«Үмітіміз Жоғарғы Сотта»: Адвокат алматылық әріптесінің заңсыз сотталғанын айтып шағымданды
Гүлнар Смағұлова 11 жылға бас бостандығынан айырылған
Адвокат ұзақ жылға сотталып кеткен әріптесіне Жоғары Соттан араша сұрады. Гүлнар Смағұловаға қатысты іс Алматы қалалық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотта 2020 жылы қаралған болатын. Қорғаушы Мейрам Шаймерденов өзінің әріптесіне шыққан үкім заңсыз деп санайды. Оның айтуынша, Г.Смағұлова БЖЗҚ-ның бұрынғы төрағасы Руслан Ерденаевтың қорғаушысы болған.
Экс-төраға 12 жылға сотталып кеткен соң, оның туыстары ҰҚКД қызметкерлерінің және адвокаттардың үстінен пара алды және бопсалады деп арызданған. Адвокат Шаймерденовтың сөзінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ешқандай дәлел болмағандықтан, істі қысқартып тастаған. Алайда, арада бір жыл өткенде Алматы қалалық Полиция департаменті қос адавокаттың үстінен іс қозғап, сотқа жібереді.
«Гүлнар Смағұлованың заңсыз сотталғаны айқын көрініп тұр. Неге дейсіз бе? Гүлнар Смағұлова зейнетақы қорына қатысты сотталған Ерденаевтың қорғаушысы болды. Ерденаев БЖЗҚ төрағасы болған кезде 6 миллиард теңгені жеке компанияға жіберіп, ақша офшор арқылы ұрланған. Осы қылмысқа байланысты Ерденаев қамалды. Сол Ерденаевтың немере ағасы бар. Ол адвокат Гүлнармен жақсы араласқан, таныс болған. Інісінің үстінен іс қозғалғанда ол Гүлнара Смағұловадан қорғаушы болуды сұраған. Руслан Ерденаевтың ісін ҰҚКД тергеген. Сол тергеуде Ерденаевқа қылмысын мойындау туралы ұсыныс болған. Қордағы қаржыны ұрлауға өзге де қатысы бар басшыларды айтып берсе, онда жаңағы процессуалды келісім арқылы жазасын азайтуға келіскен. Сол екі арадағы параны екінші адвокатқа кім, қалай бергені белгісіз. Сол кезде Ерденаевтың ағасы әңгімелердің бәрін диктофонға жазып отырған. Соңында Ерденаев қылмысын мойындаудан бас тартты да, 12 жылға сотталды. Экс-төраға сотталған соң оның туыстары адвокаттардан ақшаны қайтар деген. Бұл жерде параға Гүлнар Смағұлованың ешқандай қатысы жоқ», - деді сотталған Смағұлованың қорғаушысы М.Шаймерденов.
Экс-төрағаның қылмысы дәлелденіп, Ерденаевқа 2018 жылдың 18 сәуірінде үкім шығады. Бұдан соң Ерденаевтың әйелі мен ағасы бас прокуратураға арызданған. Онда тергеу ісінде БЖЗҚ экс-төрағасына көмектесіп, жауапты тұлғаларға пра беру үшін адвокаттардың тартылғаны айтылған. Заңгер Мейрам Шаймерденовтің сөзінше, делдалдық әрекетпен екінші адвокат айналысыпты. Өйкені, мұндай мәселелерді шешетіндей адвокат Гүлнар Смағұлованың мүмкіндігі де, беделі де болмаған екен. Бірақ, Смағұлова прссецуалдық келісім жолында ара ағайындық арқылы мәселені оңтайлы шешуді қолдаған. Олардың бұл әңгімесін Ерденаевтың туыстары жазып жүрген. Туыстары Ерденаев сотталып кеткен соң жан-жаққа арыз жібереді. Алаада, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҰҚКД қатысты арызды негізсіз деп тауып, істі жауып тастайды. Есесіне, қос адвокаттың үстінен полиция ҚР ҚК 190-бабы және 367-бабымен іс қозғаған.
«Ерденаевтың ағасы мен әйелі Бас прокуратураға ҰҚКД қызметкерлерін жауапқа тарту туралы арызданады. Олар пара алды деп арызданған. Бұл істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қарап, қысқартқан. Бірақ, соған қарамастан бұл іспен Алматы қалалық ПД айналысып, адвокаттардың үстінен алаяқтық бабымен іс қозғап, сотқа жіберген. Бұл іске ең басты дәлел – Ерденаевтың аудиожазбасы ғана. Ол кіммен не сөйлескенінің бәрін іс қозғағанға дейін, бір жыл бұрын жазып жүрген. Жоғарғы Соттың 2006 жылы 20 сәуірде шығарған №4 қаулысы бар. Сол қаулы 21-бапқа сүйене отырып жазылған. «Аудио немесе видео түрінде бөтен адамды заңсыз жасырын жазып алса, ол дәлелге жатпайды» делінген. Бірақ, ол жазбаларды тергеу мен сот дәлел ретінде пайдаланған. Сөйтіп адвокат Гүлнар Смағұлова 11 жылға сотталды. Сотта көптеген процессуалдық іс бұзылған. Оған не сот, не тергеу саласы мән бермеген. Жоғарғы Сотқа кассациялық қарауға жібердік. Өндіріске әлі алынбаған, Жоғарғы Сот әділ шешім шығарып, жазықсыз жаламен сотталған адамды ақтайды деп үміттенеміз. Адвокат Гүлнұр Смағұлова 56 жаста, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Үйінде кәмелеттік жасқа толмаған кішкентай ұлы қалды. Қазір көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Бұрын заңыз шыққан үкімдер бұзылып жатыр, қайтадан қарауға жіберіліп жатыр. Мен дәл осы Гүлнар Смағұлованың заңсыз, жазықсыз сотталғанын сеніммен айта аламын. Қылмыс үстінде ұсталып, тергеу сотымен санкция салынса, онда Смағұлованы кінәсіз деп айтпас едік. Ал бұл жерде бір жыл бұрын біреудің, үшінші адамның сырттан жазып жүргені аудиосының негізінде үкім шығарып отыр», - деді адвокат Мейрам Шаймерденов.
2020 жылдың 20 қазанында Алматы қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Е.Қ.Майшинов адвокат Гүлнар Смағұловаға үкім шығарады. Адвокат сот залынан қамауға алынған. Ол қазір Алматы облысында Жауғашты ауылындағы Ла155/4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Бірақ, заңсыз, дәлелсіз сотталдым деген Смағұлова өзіне тағылған айыпты үкім кезінде де мойындамаған. Шаймерденовтың сөзінше, халықтың 6 миллиард ақшасын ұрлаған адамды 12 жылға, ал еш қылмысына нақты дәлел келтірілмеген адвокатты 11 жылға соттау әділетсіз.
«2019 жылы 24 қыркүйекте іс қысқарады. Бірақ сот сараптамасы 2019 жылы қараша айында шығады. Яғни сараптама іс қысқарған соң жүргізілген. Егер сот сараптамасы жасалса ол тергеу соты кезінде жасалуы тиіс. Екінші кемшілік: тергеудің біресе тоқтап, біресе қайта басталып, өте ұзаққа созылуы. Үшінші кемшілік: аудио жазбалар түсініксіз. Іске мүлдем басқа дисктер қосылған. Ол қайдан келген жазбалар? Сосын ҚР ҚК 367-бабымен Алматының Полиция департаменті іс қозғайды. Бұл «пара беру» бабы. Бірақ ол баппен Антикордың ғана іс қозғауға құқығы бар. Полицияның құқығы жоқ. Сот оған да мән берген жоқ. Біздің өтінішке қараған да жоқ. Үкімге оны жазбаған. Іс жүргізу кодексінің талаптары өрескел бұзылған. Адам заңсыз 11 жылға жайдан-жай сотталып кеткен», - деді Смағұлованың қорғаушысы.
Енді сотталған қорғаушының жақындары мен адвокаты Жоғарғы Соттан үміттенетінін айтып отыр.