Қаңтар оқиғасында Қарулы Күштердің сарбаздары жауынгерлік қару қолданған жоқ – прокуратура

Автор: Еркежан Айтказина

Бірақ мұны өзгелер әлсіздік деп қабылдаған

Қаңтардағы оқиға кезінде қауіпсіздік күштерінің 3,5 мыңға жуық өкілі жарақат алған. Бұл жалпы жарақат алғандардың 80 пайызы деп мәлімдеді Бас прокурор Берік Асылов Мәжілісте өтіп жатқан жиында.

«18-20 жастағы полиция мен сарбаздарды аяусыз ұрып-соғып, мазақ еткен кадрларды көрдік. Бірақ сол кезде де шабуылдаушыларға оқ атылмады. Сол қиын жағдайда полиция қызметкерлері, Ұлттық Ұлан мен Қарулы Күштердің әскери қызметшілері соңына дейін зорлық-зомбылықты тоқтатуға тырысты және соңына дейін жауынгерлік қаруды қолданбады», - дейді Берік Асылов.

Оның айтуынша, Қарулы Күштердің әскери қызметшілері өлімге әкелмейтін арнайы құралдармен шектелді. Атап айтқанда, резеңке оқтар, көзден жас ағызатын газ және жарық шуылы гранаталар қолданған.

«Бірақ бұл әлсіздік ретінде қабылданды. Мысалы, 5 қаңтарда Алматыда шабуылдаушылар қоршауды бұзып, Президенттің резиденциясына кірді. Олар қарулы болды. Байтұрсынов және Төле би көшелерінің бұрышында жүк көлігімен полицияның арнайы автомобилін соқты, содан кейін оны полицияның қоршауына жіберді. Қызылордада камазды басып алып, онда мақсатты түрде Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне шабуыл жасады, біреуі оқиға орнында қаза тапты», - дейді Бас Прокурор.

Сол кезде мемлекеттік және коммерциялық 1,5 мыңнан астам ғимарат бүлінген. Өрт сөндіру, жедел жәрдем, полиция және азаматтық автокөліктерді қоса алғанда 765 автокөлік өртенді.

«Азаматтарға, бизнеске және мемлекетке миллиардтаған залал келтірілді. Акциялардың түпкі мақсаты билікті күшпен басып алу болды. Заң бойынша мұндай әрекеттер терроризм актісі ретінде қарастырылады. Көшедегі зорлық-зомбылықты тоқтату және азаматтардың өмірін қорғау үшін құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері қару қолдануға мәжбүр болды», - дейді ол.