономикалық байланысы бар екенін, 19 миллион халқының арасында үлкен этникалық орыс диаспорасы өмір сүріп жатқанын атап өткен.
«Дегенмен, Қазақстан да негізінен мұнай-газ секторына батыстан жүздеген миллиард доллар инвестиция тартты және өзінің сыртқы саясаты «көпжақтылықты» ұстанатынын айтады», деп жазылған аталған мақалада.
Орталық Азия Украинадағы соғысқа алаңдаулы
Ресейдің Украинаға басып кіруі дүние жүзіндегі мемлекеттердің геосаяси есептерін күрт көтерді. Әсіресе, Ресеймен де, Украинамен де кең экономикалық, саяси, мәдени және басқа да байланыстарды сақтап отырған Орталық Азияның посткеңестік мемлекеттері үшін бұл қиын жағдай, деп жазды World Politics Review журналы.
Мақала авторы АҚШ Ұлттық қорғаныс университеті Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Джеффри Манкофф экономикалық және геосаяси тұрғыдан Мәскеуге тәуелді Орталық Азия елдерінің халқы мен басшылары Ресейдің неоимпериялық амбициялары тек Украинамен ғана шектеліп қалмауы мүмкін деп алаңдаушылық білдіреді.
Ғалым жағдайды «алаңдаушылықпен бақылап» отырған Орталық Азияға соғыстың қалай әсер етуі мүмкін екенін айта келе, Батыстың санкциялары мен шектеулері Ресей бастаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстан мен Қырғызстанға әсер етіп жатқанын алға тартады.
Орталық Азия жалғасып жатқан соғыстың алдыңғы шебінен алыс, сондықтан Молдова немесе Грузия сияқты мемлекеттерге қарағанда тікелей әсер етпегенімен, оның басшылары да қиын шешімдер қабылдауда дейді автор.
«Орталық Азия элиталары негізінен соғысқа қарсылық танытып отыр, бұл үшін оларға Мәскеу қарсы шығуға сылтау болуы мүмкін деп қауіптенеді. Ресей ұзақ уақыт оқшаулану және санкциялар кезеңімен тап келуі мүмкін болғандықтан, Орталық Азия мемлекеттері Ресейге экономикалық және саяси тәуелділігін одан әрі азайтуға тырысуы мүмкін», деп жазады басылым.