$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.10.2019, 09:41
Қоғам

Ақтөбеде көпбалалы ана мемлекет берген үйде небәрі жиырма-ақ күн тұрды

Пәтер кілтін қала әкімі Мавр Абдулиннің өзі табыстаған

Ақтөбеде көпбалалы ана мемлекет берген үйде небәрі жиырма-ақ күн тұрды

Осыдан 20 күн бұрын ғана қоныс тойын тойлаған ақтөбелік Гүлдариға Құлданованың қуанышы ұзаққа созылмады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында алған 3 бөлмелі пәтерін банк кері қайтаруды сұрап отыр екен. Айтуларынша, мамандар батыр анаға басқа үйдің кілтін табыстап жіберіпті. Енді ол шиттей бала-шағасымен бірнеше күн далада қалуы мүмкін деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Гүлдариға Құлдановаға пәтер кілтін қала әкімі Мавр Абдуллиннің өзі табыстаған. Артынша бұл отбасы қоныс тойын тойлап, баспананы жиһазбен толтырған. Енді күні кеше көпбалалы анамен банк қызметкерлері сөйлесіп, үйді кері қайтарып беруді талап етіпті. Екі айдың шамасында орнына басқа пәтер бермекші екен.

«Қарашаның 30-на басқа баспана береміз дейді. Мен оған дейін бала-шағаммен қайда барамын? Далада қаламын. Несиеге жиһаз алдық, оны қайда қоямыз?» - дейді көпбалалы ана.

Әкімдік қызметкерлері де банктің талабын орындау керектігін айтып отыр. Пәтер кілтін табыстау кезінде расымен де қателік кеткен екен. Қазір банктегілер проблеманы шешу жолын қарастырып жатырмыз дейді.

«Қателікті кім жібергенін қазір анықтап жатырмыз. Егер мүмкіндік болса үйді қайта алмастыратын мүмкіндігін де қарастырамыз», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Жанболат Салменов.

Серіктес жаңалықтары