Қаңтар оқиғасы: мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алу бойынша 15 іс қозғалған
Құқық қорғаушылардың тергеу кезінде өкілеттігін асыра пайдалануы бойынша да жүздеген факт анықталу үстінде
Қаңтардағы оқиға бойынша барлығы 3 770 қылмыстық іс қозғалған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мәжіліс отырсында Бас Прокурор Берік Асылов аталған қылмыстық істердің басым бөлігі Ішкі істер министрлігінің өндірісінде екенін айтты. Оның ішінде адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау секілді деректер бар.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 істі жүргізуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде. Бұл істер бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов және оның 3 орынбасары сот санкциясымен қамауға алынды. Осы органның тағы 2 басшысы билікті асыра пайдалану күдігімен тергеуге алынды», - дейді ол.
Бас прокурордың айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан қозғалған істерге «аса құпия» мәртебесі берілген. Осыған байланысты әзірге тергеу нәтижелері жан-жақты жария етілмейді.
«Ішкі істер министрі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы өздері тарапынан қозғалға қылмыстық істер бойынша баяндама жасайды. Мен прокуратура органдары жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталамын», - деді Берік Асылов.
Айта кетейік, Мәжілістің бүгінгі отырысында баяндама жасаған Бас прокурор Қаңтар оқиғаларына байланысты жүргізіліп жатқан тергеудің алдын ала қорытындыларын мәлімдеді.