Шу ауданында ЖОО-да оқитын жігітті әскерге күштеп әкеткен
Ол биыл магистрлік диссертациясын қорғауы тиіс болған
Мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталғалы бері жергілікті әскери басқару органдары ер азаматтарды көшеден, жұмыс орнынан ұстап алып, әкету жағдайлары тіркеліп жатыр. Қорғаныс министрлігі жобасында 2022 жылы отан алдындағы борышын өтеуге 1500 әскери міндетті жас шақырылады деп жоспарланған.
Жамбыл облысы Шу ауданынының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде Берік Рымқұл есімді азаматты алып кеткен. Оның әскери бөлімге еркінен тыс, яғни күшпен әкетілгенін ағасы Айдос Рымқұл мәлімдеді.
1998 жылы туған Берік Рымқұл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде магистратура бағдарламасымен оқып жатыр. Диссертация қорғау алдында Шу қаласындағы үйіне уақытша демалысқа келген жігітті көшеде әскери басқару органы қызметкерлері ұстап әкеткен.
Айдос Рымқұл бұл туралы өзінің Facebook-парақшасында жазып, жағдайға құзырлы орындардың назар аударуын сұрады.
«Інім биыл магистратураны бітіруі керек. Алайда, Шу ауданындағы тиісті орындар ініме әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдырудың дұрыс жолын ескертпеген. Себебі оны Egov порталы арқылы жасау керек екен. Өзім астанада болғанда әскерге шақыртылғам, ол кезде елордалық жауапты қызметкерлер нақты жолын ескертіп, түсіндірген еді. Ал Шудағылар ініме әдейі жолын айтпаған. Оны мен де құнтамаппын, не істеп жүргендерін білмеймін ғой. Оқып жатқаны туралы анықтамасы болса да қабылдамай қойған. Осылай демалысқа барған інімді Шудан кеше алып кетті», - дейді Айдос Рымқұл.
Ол шағын аудандарда пара талап ету оқиғалары жиі кезігетінін, бұл жағдайға да сыйақы сұрау негіз болуы мүмкін дегенді айтады.
«Негізі оңтүстік өңірлерде парақорлық деректері өте көп. Бірақ қазір оны кім мойындай қояды?! Өзге ұлт өкілдері қалай «отсрочка» алып жатыр, соны тексеру керек. Себебі барлығы егістікте жұмыс істеп жүреді. Оларды әскерге сүйреп жатқан ешкім жоқ», - деген ол заң нормаларын бұзу өңірде қалыпты жағдайға айналғанын атап өтті.
Айдостың айтуынша, інісімен телефон арқылы бүгін ғана тілдесу мүмкін болған. Шу ауданы қорғаныс істері жөніндегі жауапты қызметкерлер «Республика бойынша шулатқан екенсің, енді мәселе мүлде шешілмейді» деп айтыпты. Олар Берікпен бірге тағы бір студентті ұстап әкеткен екен.
Айдос Рымқұл аталған мәселені әлеуметтік желіге жазған соң, өзге қолданушылар да осы мәселеге орай қысым көріп жатқанын, ұқсас оқиғалар болғанын жеткізді.
Жанна Әмірхан есімді желі қолданушысы Тараз қалалық әскерге шақыру бөлімі қызметкерлері баласын бірден күш көрсетіп әкетпек болғанын айтады. Оның айтуынша, қалада күштеп әскерге әкету белең алып тұр.
«Ертең осындай жағдай басқа бір отбасын сорлатпасына кім кепіл? Еш дайындықсыз көшеден тиеп алып кеткен балалар Отанды қалай қорғайды? Қазір кезек күттірмейтін өзекті мәселе осы. Бойдақтарымыздан ажырап жатқанымыз аз ба, әлде әскери бөлім алдына барып өзімізді бензин құйып өртесек қана шешімін таба ба? Неліктен Тараз өңірінде сарбаздардың өлімі, әскерден қашуы жиілеп кетті?», деп жазды ол.
Azattyq Ruhy редакциясы сарбаздарды күштеп ұстау мәселесіне байланысты Жамбыл облысы Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне ресми сауал жолдайды. Жауабын қосымша хабарлайтын боламыз.
Мәселені мәжілісмен өз бақылауына алды
Еске сала кетейік, әскерге күштеп әкету, сондай-ақ міндетті борышын өтеу кезінде жазатайым оқыс оқиғаға ұшырау деректері соңғы жылдары медиа бетінде көп хабарланатын болды. Мәселен, жуырда маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай әскерге барған соң төрт күннен кейін қайтыс болған еді. Қайғылы оқиға осы Жамбыл облысында Гвардейск әскери қалашығында болған еді. Әлібектің туыстары жас жігітті соққыға жықты деп санайды. Аталған мәселе қоғамда үлкен наразылық туғызып, Үкімет пен құзырлы орындардан шешуін сұрады.
18 жастағы жігіт Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімге барғанына бір аптадай ғана уақыт болған көрінеді. «Әскерге айыппұлдан қорыққандықтан, мәжбүрлі түрде барды» дейді туыстары. Әлібектің ауылдастары мен жақындары тергеудің әділ жүргізілуін сұрап, Президентке үндеу жолдады. Әскерде жүріп қайтыс болған маңғыстаулық сарбаздың туыстары Қорғаныс министрлігін сотқа бермекші. Олар Әлібек жазатайым қайтыс болды дегенге сенбейтінін айтады.
«Мәйітіне де кірдік, баланы ұрып-соққан. Камерада бар, оны өзімізге түсіріп алдық. Тергеуші толық ақпарат берген жоқ. Іс күмәнді, бала ұрылған деді, сот сараптамасы бір айдан кейін шығады деді. Сол бір айдан кейін бізге не деп шығарып беретінін білмейміз», - дейді марқұмның туысы Динара Тілесова.
Қорғаныс министрлігінің өкілі сарбаздың сапқа тұру кезінде өзін нашар сезініп, есінен танып қалғанын айтады. Медициналық көмек көрсетілгенімен, аман алып қалу мүмкін болмады дейді. Оның айтуынша, мәйітке сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Сонымен бірге, Әлібектің денесінде қаза болғанға дейін ешқандай жарақат, көгеру анықталмағанын жеткізді. Қазір аталған іс бойынша құзырлы орган тергеу жүргізіп жатыр.
«Әскери қызметшінің қаза болуы ісі бойынша тергеуді Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жүргізіп жатыр, олар өз қызметтері бойынша тәуелсіз және Қорғаныс министрлігіне есеп бермейді. Бұл «тексерістің әділ және неғұрлым объективті» жүргізілуі үшін жасалған. Бұл жағдайды тексеріп, егер анықталса, кінәлілерді тауып және жауапкершілікке тарту біз үшін абырой болар еді», - деді ҚР Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы Серік Борамбаев.
Президент осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды. Аталған мәселеге орай, мәжіліс депутаты Константин Авершин де пікір білдіріп, Жамбылдағы сарбаз өлімі мәселесін жеке бақылауына алатынын айтқан болатын. Мәжілісмен осындай әр жағдайды жіті талдап, қатаң жазалау керек деп есептейді. Оның айтуына қарағанда, қазір де армияда «дедовщина» бар.