Елімізде сібір жарасы туралы жалған ақпарат тараған – ҚР АШМ

Автор: Azattyq Rýhy

Ақмола облысында Ж.есімді тұрғын сібір жарасын жұқтырды деген күдік расталмады

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстанда сібір жарасы тарады» деген ақпараттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ақмола облысы тұрғыны сібір жарасын жұқтырды және қауіпті ауру таралды деп қоғамда резонас тудырып, халық арасына үрей таратқан ақпарат шындыққа жанаспайды», - деп мәлімдеді министрлік өкілдері.

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Ақмола облыстық департаментінің мәліметіне сәйкес, Ж.есімді облыс тұрғынының сібір жарасын жұқтырды деген күдік расталмады. Дәрігерлер азаматқа жоғарғы қабат тілмесі, орташа ауырлықтағы эритематозды-буллез деген диагнозын қойған.

«2019 жылы ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері эпизоотияға қарсы іс-шараларын уақытылы жүргізген. 2019 жылы 35,4 млн вакцина бөлініп, Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы жануарларға сібір жарасына қарсы 100% екпе егілді. Биыл тиісті вакцинаның 36,4 млн дозасын сатып алу жоспарланған», – деп атап өтті ведомство.

АШМ мәліметінше, Ақмола облысындағы аталмыш факт бойынша Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жүргізген зертханалық тексерулерінің нәтижесінде сібір жарасының қоздырғышы табылған жоқ. Сондықтан Осылайша, әлеуметтік желілерде дүрбелең тудырған деректің шындыққа жанаспайтынын айтқан министрлік жалған ақпарат тарату заңмен қудаланатынын ескертті.