$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да жаңа хоккей корты бір жылдан бері жарықсыз жұмыс істеп тұр

Ғимаратты салуға қазынадан 106 млн теңге жұмсалған болатын

СҚО-да жаңа хоккей корты бір жылдан бері жарықсыз жұмыс істеп тұр

Солтүстік Қазақстанның Мамлютка қаласындағы «Тарлан» жабық хоккей корты бір жылдан бері электр жарығынсыз жұмыс істеп тұр. Нысан былтыр салтанытты түрде ашылғанымен, әлі күнге қолданысқа енгізу актісі жоқ. Ал киім ауыстыратын бөлме газ баллонының көмегімен жылытылып келген. Ғимаратты салуға қазынадан 106 млн теңге жұмсалған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ӘКІМ КЕТТІ, СОҢЫНАН ЖАРЫҚ КЕТТІ...

Мамлют қаласындағы алғашқы жабық коккей кортының тұсауын облыс әкімі Құмар Ақсақалов кескен болатын. Шенеунік келгенде 2500 шаршы метр нысан жарқырап тұрды. Араға күн салып нысан электр желісінен ажыратылды. Содан бері бір жылдан артық уақыт өтсе де проблема шешілмей келеді. Тіпті балалардың киім ауыстыратын бөмесінде де жарық жоқ. Ал электр қуаты болмаса, жылу да берілмейді.

«2020 жылдан бері облыста спорт саласын қаржыландыру 17 пайызға артты. Зәулім кешендер салынуда. Соның бірі Темирязев ауданында болса, келесісі – осы Мамлют қаласында бой түзеуі мүмкін. Тағы бірнеше ауданда осындай корттар салынады», - деген болатын «Тарлан» хоккей кортының ашылу салтанатында көпшілік алдында сөз алған облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Бірақ Мамлюткадағы спорт кешенінің құрылысы шенеуніктің халыққа берген көп уәделері сынды сөз жүзінде қалып қойды.

«Бұған дейін киінетін бөлмеде газ баллонымен жылтатын құрылғы тұрды. Неге екенін білмеймін қазір оны алып тастады. Қазір киінетін бөлме суық. Жаттығуға келгенде аяқ киім ғана ауыстырып жүрміз. Осында келіп коньки тепкеннен кейін көп кідірмей, үйге тез кетіп қаламыз. Өйкені терлеп шығамыз. Өзіме коньки тепкен қатты ұнайды. Осында күнде келемін», - дейді Илья Таран.

БАЛАЛАР ЖАТТЫҒУ ЖАСАП ҮЛГЕРМЕЙДІ

Хоккей кортына күніне 60 бала жаттығуға келеді. Жаттықтырушылар хоккей, коньки тебу сынды тағы басқа спорттық секцияларда тәлім береді. Балалар облыстық жарыстардан бірнеше рет жүлделі орын да алып үлгерген. Осы нәтижелерін жақсарта түсу үшін жарық пен жылу берілер күнді әсіресе жас спортшылар күтіп жүр. Олардың айтуынша, күні ерте бататын қыс мезгілінде  толыққанды жаттығу жасап үлгермейді.

«Жарыс алдында қиын. Кортқа адам көп келеді. Жаттығуға кедергі келтіреді. Оларды да түсінесің, нысан ерте жабылатын болғандықтан барлығы коньки тебуге үлгеріп қалғысы келеді. Сондықтан мектепте сабақ аяқталысымен осында жүгіреміз. Болашағымды коньки спортымен байланыстыруды армандаймын. Жаттықтырушы болғым келеді. Тек нысанда жарықтың жоғы өкінішті. Әйтпесе емін-еркін жаттығуға болар еді», - дейді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Жұлдыз Бердіғұлова.

ҒИМАРАТТЫ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗУ АКТІСІ ЖОҚ

Құрылысты қостанайлық компания жүргізген. Жер телімін дұрыс рәсімдемегендіктен құзырлы органдар нысанды қолданысқа енгізу актісін беруден бас тартқан. Мердігер   өз міндеттемелерін толық орындағанын алға тартты.

«Мен өз жұмысымды орындадым. Ішкі желілердің барлығы тартылған. Ғимаратқа электр қуатын беру –  құрылыс компаниясының құзіретіне жатпайды. Тапсырыс беруші бізбен толықтай есеп жасады», - дейді «Элтитстрой» құрылыс компаниясының директоры Николай Хелемчуг.

Қостанайлық құрылыс компаниясы өңірде тағы бірнеше хоккей кортының құрылысын жүрпгізуде.

ЖОБА ҚҰНЫ 106 МЛН ТЕҢГЕ

Маусымдық нысан тек қыс мезгілінде ғана жұмыс істейді. Мұздатқыш қондырғылар қарастырылмаған. Сондықтан жаз бойы жабық  тұрады. Биылғы маусымы ресми түрде 3 желтоқсанда ашылған болатын. Енді бір айдан кейін күн жылынып, мұз көбесі сөгіле бастайды. Балалар тағы да бірнеше айлап нысанның ашылар күнін тағатсыздана күтеді.

«Жарық желілерінің барлығы бар. Тек оны іске қосу үшін құзырлы ограндардан нысанда қолданысқа енгізу актісі керек. Оны алу үшін ғимарат тұрған жерді спорт мектебі өз баллансына алуы шарт. Бұл әрекеттердің барлығы құрылыс басталмас бұрын жасалуы керек еді. Енді уақыты созылып кетті. Жарықты жайдан-жай қоса салуға болмайды. Әкім «қос» дегемімен, монополист компания мұндай қадамға бармайды. Себебі құжаттар дұрыс емес. Жалпы жарықтың жоқтығы жұмысқа айтарлықтай кедергі келтіріп жатқан жоқ. Спорт мектебіне келетін балалар да, Мамлютка қаласының тұрғындары да тегін кіреді. Тек сағат 18.00-ден кейін мұз айдынын жабамыз. Өтйкені қараңғы түсіп кетеді. Ата-аналар балаларын әкеледі. Сондықтан көбі көлігінде жылынып жатады», - дейді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшісі Есілбай Омаров.

Хоккей кортының құрылысына облыс қазынасынан 106 млн теңге жұмсалған болатын. Нысан тек жаттығу жасап, бос уақытты өткізу үшін ғана емес, жарыс ұйымдастыруға да арналған. 100 көрермен орны бар. Бірақ жарықтың жоқтығынан жабық хоккей корты толыққанды пайдаланылмай отыр. Мәселенің шешілер күні де беймәлім.

Серіктес жаңалықтары