Алматыда халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен қоштасты: Көшербаев, Тасмағамбетов, Сағынтаев төбе көрсетті
Марқұм 97 жасқа қараған шағында дүниеден өтті
Бүгін Алматы жұртшылығы Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовті ақтық сапарға шығарып салды. Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет тетатрында өткен қоштасудың ресми бөлімінде Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қоштасу рәсімін мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетов жүргізіп, жиналғандарға сөз ұсынды.
Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып, марқұмның туыстарына табыстады.
«Аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның еңбек ері, халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Әбдіжәміл Кәрімұлы сұрапыл соғысты бастан кешіп, елге оралған соң қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосты. Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сияқты туындылары сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Заман жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тіліне аударылды.
Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды. Ол – ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер. Өзі де қазақ әдебиетінің партиархына айналды.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игі болатын шығармалар қалды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталды. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген Мемлекет басшысының жеделхатында.
«Ардақты ағайын, бүгін аса ауыр қайғыны бастан өткеріп тұрмыз. Көз алдымызда қазақ әдебиетінің ұлт руханиятының тұтас дәуірі көшіп барады. Саналы адамға бұл қайғының салмағын саралау өте қиын. Әбдіжәміл Нұрпейісов төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді дамыту ісіне өлшеусіз үлес қосқан тау тұлға. Талғампаз оқырманның жоғары бағасына ие болып, көзі тірісінде классикке айналған қаламгер. Туған халқының ыстық ықыласына бөленген ұлтымыздың біруар перзенті», - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Қоштасу жиынында жазушы, драматург Дулат Исабеков тебіреніп сөз арнады. Қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің ұстазы екенін, өмірдегі ақылшысы, абызы екенін айтты. Халық жазушысымен ғұмырының соңына дейін тығыз байланыста жүргенін және оның өмірге құштар болғанын атап өтті.
«Бұл күнді де бастан кешіруімізге тура келді. Алланың бұйрығы. Адам жүз жасай ма, Лұқпан Кәкім сияқты мың жасай ма, бірақ о дүниеге аттанғанда, бәрі үшін қайғы. Маған телефон соғып, әй бала деп сөз бастаушы еді. Енді олай айтатын адам жоқ. Бізді қартайтып кетті. Нұрпейісов менің ұстазым, өмірдегі ақылшым, абызым. Замандасым және құрдасым еді. Жанына бататын әзіл айтсаң да күліп қоя салатын еді. Әбекең жаман болса, бүкіл халық болып күңіренбес-ті. «Қан мен терді» қолына ұстамаған, тым болмаса оқымаған қазақта адам жоқ. Ал, Әбең ұлылардың, тұлпарлардың соңғы тұяғы. Ең үлкен астаудан жем жеген, солармен қатар жүрген, солармен дауласып жүрген, сөйтіп жүріп, орыс аудиториясының бетін бері қаратқан, шетел жазушыларын мойындатқан Әбдіжәміл еді», - деді Дулат Исабеков.
Nur Otan партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов көңіл айтып, хат жолдады.
«Қазақ руханиятының алып бәйтерегі, аты аңызға айналған тұғырлы тұлғаның өмірден озуы баршамыздың қабырғамызды қайыстырып отыр.
Әбдіжәміл Нұрпейісов – қалың оқырманның жүрек төрінен орын алған классик жазушы, ұлт мақтанышы. Оның өмірі – ерлік пен елдік қатар өрілген ғибратқа толы өнегелі ғұмыр.
Ол бозбала шағында сұрапыл соғысқа аттанып, жасанған жаудан жанкештілікпен Отан қорғауға қатысты. Қан майданнан аман оралғаннан кейін біржола қаламгерлікке ден қойды.
Ғасырға жуық ғибратты өмір сүріп, артына өшпес мол рухани мұра қалдырған абыз жазушының есімі мен жарқын бейнесі халық жүрегінде мәңгі сақталып, көркем шығармалары қалың оқырмандарымен бірге жасай береді.
Жаратқан біртуар тұлғаның алдынан жарылқап, рухын шат еткей. Қазаның арты қайырлы, иманы саламат болсын!» - делінген хат мәтінінде.
Қаралы жиында бұрынғы мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаев және өзге де биліктегі қызметінен кеткен азаматтар төбе көрсетті.
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының, Арал ауданының, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған. Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер: Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған. Классик жазушы, ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері.
Есімі аңызға айналған абыз ақсақал адалдықтың ақ жолынан тайған емес. Әрдайым елдіктің сөзін сөйледі. Жұртының бүгіні мен болашағына алаңдаумен өтті. Қаламгер өткен сенбі 5 ақпанда өмірден өткен болатын. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен марқұмды Алматы жұртшылығы Кеңсай зиратында жер қойнына берді.