2,5 миллион теңге сыйақы алған вице-министрге қатысты қызметтік тексеру басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ауылшаруашылығы министрлігі Azattyq rýhy агенттігі жолдаған ресми сауалға жауап берді

Фотоколлаж

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің ішкі құжаттары Whysolay порталының Youtube каналында жарияланған еді. Онда аталған ведомство министрі Сапархан Омаровтың 2019 жылдың 27 желтоқсанында өзінің орынбасары Гүлмира Исаеваға еңбек демалысы үшін төленетін ақы туралы бұйрығы көрсетілген.

Вице-министрге төленген қомақты қаражат бірден жұрт назарын аударды. Онда 2019 жылдың желтоқсанына арналған есеп парағы ұсынылып, Исаеваға демалысы үшін 512 мың теңге, 772 мың теңге жалақы және бірден үш сыйақы қоса есептеліп, 2,5 миллион теңге берілуі тиіс екені көрсетілген. Осылайша, салық және зейнетақы жарналарын ұстап қалғанның өзінде вице-министр 3 миллион 169 мың теңге алған.

«Azattyq Rýhy» агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұл ақпараттың шындыққа қаншалықты жанасатындығын, сонымен қатар, вице-министр Гүлмира Исаеваға 2019 жылы тағайындалған жалақы мен сыйақылардың мөлшерін көрсетуді сұрап, ресми хат жолдады.

Нәтижесінде министрлік сауалхатқа «құрғақ» жауап берумен ғана шектелді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Марат Оразаев қол қойған құжатта қызметтік ақпаратты жариялауға болмайтындығы айтылған.

«Жеке мәліметтерді тарату, оларды жинау қызметкердің немесе оның заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылады. Осылайша, көпшілікке қолжетімді емес жеке мәліметтер, оның ішінде министрліктің белгілі бір қызметкерінің жалақысы туралы ақпарат тек оның келісімімен көрсетіледі немесе өзі тарата алады», - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми хатында.

Сондай-ақ, олар жауап ретінде «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу лауазымдық міндеттерді сөзсіз және толық орындау үшін жеткілікті материалдық жағдаймен қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдарды білікті және тәжірибелі кадрлармен қамтамасыз ету және олардың адал қызмет етуі үшін жұмысын ынталандыруға тиіс» екенін де арнайы көрсеткен. 

Министрліктің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан «Azattyq Rýhy» тілшісімен телефон арқылы тілдесіп, вице-министр Гүлмира Исаеваға төленген 3 миллион теңгеге қатысты қызметтік тексерудің басталғанын айтты.

«Ия, мұнда бір ағаттық бар. Ішкі тексеріс жалғасуда», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Жанжігіт Омархан. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы