«Үйде отырып киім тоқитынмын»: қарапайым мектеп мұғалімі шеберханасын қалай ашқанын айтты
Мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грантты қалай алуға болады?
Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант иегерлерінің бірі – 28 жастағы Айнұр Мұқанқызы. Ол 2021 жылы «Бастау Бизнес» арқылы жеке бизнес жобасын құрып, 200 МРП көлемінде қайтарымсыз қаржы иеленген. Бүгінгі таңда ол өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпер. Azattyq Rýhy тілшісі кәсіпкермен телефон арқылы тілдесіп, грантты алудың жолдарын білді.
«Маған бұл бағдарлама туралы өткен жылдың бірінші кезеңінде грант ұтып алған танысым айтты. Оған дейін үйде киім тоқып, оны әлеуметтік желілер арқылы сататынмын. Бірақ ол жақтағы табысым тамағымнан артылмайтын. Сол себепті неде болса тәуекел етіп көрейін деп құжаттарды жинап, өткіздім. Сосын «Бастау Бизнес» курсын аяқтап, өз жобамды бастадым. Біраз уақыт өткеннен кейін менің бизнес-жоспарымды комиссия мүшелерінің мақұлдағаны хабарланды. Көп ұзамай грант қаражатын алдым», - дейді бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған келіншек.
«БИЗНЕС БАСТАУ» ЖЕКЕ КӘСІП ҚАНА ЕМЕС...
Айнұр мамандығы бойынша технология пәнінің мұғалімі. Өткен жылға дейін ол кәсіпкерлікпен айналыспаған.
«Баламмен үйде отырғаныма екі жылға жуықтап қалды. Екінші балама аутизм диагнозы қойылған соң, мектептегі жұмысымды толықтай тоқтатуға мәжбүр болдым. Бірақ мектептегі тәжірибем, өнер колледжіндегі дағдыларым үйде отырып киім тігуіме септігін тигізді. Басында мектепті, оқушыларымды сағынатынмын, жұмысқа барғым келіп тұратын (күліп). Бірақ жұмысқа шықсам, балаларыма кім бас-көз болады?! Маған уақытын өзім белгілей алатын, қалаған кезде балаларыма қарай алатын жұмыс қажет еді. Көпшілік мекеме ондай графикке келіспеді.
Ақыр соңы өз кәсібімді ашуға шешім қабылдадым. Шүкір, қазір тұрақты тапсырыс берушілерім бар. Пандемия кезінде маскаға сұраныс көп болды, қазір көбіне тапсырыспен киімдер тігемін», - деді Алматы облысы Панфилов ауданының тұрғыны.
Тігінші келіншек мемлекеттен берілген ақшаға Қорғастағы базарға барып тігін машинасын, қажетті маталары мен жіптер сатып алған.
«Ақша мемлекеттен бірден түседі деп ойламадым, бірақ шешім қабылданғаны хабарланған соң екі апта өтпей жатып, қаржы жеке есепшотыма түсті. Қуанышымда шек болмады. Курстағы жинаған білімім әлеуметтік желі арқылы клиент жинауға үлкен септігін тигізді. Қазір үйімнің бір бұрышын шағын шеберханаға айналдырып отырмын. Табысым да, балаларыма уақытым да бар.
Курсқа бірге қатысқан бір келіншек тәтті пісіретін кондитер орталығын, тағы бір қыз ет сататын дүкен ашты. Қазір бәріміз құрбы болып араласамыз. «Бастау Бизнес» маған жеке кәсібімді дөңгелетуге мүмкіндік қана емес, жақсы орта сыйлады. Өзіме деген бағам көтеріліп, бұрынғыдай көп күйзеліске түспеймін. Ұлыма да қажетті қымбат дәрілерді ала аламын. Қазір сүйікті ісіммен айналысып отырмын», - деп ағынан жарылды кәсіпкер келіншек.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ АЗАМАТТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?
Ал «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Маржан Мұратқызы Алматы облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы өңір тұрғындарының өзін-өзі жұмыспен қамтуына серпін беріп қана қоймай, кәсіпкерлікті әрі қарай өркендетудің нақты қадамдарын белгілеп отырғанын атап өтті.
«Қазақстан – халықтың әлеуметтік қорғалуына кепілдік беретін, өмір сүрудің жоғары сапасы мен адам әлеуетінің толыққанды іске асырылуын қамтамасыз ететін әлеуметтік бағдарланған мемлекет. 16 наурыз күні Мемлекет басшысы Жолдауын жариялап, Жаңа Қазақстанды құруға жол ашатын маңызды бастамалар ұсынды. Мұның бәрі – елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы.
Президент өз сөзінде «Біздің мақсатымыз – тиімді мемлекет және әділ қоғам құру, сондай-ақ халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту. Ең бастысы, қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғап, Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыру» – деп атап өтті. Мемлекет басшысы қоғамның барлық саласында түбегейлі өзгеріс жасауға кірісе отырып, елімізді дамытудың мүлде жаңа кезеңіне қадам басатынымызға назар аударды», - деді Маржан Мұратқызы.
Басқарма басшысының айтуынша, Алматы облысы бойынша әлеуметтік қорғау саласында 6 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың арқасында халықты әлеуметтік қорғау жүйесін тиімді дамыту үшін барлық жағдай жасалуда.
ОБЛЫСТА БІР ЖЫЛДА 55 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛҒАН
«Облыстың әлеуметтік қорғау саласында халыққа 400 мыңнан астам адамды қамтитын әлеуметтік маңызды 45 түрлі қызмет көрсетілетінін атап өту қажет, бұл облыс халқының 20%-ын құрайды. Экономикалық белсенді халық саны соңғы 10 жылда 1,4 есеге ұлғайды. Облысымыздағы жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайыздан 4,8 пайызға дейін төмендеп, 2021 жылы облыста 54,8 мың жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 30 мыңы – тұрақты жұмыс орны. «Еңбек» бағдарламасы аясында 85,1 мың адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 42,5 мың адам орналастырылды. 4,2 мың адам кәсіптік оқытумен қамтылды, жалпы сомасы 4181,7 млн теңгеге 906 шағын несие, 1 298,2 млн теңгеге 2225 грант берілді. «Еңбек» бағдарламасы аяқталуына байланысты биылдан бастап Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы іске асырылуда», - деді маман.
Облыстың 2025 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне жалпы сомасы 2,8 трлн теңге болатын 289 жоба кірген және тағы 19 мың жұмыс орнын құру жоспарда бар. Жыл басынан бері 9,6 мың адам жұмысқа орналастырылған.
ЖАЗДА NEET ЖАСТАРҒА КУРС АШЫЛАДЫ
«Әлеуметтік осал топтардан бөлек, биыл жаз мезгілінде жұмыссыз NEET саласындағы жастарды анықтап, облыс колледжерінде қысқа мерзімді оқыту курсымен қамтуды жоспарлап отырыз. Аталған жұмысты жүзеге асыру үшін бүгінде шалғайдағы ауылдық елді мекендерде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары мен мобильді пункттер ұйымдастырылды», - деді ол.
Одан бөлек, облыста шетелден келген этникалық қазақ ұлт өкілдеріне ерекше көңіл бөлініп, қандастарымыздың кәсіп ашып, қоғамда әлеуметтенуіне жағдай жасалуда.
«Басқармамыздың теңгерімінде тұрған қандастарды уақытша орналастыру орталығына арналған екі пәтер бар. Басқарма тарапынан қоныс аударған этникалық қазақтарды уақытша орналастыру, бейімдеу және ықпалдастыруға барлық мүмкіндік жасалған, аталған пәтерлер күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар және жиһаздармен жабдықталған. Осы жылдың 1 сәуіріне дейін 26 қандас жұмыспен қамту органдарына жүгініп, оның 4-еуі тұрақты жұмыспен қамтылды, 1 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 адам жастар практикасына, 4 адам қоғамдық жұмысқа бағытталды. Тұтастай алғанда, Ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыру тұрақты бақылауда және оны табысты іске асыру үшін барлық шаралар қабылдануда»,-деді Маржан Мұратқызы.