Елімізде 24 ауыл ғана өмір сүруге қолайлы: «Ауыл – Ел бесігі» жобасына биыл екі мыңдай елді мекен енбей қалды

Автор: Еркежан Айтказина

Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі бойынша, Атырау облысындағы ауыл тұрғындары 430 мың теңгеден аса жалақы алып отыр

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy; Фото: Primeminister.kz

«Ауыл – Ел бесігі» жобасына 2019-2021 жылдарға 206 млрд теңге бөлінді. Биыл жобаны жалғастыруға мемлекеттен 100 млрд теңге қарастырылған. Осы ретте, аталған жобаның қорытындысы бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Биыл қанша ауыл мемлекеттің қолдауына ие болады? Azattyq Rýhy тілшісі еліміздегі ауылдардың тағдырын шешетін бірегей жобаға бөлінген миллиардтаған қаражаттың қайда жұмсалғанын анықтап көрді.

ЕЛІМІЗДЕГІ 6 293 АУЫЛДЫҢ 24-І ҒАНА ӨМІР СҮРУГЕ ҚОЛАЙЛЫ

Биылғы көрсеткіш бойынша елімізде 6 293 ауылдық елді мекен бар. Ресми мәліметке сүйенсек, 4 429 ауыл ғана орталықтандырылған сумен қамтылған, 5 535 ауылда – аудан орталығына асфальтталған жолдар, 3 738 ауылда – мәдениет нысандары, 4 553 ауылда – білім беру нысандары, 5 195 ауылда – денсаулық сақтау нысандары, 4 023 ауылда спорт нысандары бар.

Жалпы, 2021 жылы «Ауыл – Ел бесігін» жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 126,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1 мыңнан астам жоба жүзеге асырылып, 480 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылған. Биыл даму әлеуеті бар 492 ауылда 914 жобаны іске асыруға тағы 100 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат қанша жылдан бері шешілмей отырған білім беру, денсаулық, мәдениет салалары мен спорт жобаларын жүзеге асыруға жұмсалмақ.

Ұлттық экономика министрлігі таратқан ресми мәлімет бойынша өңірлік стандарттар жүйесіне енетін, ауыл халқы үшін өмір сүруге қолайлы (ыстық су және жылы сумен қамтылған, интернеті қолжетімді) 24 ауыл және аудан орталықтарында 32 елді мекен бар екен.

Енді осы санаттағы заманауи ауылдардың санын арттыру үшін облыстық әкімдіктер Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп 3,5 мыңнан астам ауылды таңдап алды, оның 1173-і тірек және 2388-і спутниктік. Алайда 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша бағдарлама іс жүзінде 3,5 мың ауылдың 665-іне ғана қатысты. Яғни үш жылда бар болғаны – 18%. Бұл ретте алдағы төрт жылда 2870 ауыл немесе 82 пайызы жобамен қамтылуы тиіс. Бұл қаншалықты толықтай жүзеге асатыны күмән тудырады.

Мәжіліс депутаты Альберт Раудың айтуынша, алыс шалғайдағы медициналық мекемелер 4 бөлмелі үйде орналастырылған. Онда адамдар отырып қана система алуға мәжбүр. Ауылдағы қордаланған негізгі мәселе: білім сапасының төмен болуы, медициналық ұйымдардың дұрыс қаржыландырылмауы, таза ауыз су мәселесінің шешілмеуі, шұрық-шұрық жолдардың уақытында жөнделмеуі. Депутат Аманжан Жамаловтың айтуынша, жобаға кірген болашақта дамуы тиіс 3000-нан аса ауылдың көбінде салыстырмалы түрде жағдай жасалған. Олардың басым бөлігі – облыс және ауданға жақын ауылдар.

«Бізде неге кей ауылдарға үйіп-төгіп барлық жағдай жасалады, ал кей ауылдарда мүлдем түк жоқ. 30 жылда мемлекеттен қолдау көре алмай кеткен ауылдар бар. Соларға теңдей, әділ түрде қаражат бөлу керек. Республика бойынша 6 293 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде 4 мың ауыл орталықтандырылған су құбырына қосылған. Ал екі мыңға жуық ауыл сусыз қалады деген сөз. «Ауыл ел бесігі» жобасында бұл ауылдардың болашағы жоқ деп көрсетілген бе? Жобаға кірмесе бұл ауылдар ешқашан ауыз суға қолжеткізбей кетеді деген сөз ғой. Ал кейбір инфрақұрылымы бар ауылдарға тағы да құрылыс салуға ақша бөліп отырмыз. Бұл әділ емес. Халықтың «бір ауылға үйіп-төгіп бәрін салады, ал енді біріне түк жоқ» деген шағымы өте орынды», − дейді депутат.

АУЫЛ БАЛАЛАРЫ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МЕ?

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова болса, ауыл мектептеріндегі білім сапасы сын көтермейтінін қозғап өтті. Бұл білімдегі теңсіздікке алып келеді.

«Ауыл мектебінде оқитын оқушылардың білім сапасы туралы айтайын. Ауыл балалары физика, химия биология пәндерін толық жетік оқымайды. Нанотехнологияны ауыл балалары білмейтін болса, емін-еркін спорт үйірмелерде шынықпайтын болса, оларды бәсекеге қабілетті деп айта алмаймыз. 2018 жылғы зерттеудің нәтижесі бойынша қала мен ауыл арасындағы алшақтық 1,5 жылдан 4 жылға дейінгі аралықты қамтып отыр. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық БҚО, Жамбыл, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау облыстарында айтарлықтай білініп отыр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасында осы 6 облыстағы білім деңгейінің жоғары болуын қамтуымыз қажет»,− дейді депутат.

Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі – «Дипломмен ауылға» жобасының әкімдеушісі. Бұл бағдарлама ауыл мектептерін сапалы кадрлармен қамтамасыз ете алмай отыр. Өз кезегінде білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаев биыл Алматы, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында кадр тапшылығын шешу үшін арнайы жоба іске асатынын, ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты қысқарту бойынша да жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеді.

Белгілі болғандай, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша биылға 20 млрд теңге бөлінетін болады. 2024 жылдан 2025 жылға дейін бұл жобаны 25 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген.

АУЫЛ ЖАСТАРЫНА АРНАЛҒАН ЖҰМЫС ЖОҚ

Ауылда жұмыспен қамту мәселесі аса өзекті. Ресми статистикалық дерек бойынша жұмыссыздық деңгейі – 4,8%. Яғни, ауылдарда 180 мың адам жұмыссыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша зейнетақы төлемеген және жұмысқа орналастырылмаған ауыл жастарының саны – 196 мың. Биыл оқу аяқталған соң олардың саны тағы 70 мыңға өсуі мүмкін.

Бұл мәселені аталған министрлік жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы шешуді көздеп отыр.

«Ауыл – Ел бесігі» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 37 мың жұмыс орны ашылмақ. Биыл 9 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ұлттық жобасы негізінде алдағы 3 жылда 458 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарда бар. Оның ішінде уақытша жұмыс орындарының саны – 51 мың. Тұрақты жұмыс орны – 13 мың. Былтырғы «Еңбек» бағдарламасының жобасы аясында 346 мың адам жұмысқа тартылған. Оның 240 мыңы – уақытша», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-минстрі Ержан Біржанов.

Уақытша жұмыс ары кетсе 6 айға ғана арналған. Мұндай жобалардың тиімсіз екені де сан мәрте айтылған болатын.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға арналған бағдарламада бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру, оның ішінде медициналық және әлеуметтік, мәдени саладағы қызметтер қамтылғанын мәлімдейді. Алдағы 4 жылда ауылды жерде 2 млн жұмыс орны құрылады деген жоспарды да жариялап отыр.

Прагадағы Карлов университетінің демография мамандығы бойынша докторанты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, демограф Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, соңғы жылдары халықтың төлем қабілеті айтарлықтай төмендеді. Бұған қоса, несие алушы халық саны да артып отыр. Табысы тұрақты қызметкерлер санатына мұғалім мен дәрігерлер және мемлекеттік қызметкерлер ғана еніп отыр. Ал ауыл шаруашылығы арқылы тұрақты табыс тауып отырған ауыл халқының көрсеткіші жоғары деп айта алмаймыз.

«Ауылдан қалаға көшу тенденциясы тоқтаған жоқ. Әлі жүріп жатыр. Бірақ жаппай көшу үдерісі байқалады деп айта алмаймын. Бұл процесс үнемі жүреді. Ауыл жастары ЖОО-ға түсу үшін, бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу үшін қалаға келеді. Көші-қон мәселесімен қатар, ауылда соңғы уақытта салыстырмалы түрде туу деңгейі де ұлғайған. Соңғы деректерге қарасақ туудың жиынтық көрсеткіші (репродуктивті жастағы әйелге шаққандағы туылған бала саны) ауылдық жерлерде 3,75-ке жетті. 2021 жылдың басында ауыл мен қаланың жас-жыныстық пирамидасында айтарлықтай өзгешелік бар. Ауылда 20 жасқа дейінгі адамдардың саны көп те, ал одан кейін жастадың үлес салмағы біртіндеп азаяды. Ауылды елді мекендерде халықтың 50,4 пайызын ер адам, 49,6 пайызын әйел адам құрайды. Қалалы жердегі халықтың 47,3 пайызын ер адам, 52,7 пайызын әйел адам құрап отыр», − дейді демограф.  

ЕЛІМІЗДЕ 1500-ДЕН АСТАМ АУЫЛ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН СУМЕН ҚАМТЫЛМАҒАН

Ресми мәлімет бойынша, сумен қамту бойынша 7 млн адамды құрайтын 6 293 ауылдың ішінде 4759-і ғана сумен жабдықтау қызметіне қолжеткізіп отыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, елдегі 4128 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылса, 203 мың адамы бар 631 ауылда кешенді блок модуль орнатылған. Қамтылмаған 1543 ауылдың ішінде 511 ауылға 2025 жылға дейін орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу жоспарланып отыр. Халық саны 200-ден аз 1032 ауылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок модульдер орнату жоспарланған.

«Биыл жалпы ауылды елді мекендерге 70 млрд теңге қаржы қаралған болса, қосымша 25,6 млрд теңге бөлініп отыр. Соған 131 жобаны аяқтауға мүмкіндік алып отырмыз. Алдағы 5 жылда таза ауыз су мәселесін 100 пайыз шешеміз. Соған сай алдағы жылы тағы 200 млрд теңге қаржы бөлу керек болады», − деді вице-министр Еркебұлан Дауылбаев.

Елді мекендердегі жолдарды салуға былтыр 300 млрд теңге қаржы қарастырылған болатын. Оған жалпы 3,8 мың шақырым жол жөнделіпті. Биыл бұл мәселеге 278 млрд теңге бөлініп отыр. Оған 27 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бұл – ауылды елді мекенге кіретін кірме жолдар мен аудандар арасын қосатын жолдар. Ал ауылдың ішіндегі жолды жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет қаражатынан шешуі керек екен.

АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАППАЙ ҚАЛАҒА КӨШУІНІҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Жалпы алғанда ауылды жерге қарағанда қалалы жерде халық саны көбірек. Бұл ақпаратты демограф Аяулым Сағынбаева да растайды.

«Бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп отыр. Халықтың ауылдан қалаға көшуі ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс күшінің азаюына алып келеді. Статистикалық деректерден ауылдағы егде адамдардың көшіп-қону көрсеткіші аз екенін көреміз. 14 жасқа дейінгі балалар санының артуымен егде жастағы кісілердің саны артуы ауылдардағы демографиялық жүктемеге әсер етіп отыр.

Айта кетерлігі, бюджет ауылдағы халықтың жас ерекшелігіне байланысты бөлінеді. Яғни, ауылды жерден түсетін салық кеміп, жергілікті бюжеттің қаражаты шығындарды жабуға жетпейді. Осыған байланысты әлеуметтік қаржылық жағдай қиындай түседі. Осы ретте, жастардың ауылдан кетпеуіне басымдық беру керек деп есептеймін. Диплом алған жастардың қайтадан туған ауылына барып, сол жерде еңбек етуі экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан аса тиімді болмақ. Отбасылардың көбі баласы дұрыс білім алуы үшін қалаға көшеді. Көші-қонға әсер ететін негізгі фактор кез келген отбасы өз жағдайын жақсартатын, болашағы жарқын, қолайлы орта іздейді. Әрине, ауыл халқының Нұр-Cұлтан, Алматы сияқты ірі қалаларға жаппай көшуі қаладағы қозғалыстық жүктемені арттырып, әлеуметтік мәселелердің шиеленісуіне әсер етеді», − дейді демограф. 

МИНИСТР АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАБЫСЫНАН БЕЙХАБАР

«Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асырушы – Ұлттық экономика министрлігі. Өткен аптада Мәжілісте өткен Үкімет сағатында министр Әлібек Қуантыровтан ауыл халқының орташа айлық табысы қанша деген сауал қойған едік. Жауабы мынадай:

«Оны айта алмаймын. Ауыл халқының табысы қалаға қарағанда төмен. Қазақстан бойынша ауылда тұратын тұрғындардың табысын арттыру туралы арнайы бағдарлама бар», - дейді министр.

Оның сөзінше, қала мен ауылды қосқанда халықтың орташа табысы 270 мың теңгенің үстінде деген мәлімет шындыққа жанасымды. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі бойынша, Атырау қаласында тұратындар ай сайын 416 849 теңге айлық алса, облыстағы ауыл тұрғындары 431 775 теңге жалақы алып отыр екен.

Осы ретте айта кетерлігі, ресми статистика мен шынайы өмірдегі жағдайдың арақашықтығы алшақ екені айтпаса да түсінікті.