Қазақстанда нан бағасы қымбаттауы мүмкін – вице-министр

Автор: Azattyq Rýhy

Астықтың аз жиналуы нан бағасына да әсер етуі мүмкін. Дегенмен, вице-министр Айдарбек Сапаров әлеуметтік нан бағасы өспейді дейді

Фото: sputniknews.kz

Биыл Қазақстанда астық былтырғымен салыстырғанда 15 пайызға кем жиналады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров осындай болжам ұсынды.

«2018 жылы 20.3 млн тонна астық жиналған. Биыл егістіктен 17 млн тонна дәнді дақыл жиналады деген жоспар бар. Бұл ең біріншіден ауа райының қолайсыздығына байланысты», - дейді вице-министр.

Астықтың аз жиналуы нан бағасына да әсер етуі мүмкін. Дегенмен, вице-министр әлеуметтік нан бағасы өспейді дейді.

«Қазір республика бойынша әлеуметтік нан бағасы 78 теңге мен 85 теңге арасында. Егер астық бағасы өссе, онда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, әкімдіктер жанындағы тұрақтылық қорлары бағаны тұрақты ұстауға тартылады. Егін әлі орылып жатыр. Бүкіл астықтың 20 пайызы әлі орылып біткен жоқ. Нан бағасы қымбаттағанмен, қатты өспейді», - деп сендірді вице-министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір елдегі қырмандарға 2,5 млн тоннадан астам астық құйылған. Астық ылғалды болғандықтан, оларды элеваторларда құрғату үшін үкімет 50 мың тонна жанар-жағармай бөлгені белгілі болды.