Елімізде шетелдік 613 отбасына Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған

Автор: Әсел Оршыбекова

Наурыз айының қорытындысы бойынша АӘК 98,1 мың отбасына тағайындалды, оның ішінде 503,5 мың адам иеленді

Фото ашық дереккөзден

Бүгінде елімізде «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, босқындардың, шетелдіктердің және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адамдардың құқығы бар. Осы ретте аталған жәрдемақы түрі жыл басынан бері қанша адамға тағайындалғандығы жөніндегі сұрақтарға Azattyq Rýhy тілшісіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев жауап берді.

Ведомство ұсынған деректерге сүйенсек, наурыз айының қорытындысы бойынша АӘК 98,1 мың отбасына тағайындалды, оның ішінде 503,5 мың адам иеленді. АӘК алушылардың құрамында келесі санаттар белгіленді:

  • балалардың үлесі 64,3% немесе 323,5 мың.;
  • көп балалы отбасылардың үлесі 43,2% немесе 42,4 мың.;
  • барлық топтағы мүгедектердің үлесі 1,2% немесе 5,9 мың.;
  • зейнеткерлердің үлесі 0,2% немесе 1,1 мың.;
  • күндізгі бөлімде оқитын студенттердің, тыңдаушылардың, курсанттардың, магистранттардың үлесі 2,8% немесе 14,1 мың.;
  • еңбекке қабілетті адамдардың үлесі 30,6% немесе 154,1 мың (оның ішінде жұмыссыздар – 4,6 мың, тәуелсіз қызметкерлер – 4,4 мың,  өтініш берген сәтте жұмысы бар тәуелсіз қызметкерлер – 80,2 мың, балаларға, мүгедек балаға, 1 және
    2-топтағы мүгедекке, қарт адамдарға күтімді жүзеге асыратын адамдар – 64,9 мың).

Сонымен қатар, Атаулы әлеуметтік көмекке ие бола алатын азаматтардың санатында шетелдіктер де бар.

«Есептік деректер бойынша, АӘК алушылар қатарынан 613 отбасы Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер болып табылады, олардың басым бөлігі Өзбекстан (374 отбасы), Ресей (94 отбасы), Қырғызстан (76 отбасы), Тәжікстан (15 отбасы), ҚХР (12 отбасы) азаматтары, ал қалған аз бөлігі Ауғанстан, Әзірбайжан, Украина, Моңғолия, Түркіменстан, Иран және Беларусь елдерінен келген», - делінген вице-министрдің берген жауабында.

Соңғы үш жылдың ішінде АӘК алушылар болып танылған өтініш берушілердің саны:

  • 2019 жылы – 468,3 мың отбасы, оның ішінде 2 177,2 мың адам.;
  • 2020 жылы – 184,7 мың отбасы, оның ішінде 936,2 мың адам.;
  • 2021 жылы – 198,4 мың отбасы, оның ішінде 990,5 мың адам.

АӘК-ті қамтамасыз етуге бюджеттен 2019-2021 жылдары 350 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды:

  • 2019 жылы – 2,2 млн адамға 206 237,4 млн теңге;
  • 2020 жылы – 936,2 млн адамға 76,1 млн теңге;
  • 2021 жылы – 990,5 млн адамға 65,6 млн теңге.

«Деректерге сәйкес 2021 жылдың қорытындысы бойынша 550 458 өтініш берушіден АӘК тағайындауға өтініш қабылданды, оның ішінде 447 509 өтініш бойынша оң шешім, 102 949 өтініш бойынша теріс шешім қабылданды. Жалпы, АӘК-ке өтініштер тоқсан сайынғы негізде қабылданып, тағайындалады», - делінген вице-министрдің жауабында.

«2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кедейлік шегінің мөлшері екі рет қайта қаралды. 2018 жылы кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40%-нан 50%-на дейін ұлғайтылды. Тиісінше, 2018 жылы АӘК төлеуге шығыстар 28 млрд теңгені құрады немесе 2017 жылмен салыстырғанда 35 есеге ұлғайды. 2019 жылғы сәуірден бастап кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшерінде белгіленді және АӘК жүйесінде жүргізілген реформалауды ескере отырып, республикалық бюджеттен қосымша 205 млрд теңгеден астам бөлінді. Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда табысы аз азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы тетігі үздік халықаралық тәжірибелерге негізделгенін атап өтуге болады, мұнда басты бағдар жұмыссыздармен негізгі құралдардың іс-қимылын күшейту арқылы өмірлік қиын жағдайдан өз бетінше шығу үшін қажетті жағдайлар жасау болып табылады», - делінген вице-министрдің жауабында.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 2022 жылғы 1 тоқсанда 38 871 теңгені құрады.

Республика бойынша кедейлік шегінің мөлшері өңірлік кедейлік шегінің 70% деңгейінде белгіленген, 2022 жылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша кедейлік шегінің мөлшері орта есеппен 27 210 теңгені құрады.

«Облыстар бойынша ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысында – 30 717 теңге, Нұр-Сұлтан қаласында – 29 577 теңге және Алматы қаласында – 28 616 теңге белгіленді. Ең төменгісі Ақтөбе облысында – 27 447 теңге және БҚО-да – 25 299 теңге.

Бұл жағдайда АӘК тағайындалған сомасының мөлшері әрбір нақты отбасы үшін жеке, яғни жиынтық табыс пен кедейлік шегінің мөлшеріне байланысты анықталады. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде ҚР-да және одан тыс жерлерде есептік кезеңде алынған табыстың барлық түрлері ескеріледі», - делінген Руслан Сәкеевтің жауабында.

Сонымен қатар, АӘК алатын отбасылар қатарындағы балалар қосымша кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі.

«Жасына қарай балалар екі санатқа бөлінеді – 1 жастан 6 жасқа дейін және 6 жастан 18 жасқа дейін. 1 жастан 6 жасқа дейінгі аз қамтылған мектеп жасына дейінгі балалар үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама шеңберінде тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларына сәйкес айқындалған азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарлары көзделеді. Оның құрамына: жеміс және (немесе) көкөніс гипоаллергенді езбесі, балаларға арналған гипоаллергенді балалар ботқасы, өлшеп оралған жүгері жармасы, өлшеп оралған сұлы үлпектері, балаларға арналған печенье, пастерленген немесе ультрапастерленген сүт, бидайдың қатты сұрыптағы макарондары, зауыттық қаптамадағы күнбағыс майы, классикалық гематоген, құрамында тұтас дәнді дақылдар бар таңғы асқа арналған сүт жастықшалары, ұсақталған бұршақ, қарақұмық немесе күріш жармасы кіреді. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтама 4 бөліктен тұрады. Бұл – оқу орны бойынша бір реттік тамақтану, мектеп формасымен қамтамасыз ету, мектеп керек-жарақтарымен қамтамасыз ету және қалалық қоғамдық көлікте жол жүрудің 50%-ын өтеу», - делінген жауапта.

Айта кететін жайыт, биыл есепті кезеңде Қазақстан бойынша АӘК-тің орташа мөлшері айына бір адамға 12 152 теңгені құрады.

Қаржылай атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, кей санаттағы отбасыларға елімізде әлеуметтік тұтыну себеті де қарастырылған.

«Ең төменгі тұтыну себеті адамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жинағын білдіреді. Қазіргі уақытта азық-түлік себеті жан басына шаққандағы орташа энергетикалық құндылықты күніне 2 175 ккал деңгейінде қамтамасыз ететін 43 азық-түлік атауынан тұрады. Ең төмен күнкөріс деңгейі әдістемесін жетілдіру жөніндегі бұл шараларды біз екі кезеңде қарастырамыз. Біріншіден, елдің экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып ЕТКД (Ең төмен күнкөріс деңгейі) қайта қарау қажеттігі туралы тапсырмасын іске асыру үшін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТКД шамасының құрылымы қайта қаралды. Яғни ЕТКД азық-түлік емес бөлігінің үлесі 40% - дан 45% - ға дейін ұлғайтылды.  Екіншіден, соңғы жылдары халықтың тамақ өнімдерін тұтынуында болған өзгерістерді және елдің қазіргі заманғы азық-түлік нарығының толымдылық ерекшелігін, Қазақ тағам Академиясының ұсынымын ескеріп, азық-түлік тауарларының тізбесін 43-тен 51 атауға дейін, сәйкесінше, тәуліктік энергетикалық құндылығын 2 175 ккал-дан 2 330 ккал-ға дейін ұлғайта отырып, өнімдерді тұтыну нормасын арттыруды қарастыру қажет», - делінген жауапта. 

Министрлік ұсынған деректерге сүйенсек, алдын ала есептеулер бойынша бұл республикалық бюджеттен қосымша 1,4 трлн астам қаражат бөлуді талап етеді.