Наурыз мерекесі қарсаңында «киіз үй бизнесі» қызып тұр
Мемлекеттік органдар мерекенің атрибуты үшін миллиондар жарата бастаған

Әкімдер мен шенеуніктер Наурыз келгенде киіз үйдің арендасына «таласады». Ал, нарықтағы компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатыса отырып, бір киіз үйді тәулігіне 750 мың теңгеге жалға беруге дайын.
Ұлттық киім мен киіз үй, ақ тамақ пен ат жарыс, тіпті абсурд болса да «әз-наурыздың» өзі қазақ үшін тек 22 наурыз қарсаңында ғана еске түсетін атрибутқа айналып кеткен секілді. Осы кезде қолында ұлттық киімі мен ұлттық бұйымдары барлар бір байып қалады. Өйткені «Ұлыстың ұлы күні» деген атмосфера қалыптастыру үшін әкімдер мен шенеуніктер барын салып, бюджеттен миллиондар бөледі.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы хабарландырулар мен жарнама беретін сайттардағы хабарландыруларды зерттей келе биыл киіз үйді жалдау ақысы шамамен 350000-500000 теңге аралығында екенін болжауға болады.
Мәселен, Қостанай қаласы әкімдігінің жылу беретін мекемесі Наурыз мерекесін атап өту үшін 8 қанатты бір киіз үйді жалға алғысы келеді. Мемлекеттік сатып алу сайтында 5 наурыз күні тиісті лот жариялап, 16 наурызға дейін өтініш қабылдайды.
Конкурстың шарты бойынша әкімдік жалға алу үшін 8 қанатты, ұзындығы 3 метр 50 уығы бар киіз үй іздеп жатыр. Наурыз күні тігетін киіз үйдің арендасы үшін мекеме 200 000 теңге төлеуге дайын.
Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау аудандық әкімдігі Наурыз мерекесіне орай 5 киіз үйді жалға аламыз деп хабарландыру берген. Аудандық мәдениет үйі «20 наурыз сағат 14:00-ден бастап (киіз үйлер орнатылып қойған болуы тиіс) 22 наурыз сағат 15:00-ге дейін (бөлшектеуге болады) (2 тәулік) киіз үйлерді тасымалдау және орнату уақытын есептемегенде», бес киіз үйдің жалға алу ақысына 375 мың теңгесін төлеуге дайын отыр. Конкурс 14 наурызда аяқталады.
Айтпақшы, Наурызда киіз үй іздейтін бірден бір мекеме болса, ол елдегі оқу орындары екені анық. Оқушыларға, студенттер мен ұстаздарға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін оқу орнының кіреберісіне киіз үй тігу «байырдан» келе жатқан дәстүр.
Нұр-Сұлтандағы үлкен университет – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті биыл бір киіз үйді 600 000 теңгеге жалға алмақшы. Бұл осы оқу орнындағы кейбір мамандықтардың бір жылғы оқу ақысы екенін айта кету керек. Университет наурыздың 4-і күні тиісті лот жариялап, 14 наурызға дейін өтініш қабылдайды.
600 000 мың теңгеге жалға берілетін киіз үйдің жақтауы қарағайдан жасалып, қос есікті болуы шарт. Аумағы 36 шаршы метр болатын киіз үйдің жеріне жасанды шөп төселуі керек.
Жалға алудан бөлек, бір киіз үйді бірнеше миллион теңгеге жасатып алған әкімдіктер мен мемлекеттік органдар бар. Соның бірі – Бурабай әкімдігі киіз үйдің орнына киіз үй типтес шатыр орнатуды жөн көрген. Бірақ, лоттың техникалық сипаттамасына қарасақ, шатыр киіз үйге қатты ұқсайды.
Жалпы, Бурабай әкімдігі курорттың аумақтың орталығы болып саналатын Щучинск қаласында осындай бір шатыр, бір сахна, «Дәстүр рухы» деген бір МАФ пен көшені безендіретін 20 шам мен алты плакат жасау үшін 20,2 млн теңге бюджет қаражатын бөлген. Конкурс 16 наурыз аяқталады.
Ал, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша утилизациялық алым мәселесін қалай шешсем деп басы қатып жүрген Экология министрі Серікқали Брекешевтің қол астындағы шенеуніктер наурыздың қамын ақпанда ойлап, 1,6 млн теңгеге бір киіз жасатып алған.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетік «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты каркасы темірден соғылған, алты керегелі киіз үйді ақпан айының ортасында 1 млн 160 мың теңгеге сатып алған.
Ақмола облысының Атбасар аудандық әкімдігі болса, бір киіз үйді 6 млн теңгеге сатып алған. «12 қанатты, қолдан жасалған, ақ киізден жасалған ақ су өтпейтін тысы бар хан жиынтығы қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі бар» киіз үйді әкімдік 15 наурызға дейін жеткізуді талап етіп отыр. Эльмира Рамазанова есімді кәсіпкердің Щучинск қаласында тіркелген мекемесі лоттың жеңімпазы атанып, Атбасар әкімдігінің талабы бойынша киіз үй дайындауға кіріскен.
Ал, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі болса, «хандық жиынтықтағы» 10 қанатты бір киіз үй үшін 3,5 млн теңге төлеп, наурызға дайындалып жатыр. Лотты Алматы облысының Ұзынағаш ауданында орналасқан 33 жастағы кәсіпкердің компаниясы жеңіп алған. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, оңтүстегі компания орталықтағы өлкетану музейіне наурыздың 4-і күні он қанатты киіз үйді жеткізіп берген.
Azattyq Ruhy тілшісі елордада киіз үйді жалға беретін компания өкілімен сөйлесті. 22 наурыз күніне әлі «орын» бар деген ол өз бағаларын айтты.
«8 қанатты қарапайым киіз үйдің жалға алу құны бір тәулік үшін 150 000 теңге. Сегіз қанатты вип-киіз үйдің тәуліктік арендасы 250 000 теңге, 12 қанатты үлкен киіз үйдің тәуліктік құны 750 000 теңге», - деді кәсіпкер.
Біз компаниядан мемлекеттік сатып алу арқылы жұмыс істей ме, жоқ па деген мәселеге қатысты да сұрақ қойдық.
«Мемлекеттік сатып алуға екінші компаниямыздың атынан қатысамыз. Бір көзден сатып алуға болады. Бағасына 10% қосылады» деді ол.
Міне, осы деректерге қарап, күн мен түн теңесетін халқымыздың ең ескі және рухани мейрамдарының бірі Наурыз бен оның атрибуттары қазір «маусымдық бизнеске» айналып кеткенін байқап отырмыз.