СҚО-да ауыл балалары апатты мектепте білім алып жүр
Өңірде 150 білім беру ошағы жедел түрде күрделі жөндеуді қажет етеді
Солтүстік Қазақстанның Ақжар ауданындағы Кіші-Қараой мектебі апаттық жағдайда тұр. Қабырғасы қаусап, едені шіріп опырылып түсіп жатқан мектепте 72 бала білім алып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кіші-Қараой Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан. Елдімекен Ресей шекарасына жақын тұр. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары аталған ауылда 1500 тұрғын болса, қазір саны 3,5 есе азайған. Адам санының кемуімен бірге әл-ауқаты да төмендей түскен. Қазір ауылдың діңгегі болып отырған жалғыз ошақ – орта мектеп. 3 қабатты нысан 1978 жылы ашылған болатын. Содан бері сылақ көрмеген. 350-400 орынға шақталған ғимарат аумағының жартысынан көбі бос жатыр. Күтім көрмеген шатырдан аққан судың әсерінен кабинеттер қабырғасы дым тартып, көгеріп кеткен.
«Шатырдан су ағады. Әсіресе спорт, акт залы жақтан. Сондықтан, дене шынықтыру сабақтары кабинеттерде өтеді. Төбеде екі түрлі жабын бар. Бір жағы жаңбыр суын өткізеді. Күрделі жөндеу жасау үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Бұл мақсатқа 250 млн теңге бөлінуі шарт. Қаржы бөлінсе, күрделі жөндеу басталады. Тек төбені ғана емес, жалпы мектеп ішін түгел жаңалау керек», - дейді облыстық білім басқармасының жетекшісі Нәзір Жәшібеков.
Мектепте шағын орталық та жұмыс істеп жүр. 15 балғынға тәрбие береді. Балалар білім алу үшін күнде өмірі мен денсаулығын қатерге тігуге мәжбүр. Ата-аналар да шарасыз. Жөндеу жұмыстарын жеделдету үшін тұрғындар ақша жинап, жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Бірақ жөндеу жұмыстарына қаражатың нақты қашан бөлінері белгісіз.
Биыл теріскейде 52 мектеп бюджет қаражатына жаңаланды. 150 білім беру ошағы жедел түрде күрделі жөндеуді қажет етеді.
Эльмира Мәмбетқызы