$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Медициналық сақтандыру қоры: аударылған қаражат қайда кетіп жатыр?

Төлем мөлшері, тегін медициналық қызмет түрлері, пайдаланылмаған қаражат

Медициналық сақтандыру қоры: аударылған қаражат қайда кетіп жатыр?
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғанына 3 жылға жуық уақыт болды. Ресми мәлімет бойынша содан бері денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есеге өсіпті. Осы ретте аталған салаға қаражат көлемі артқалы медицина қызметтеріне қолжетімділік жақсарды ма? Халық жалақыдан ай сайын әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақша аударғанымен оның игілігін көріп отыр ма? Сақтандыру қорына қатысты осы және өзге де мәселелерге Azattyq Rýhy тілшісі жауап іздеп көрді.

ҚАНДАЙ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР ТЕГІН?

Белгілі болғандай, былтыр сақтандыру қоры 694 млрд теңгеге шарт жасасқан. Қорға аударылған қаражат есебінен 2019 жылмен салыстырғанда денсаулық сақтау саласының бюджеті 94%-ға өсті. Бұл сомаға халық қандай қызметтерді тегін ала алады деген сауалға МӘМС баспасөз қызметі былай деп жауап берді:

«МӘМС жүйесінің енгізілуіне байланысты денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі ұлғайды, соған орай 2019 жылмен салыстырғанда консультациялық-диагностикалық қызметтер – 5 есе өсті (56,4 млн қызметтен 292 млн қызметке дейін). Бұл ретте медициналық көрсеткіштер бойынша қымбат тұратын зерттеулердің (КТ, МРТ, ПЭТ) қолжетімділігі артты, олар 2020 жылға дейін халықтың басым әлеуметтік осал санаттарына қолжетімді болды – 5 есе өсті (214,9 мың қызметтен 1,3 млн қызметке дейін), жоғары технологиялық медициналық көмек 2 есе артты. Пациенттерді амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз ету 54,1%-ға артты. Аурулар тізбесі 50-ден 128-ге дейін, ал дәрілік заттар тізбесі 289 атаудан 612-ге дейін кеңейтілді», -делінген ресми жауапта.

Биыл МӘМС жүйесі 852 млрд теңгеге келісімшарт жасауды жоспарлап отыр. Қор құралғалы бері бүгінге дейін жалпы сомасы 1,8 трлн теңгеге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна мен аударым түскен.

Айта кетерлігі, биылдан бастап азаматтар табысының 2% міндетті сақтандыру қорына төлейді, бірақ оның көлемі 12 мың теңгеден аспайды. Ал жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың сақтандыру қорына аударатын сомасы 4 200 теңгеден аспайды. Жұмыс берушілер қызметкер үшін оның жалақы мөлшерінің 3%-ын төлеуге міндетті.

МІНДЕТТІ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ БЮДЖЕТІ ҚАНШАЛЫҚТЫ АШЫҚ?

Парламент Мәжілісінің депутаты, Ғалымжан Елеуов Денсаулық сақтау министріне денсаулық сақтау саласын қаржыландыру және тариф белгілеу мәселелері бойынша мәселе көтеріп, медициналық сақтандыру қаражатының жұмсалуын қоғамдық бақылау қажеттілігі туралы айтты.

«Бұл мәселені былтыр көтерген едім. МӘМС жүйесін енгізу кезіндегі міндеттердің бірі – медициналық ұйымдар арасында бәсекеге қабілеттілікті арттыру болды. ТМККК және МӘМС шеңберінде медициналық қызметтердің әлеуетті жеткізушілеріне қойылатын талаптар бәріне бірдей емес. 2022 жылғы жағдай бойынша медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру бойынша медициналық қызметтер көрсету қорының тікелей жеткізушілері 1 389 медициналық ұйым болды, олардың 52%-ы жекеменшікке тиесілі (717 медициналық ұйым). Сондықтан бұл нарықты тартымды ету және сапалырақ ету үшін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін қызметтердің тарифтерін белгілеу жұмысын айтарлықтай арттыру қажет деп есептеймін», − дейді депутат.

Ол өз сөзінде сақтандыру бойынша тарифтердің мөлшері әр өңірде әртүрлі. Мысалы 2016 жылы туберкулезбен ауыратын бір науқастың тарифі жекелеген өңірлерде екі есеге артқан. Денсаулық сақтау министрлігі тарифтерді теңестіру бойынша жоспарланған жұмыстар туралы хабарлағанымен, қазірдің өзінде туберкулез бойынша айырмашылық шамамен 30% болып отыр.

«Медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру – қаржылай қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру және өңірлік денсаулық сақтауды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету. МӘМС енгізілгеннен кейін халық емханаларға көбірек бара бастады, тиісінше жүктеме артты және қаржыландыруда өзгерістер «сезілмейді». Сондықтан қазір әкімдердің алдында инфрақұрылымды дамыту және кадрлық қамтамасыз етуді ұлғайту міндеті тұр.

Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту, кадр проблемаларын шешу, емханалар мен ауруханалар басшыларының менеджментін арттыру, бұл жергілікті атқарушы органдардың белсенді қатысуын талап ететін және облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері шешуі тиіс денсаулық сақтаудың негізгі мәселелері», - дейді депутат.

Оның сөзінше, жалақыдан медициналық сақтандыру қорына аударылатын қаражат Ұлттық Банктің арнайы шотында сақталады. Ол жерден қаражат қордың жеткізушісімен жасаған келісім бойынша тікелей медициналық ұйымдарға түседі.

«Бізді бірінші кезекте бюджетті сауатты жоспарлау мәселесі толғандырады, яғни халықтың белгілі бір қызмет түрлеріне сұранысын, ауыл тұрғындарын медициналық көмекпен қамтамасыз етуді ескеру қажет. Өйткені, өкінішке қарай, денсаулық сақтау саласы ұзақ жылдар бойы қаржыландырылмай келеді. Бұл созылмалы жеткіліксіз қаржыландыру медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейіне және олардың кадрлармен қамтамасыз етілуіне әсер етеді», дейді депутат.

ҚОРҒА АУДАРЫЛҒАН ҚАРАЖАТ ПАЙДАЛАНЫЛМАҒАН ЖАҒДАЙДА ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Емханаларда мамандардың аз болуы және сұранысқа ие қызмет түрлерін күтудің ұзаққа созылуына байланысты тұрғындардың жеке клиникаға ақылы медициналық көмекке жүгінуіне мәжбүр. Осы ретте ай сайын қорға төлем аударып отырған халықтың қаражаты пайдаланылмаған жағдайда қайда жұмсалады деген сауалға былай деп жауап береді:

«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан азаматтарына, қандастарға және тұрақты тұратын шетелдіктерге қолжетімді. Пациент емханада алғашқы қызметтерді, жедел көмекті, санитариялық авиацияны және шұғыл стационарлық көмекті, дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулар кезінде медициналық көмекті алады. Бұл тізімге консультативтік-диагностикалық көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық оңалту кіреді»,- дейді.

Қордағы қаражаттың жұмсалуына қатысты медициналық сақтандыру жүйесі жинақтаушы емес. Ал аударылған төлем, яғни қаражат ауру қаупі туындаған кезде МӘМС тізбесіндегі медициналық қызмет түрлеріне жұмсалады.

«Пациент қажетті медициналық көмекті уақытылы алуға құқылы, ал мамандар, жабдықтар болмаған немесе ұзақ күткен жағдайда басқа медициналық ұйымға, оның ішінде жеке клиникаға және басқа өңірге жіберуі мүмкін. Яғни, медициналық қорға қаражат аударып отырған әр азамат егер тіркелген емханада кейбір маман я болмаса медициналық аппарат тапшы болған жағдайда жеке емханаға барып қарала алады», - дейді қордың баспасөз қызметі.

Биыл қор жүйесінде медициналық қызмет көрсету үшін 1389 ұйыммен шарт жасасқан. Оның 717-сі жекеменшік клиника.

Ай сайын жалақыдан қорға аударып отырған қаражатты қызметкер сол айда қолданбаған болса, яғни емханада қабылдауда болмаса, аударған қаражат жинақталып тұра ма?

«МӘМС жинақтаушы жүйе болып саналмайды. Сондықтан МӘМС жүйесіне қатысушылардың барлығы жарналардың мөлшеріне қарамастан медициналық көмекті бірдей алады. Осылайша, тұлға МӘМС тізіміне енгізілген медициналық қызметті оның құнына және ай сайынғы төлемдер сомасына қарамастан ала алады. Ең бастысы, сақтандырылған мәртебесі болуы керек», - делінген қордың ресми жауабында.

АЙ САЙЫН АУДЫРЫП ОТЫРҒАН ҚАРАЖАТЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ БІЛУГЕ БОЛАДЫ?

Айта кетерлігі, қорға жарна мен аударым жасаған кез келген азамат аударған сомасы туралы мәліметті Egov.kz электрондық үкімет порталында «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ке аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметін пайдалана отырып тексере алады. Бұған қоса, жеке клиникада күрделі операция мен емдеуге да мед.сақтандырудағы қаражат  есебінен емделу қарастырылған. Себебі қор мен жеке клиника арасында шарт бар.

«Пациент қай медициналық ұйымды таңдаса, ақысы сол медициналық ұйымға төленеді» қағидаты сақталады. Яғни, егер бұл қызметтер МӘМС тізбесіне кіретін болса және клиника осы қызметтер жөнінде Қормен шарт жасасқан болса, пациент ем ала алады немесе өзі таңдап алатын медициналық ұйымда операция жүргізілуі мүмкін. Жеткізушілер тізімін Қордың ресми сайтында «Пациент үшін» – «Емхананы таңдау» бөлімінен көруге болады», - делінген хабарламада.

«МӘМС» ДЕГЕН САЯСАТ...»

Әлеуметтік желіде «Халық ай сайын әлеуметтік сақтандыру қорына аударып отырған қаражатты расымен қолданып отыр ма?» деген сауал қойған болатынбыз. Аталған тақырып қызу талқыланып, постың астына 873 пікір жазылды. Оның ішінде көбі сақтандыру қорының жұмысына күмәнмен қарайтынын, аударылған қаражатты қолдана алмай отырғанын тіпті, өз қаражатына ақылы негізде жекеменшік емханаға барып емделіп жатқандарын айтты.

Әдемі Алдабергенова есімді Facebook қолданушысы:

«Пайдасы жоқ. Бір врач өз сөзінде жасайтын отасы біз төлеп отырған мед сақтандыру ақысына сыймайтынын айтқан болатын. Енді отаны ақылы түрде жасатамын деп шештім», - дейді.

Ақылбек Байбосынова есімді қызылордалыққа қала дәрігері Арал ауданына барып ем алуға нұсқаулық берген. Ақыры өз ауданында ем ала алмаған соң, Қазалының ақылы ауруханасына жатқанын айтады.

«МӘМС-ке ақша төлеп отырғанымыз қайда? Аралдың врачтары «МӘМС» деген саясат қой деді. Сонда біз саясатқа ақша төлеп жүр екенбіз», - дейді Facebook-ке жазған пікірінде.

Ал Ерке Дәулетбек сақтандыру қорына ай сайын ақша төлеуін төлейтінін, бірақ қаралатын дәрігерге кіру үшін апталап кезекке тұруға мәжбүр екенін айтады. «Ауырған жерің жаныңа батып тұрғанда амалсыздан ақылы дәрігерге баруға тура келеді. Тегін дәрігерге оңайлықпен қол жетпейді», - дейді.

ДӘРІГЕРГЕ КЕЗЕКТІ ҰЗАҚ КҮТКЕН ЖАҒДАЙДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Пациентті ақылы қызметке жіберсе немесе медициналық көмектен бас тартқан, қызметтерді ұзақ күткен жағдайда не істеу керек? Сақтандыру қорының бізге берген ресми жауабында әрбір медициналық ұйымда пациенттерге қолдау көрсету қызметі құрылған сол арқылы өз құқықтарын қорғай алады.

«Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, Қорға ресми кері байланыс арналары арқылы хабарласу қажет: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Telegram-дағы Qoldau 24/7 және Saqtandyry Bot мобильді қосымшасы арқылы сұрақтарға жауап алуға болады», - деліген.

МЕМЛЕКЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ БАСШЫСЫ ҚАНША ЖАЛАҚЫ АЛАДЫ?

Қор құрылған сәттен бастап биылға дейін қорға жалпы сомасы 1,8 трлн теңге қаражат түсті. Осы ретте, қор басшыларының алатын жалақысы жайында да сауал жолдаған болатынбыз. Басқарма Төрағасына жалақы мөлшерін қордың директорлар кеңесі белгілейді.

«Қазіргі басшы үшін салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді қоса алғанда бұрынғы Басқарма төрағаларымен бірдей мөлшерде – 1 500 000 теңге белгіленген. Басқарма төрағасы орынбасарларының еңбекақысы - салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді қоса алғанда 850 000 теңгеден басталады», - деліген қордың ресми жауабында.

Серіктес жаңалықтары