Елдегі қымбатшылық: халық кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр ма?
Қазақстанда азық-түлік бағасының еселеп қымбаттауына не себеп?
Қай өнімдердің құны көтерілді?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылғы наурызда 2021 жылғы наурызбен салыстырғанда баға азық-түлік тауарларына 15,4% қымбаттаған. Оның ішінде бағаның өсуі құмшекерге – 51,5%, жаңа жиналған көкөністерге – 44%, картопқа – 37,8%, құс етіне – 25,5%, күнбағыс майына – 23,8%, жармаларға – 22,2%, макарон өнімдеріне – 17,7%, қой етіне – 16,7%, жылқы етіне – 15,1%, ұнға – 15%, тоқаш және ұннан жасалған өнімдерге – 13,6%, пастерленген сүтке – 13,1%, ет өнімдеріне – 12,6%, қышқыл сүт өнімдеріне – 12,5%, жаңа жиналған жемістерге – 12,2%, қатты ірімшікке – 12,1%, нанға, сары майға – 11,4%, кондитерлік өнімдерге – 11,3% байқалды. Минералды және ас су – 15,9%, темекі өнімдері – 15,2%, салқындатылған сусындар – 14,3%, алкогольді сусындар – 9,6% қымбаттаған. Бағаның төмендеуі жұмыртқаға 4,6% деңгейінде байқалды.
2022 жылғы наурызда азық-түлік емес тауарлардың бағасы 10,9%-ға қымбаттаған. Баға деңгейі тұрмыстық аспаптарға – 27,8%, автомобильдерге – 19,8%, жиһаз және үйге қажетті заттарға, құрылыс материалдарына – 11,8%, жуғыш және тазалағыш заттарға – 10,8%, жеке қолданылатын тауарларға – 10,2%, тоқыма бұйымдарына – 7,1%, фармацевтикалық өнімдерге 5,8% өсті.
Бір жылда баға ақылы қызметтерге 8,3% өскен. Баға деңгейі санаторийлердің қызметтеріне – 11,5%, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне – 11,3%, денсаулық сақтау қызметтеріне – 9,7%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметіне – 8,9%, қонақ үй қызметіне 6% өсті. Жолаушылар көлігі қызметі 4,7% қымбаттады. Ал жыл басынан бері азық-түлік тауарларының үлесі – 40,7%, азық-түлік емес тауарлар – 30,2%, ақылы қызметтер 29,1% құрады.
Кей өңірлерде азық-түлік 36% қымбаттаған
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин халықпен кездесу кезінде арыз-шағым азық түлік бағасының өсуіне қатысты болғанын айтады. Өткен айдың бір аптасының ішінде кейбір өңірлерде азық-түлік бағасының өсуі 36% деңгейін көрсетіп отыр.
«Статистикалық дерек бойынша қазақстандықтар табысының жартысынан көбін азық түлік алуға жұмсайды екен. Біздің азаматтардың еңбек ақысының өсу деңгейі әлеуметтік маңызы бар тамақтардың бағасының өсу деңгейіне ілесе алмай отыр. Бұған қоса, азық түлік көлемінің жеткілікті болу мәселесі де сұрақ тудырады», - дейді депутат.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бағаның жаппай қымбаттауына әлемдегі инфляция әсер етіп отыр дейді.
«Геосаяси жағдайға байланысты әлемде бағаның жаппай өсуі бізге де кері ықпал етіп отыр. Әлемде жыл сайын 20 пайызға азық түлік бағасы өсті. Еуропада да 5-7 пайызға дейін инфляция тіркеліп отыр. Көршілес елдерде де бағаның өсуі 15 пайызға жетіп отыр. Бұған қоса, теңгенің 18 пайызға құлдырауы бағаның қымбаттауына әсер етіп отыр», - дейді министр.
Қазақстанда жалақының 59%-ы азық-түлікке кетеді
Экономист Мақсат Халық наурыз айында рекордтық дәрежеде инфлияцияның болғанын былайша түсіндірді.
«Ең алдымен азық-түлік бағасы айтарлықтай қымбаттады. Оған Ресей мен Украина арасында болып жатқан геосаяси жағдай әсер етті. Рубль құлдырап артынша теңге де құнын жоғалтты. Бағаның қымбаттауына өткен жылы бірнеше облыста болған қуаңшылық та әсер етті. Кейбір өңірлерде мал қырылып, дәнді-дақылдар дұрыс шыққан жоқ. Белгілі болғандай, жоспардан 20 пайызға кем астық жинадық. Осы тұрғыда жем-шөп қымбаттады.
Қазір жұмыртқа да, құс еті де қымбаттап жатыр. Оның үстіне Ресей көптеген тауарын сыртқа шығармайтын болып шешті. Нәтижесінде қант пен бидайдың да айтарлықтай қымбаттап жатқанын көріп отырмыз. Осыдан түйгеніміз Қазақстан өзін қантпен толықтай қамтамасыз ете алмайды. Тек 50%-ы ғана өзімізде шығады, қалғанын сырт мемлекеттен алуға мәжбүрбіз», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, жуық арада астық бағасы да қымбаттауы ықтимал. Себебі Ресей мен Украина әлемдік астық өндіру көлемінің 30%-ын қамтамасыз етеді. Дәл қазір Ресей шекарасын жапса, Украина астық егетін жағдайда емес екенін көріп отырмыз.
«Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын – 59%. Негізі бұл көрсеткіш 50%-дан асса, халық кедейлік шегінде деген сөз. Батыс елдерінде азық-түлікке жұмсалатын қаражат бюджет шығындарының ары кеткенде 10-12%-ын ғана құрайды. Алдыңғы қатарлы елдерде бұл көрсеткіш – 8%. Қалған ақшаны жинайды, білімін арттыруға және демалуға жұмсайды. Осыдан кейін Қазақстанда табыстың төмендігін көруге болады.
Біздегі орташа айлық өсіп жатыр деген статистика шынайы емес. Бір адам 1 млн тапса, екінші бір адам 100 мың теңге тапса соны қосады да ортақ сома, екеуі де 550 мың теңге алады деп шығара салады. Біздегі орташа айлық теңгемен есептегенде өсіп келе жатқан сияқты көрінгенімен долларға шаққанда оның ешқандай да артпағанын көріп отырмыз. Керісінше азаматтарымыздың төлем қабілеті әлдеқайда төмендеген. Мысалы 2013 жылы халықтың жағдайы қазіргімен салыстырғанда жоғары болған. Ол кезде ЖІӨ 13 мың 600 доллар болған. Қазір 10 мың долларға жетпейді. Бұл да елдің кедейшілік шегінде екенінің көрінісі», - дейді экономист.
Үкімет қазір дағдарысқа қарсы штаб құрған болатын. Олардың алғашқы отырысы туралы ғана ақпарат жарияланды. Алаңдататын мәселе – елде жоқ тауарлардың орны қалай толтырылады?
Әрине ресми мәлімет алаңдауға негіз жоқ дейді. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың қоры 1 млн-ды құрайды. Кейбір тауар түрлерін сыртқа шығаруға тыйым салынды. Үй маңайындағы дүкендер әкімдіктердің түсіндіру жұмыстары негізінде тауар бағасын 15 пайызға дейін түсірді. Бағаны көтерген дүкендерге айыппұл салынатыны айтылды. Ірі базарларда да тексеріс басталды. Сауда және интеграция министрлігі екі-үш жыл ішінде сырттан импорттап отырған 6 тауарды Қазақстанда шығаратыны туралы мәлімдеме жасады.
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, қазақстандықтардың шығысының 60%-ға жуығы азық-түлікке тиесілі. Бұл тендениця бұрыннан бері қалыптасқан. Оның негізгі себебі Қазақстан өзін-өзі толығымен қажетті тауарлармен қамтамасыз ете алмай отыр.
«Сырттан алып отырған тауардың саны айтарлықтай жоғары. Оның ішінде халық күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары бар. Көп жағдайда компанияларға тауарын ішкі нарыққа шығарғаннан, сыртқа сатқаны тиімдірек. Мысалы, қырыққабаттың ішкі нарықтағы құны 50 теңге болса, сырттағы бағасы 150 теңгеге жетеді. Бұл жағдай ет, картоп сияқты өнімдерді сатып отырған отандық кәсіпорындарда жиі болады.
Сосын бізде кейбір тауардың түрі бойынша импорт көлемі 70%-ға дейін жетеді. Мысалы, азық-түлік тауарларын Ресей, Пәкістан, Украина, Беларусь сияқты мемлекеттерден алып отырмыз. Ең қызығы базалық тауарлардың қатарында поляк алмасы, пәкістандық картоп сияқты өнімдер бар. Бұның барлығын көп жағдайда долларға сатып аламыз. Әрине, оны теңгеге шаққанда өнімнің бағасы қымбаттап шыға келеді. Меніңше, жазға қарай жеміс-жидектердің бағасы арзандауы мүмкін», - дейді Расул Рысмамбетов.
Оның сөзінше, азық-түлік емес технология, логистика саласына қатысты тауарларды толықтай 100% сырттан алып отырмыз.