Алматы облысында зағип бала анасын 16 жылдан кейін түрмеден тапты

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Әйелдің тағы егіз балалары бар

Алматы облысында жасөспірім өзінің анасын 16 жылдан кейін түрмеден тапты. Анасы тұңғышын туа салып тастап кеткен. Тіпті, оның бар екенін де ұмытқан. Алайда, арада 16 жыл өткенде бозбала өз анасының түрмеде екенін біліп, арнайы іздеп келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Татьяна Торбик (есімі өзгертілген – ред.) ұрлық жасап, үш жарым жылға сотталған. Ол қазір Алматы облысындағы Жауғашты ауылында орналасқан әйелдер калониясында жазасын өтеп жатыр. Қамауда отырған Татьянаның басындағы жағдай сотталған әйелдерді ғана емес, ондағы қызметкерлерді де жылатқан.

«Мен түрмеге қамалмас бұрын өмірімде ағаттық жасағанмын. Бірақ, мен ол ағаттықты 16 жылдан кейін бірақ түсіндім. Жастық шақтың жалынымен ойда жоқта бала көтеріп, өмірге нәресте әкелген едім. Алайда, ол бала менің бақытыма айналатынын білместен, ұлымды балалар үйіне өткізіп жіберген едім. Ойын-күлкімен, ащы судың дәмін татып, өмірде шалқып-балқып жүре бердім. Кейін өмірге тағы егіз баланы әкелдім. Егіздерді бағамын деп жүріп ұрлыққа бардым. Нан табуды таза еңбекпен емес, алдап-арбаумен тапқым келді. Қу дүниенің соңында жүріп шалыс бастым, қылмыс әлеміне бардым. Екі баламды асыраймын деп жүріп, темір тордан бір-ақ шықтым», - деді сотталған әйел.

Татьянаның калонияға түскеніне де екі жылдан асқан. Оның үш жасқа толмаған егіздері бар. Олар қазір Талдықорған қаласындағы балалар үйінде. Ал оның 16 жыл бұрын тастап кеткен ұлы Алматы облыстық №1 балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан.

Ла-155/4 мекемесі ел көлемінде балабақшасы бар жалғыз түрме саналады. Ол жерде қазір үш жасқа дейінгі 37 бала тәрбиеленіп жатыр. Түрмеде туған балалар 3 жасқа дейін осындағы балабақшада тәрбиеленіп, ары қарай жақын асыраушысы табылмаса, Бағанашыл шағын ауданында орналасқан осы №1 балалар үйіне жіберіледі. Түрме әкімшілігі бас бостандығынан айырылған әйелдердің кейбіреуіне алты айда бір рет балаларымен кездесуге мүмкіндік береді.

«Сотталғандардың арасында бірнеше әйелдің баласы Бағанашылдағы балалар үйінде. Біз оларды аналарымен кездестіру үшін балалардың тізімін сұраттық. Сол кезде сотталған Торбиктің тағы бір ұлы бар екенін білдік. Ол бізге екі егізінінің ғана бар екенін айтқан. Оның кішкентайлары Талдықорғандағы балалар үйінде. Үлкен ұлы анасына кішігірім сыйлығын алып келді. Қазір екеуі араласып, сөйлесіп тұрады. Таксафон арқылы ұлымен сөйлесе алады. Шешесі басында 16 жыл бұрынғы оқиғаны есіне алғысы келмеді ме, бізден жасырды. Екеуі кездескен кезде сотталғандар ғана емес, осындағы қызметкерлер де жылады. Көзі көрмесе де ұлы ән айтады, билейді, талантты екен. Ұлы анасының бар екенін сезген, ұзақ жыл күткен. Ол өзінің іні-қарындастарын Бағанашылға алдырту үшін анасынан арызда жаздыртып алды. Інісі мен қарындасының бар екенін білгенде бүкіл балалар үйіне айтып, қуанып, оларға сыйлықтарын жинап жүргенін де естідік», - деді Ла-155/4 мекемесідегі Сотталағандар арасында әлеуметтік психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы, әділет майоры Самал Сыдықова.

Ла-155/4 мекемесі Алматыдан 30 км қашықтықта орналасқан. Мекемеде бас бостандығынан айырылған 550 астам әйел жазаларын өтеп жатыр. Бұрын араққа салынып, аяғын шалыс басқан Татьяна кездесуден кейін өмірінде өзгерістер болғанын айтады. Оның ендігі арманы – қапастан тезірек шығып, балаларымен бірге дұрыс өмір сүру. 

«Кездесу бөлмесінде кішкентай егіздерімді күтіп отырғанда 16 жыл бұрын туа салып тастап кеткен ұлым кіріп келді. Мен ол туралы тіптен есімнен де шығарып тастаған едім. Балаларымның бәрі менің атыма тіркелген. Мекеменің әкімшілігі менен «сіз екі кішкентайыңызды сұратып едіңіз ғой, бұл бала қайдан пайда болды?» деп сұрады. Мен өткен шағымды еріксіз еске түсірдім. Ұлым мені 16 жыл өтсе де, ұмытпай, анасын табудан үмітті болған. Ұлым мен іздеп келгенде оның зағип екенін білдім, бір көзі мүлдем көрмейді. Естиді, сөйлейді. Өмірге деген құлшынысы жоғары, өмірге басқаша көзбен қарайды. Оның мені құшақтағанын, құшаққа алған сәтін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осы жасқа келгенше осындай сағынышты, махабатты сезбеппін. Екеуіміз көп сөйлестік, әңгімелестік. Кішкентай қарындасы мен інісі бар екенін естігенде оның қуанышында шек болмады. Маған «сені осы жерден алып шығам, шыққан соң өзім сендерге көмектесемін, өзім бағамын, сендерге қамқор боламын» деп өмірге деген екінші тынысымды ашты. Айтпағым, менің өмірде жасаған қателігімді, өкінішімді алдыма махаббатпен, бақытпен әкелгені. Мына жерден шыққан соң өмірде тіреуім бар екенін, қайтып қылмысқа бармау керектігін ұқтым. Түрмеден шыққан соң қайда барамын, тағы да ащы суға салынып кетемін бе, ағаттық жасап қоямын ба деп іштей уайымдайтынмын. Ұлымның мені іздеп келуі мұндай күмәнді ойлардан мүлдем арылтты. Мен бұл жерден расында тезірек шығауды, асыға күтіп жүрмін. Балаларыма барғым келеді, жақсы ана болғым келеді. Оларға осы уақытқа дейін бермеген жылулық, мейірімімді бергім келеді. Расында мен үлкен қателік жасадым, енді оның орнын толтырғым келеді. Мені өзгерткен мүгедек, жарымжан болса да жылуын төгіп кеткен ұлымның арқасы. Біз үйде, балалардың қасында болсақ бақыт деген сол екен», - деді Т.Торбик.