«Тергеуші бізден қашып жүр». Алматыда өртеніп кеткен 20 автокөліктің иесіне өтемақыны кім төлейді?

Автор: Асқарбекұлы Ришат

Келтірілген шығын 100 миллион теңгеден асады

Алматыда осыдан тура бір жыл бұрын техникалық көлік жөндеу орталығы өртеніп, 20 автокөлік жарамсыз болып қалған еді. Қаланың Сәтбаев пен Шаляпин көшелерінің қиылысында орналасқан «Автосервис Unimotors» ТЖО-ны 2021 жылы 2 ақпанда түнгі уақытта өрт шарпыған. Жеңіл көліктерді бояумен айналысатын бокстағы жаралыстан кейін жөндеуде тұрған шетелдік маркалы көліктердің қаңқалары ғана қалған.

Бүгін аталған автокөлік иелері БАҚ өкілдерін шақырып, өз жанайқайын жеткізді. Өртеніп кеткен көліктердің иелері қылмыстық іс қозғалғанымен, бір жылдан бері істің сотқа жетпегенін айтып отыр. Ал жөндеуге қойылған көлікке жауапты техникалық жөндеу бекетінің иесі өтемақыдан бас тартқан. Олар Бостандық аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Мырзабек Асылбековті қозғалған қылмыстық істі тергеп, істі сотқа жолдауға асықпай отыр деп айыптайды.

«Мен Toyota Rav-4 автокөлігінің иесімін. Оқиға болғаннан бері бір жыл өтті, біздің іспен ешқандай тергеу жүрмей жатыр. Түрлі заңбұзушылықтарды байқап отырмыз. Тергеу кінәлі тараптың ығына жығылып, біржақты шешім қабылдап отыр. Біз келсек, жеке мүлкімізді, яғни көліктерімізді металл қалдығы ретінді үйіп қойған. Бұл жерде өз білермендігімен шешім қабылдап, ешқандай қаулысыз, көліктерді орнынан қозғаған. Өрескел заңбұзушылықтарға кім жол беріп отыр?

Бүгін оқиғаның болғанына тура бір жыл өтті. Ертең заңдық тұрғыда оқиғаның мерзімі өтіп кетті деп істі жауып тастай ма деп қорқамыз. Сондықтан біздің жанайқайымызға назар аударады деп ойлаймыз. Көліктердің көбі несиеге алынған, азаматтар кредит төлеп отыр. Бұл техникалық жөндеу орталығы өртенген соң, оны қожайыны ғимаратты қалпына келтіруге ақша тапты. Ал біздің өртенген көліктерге өтемақы төлеуге келгенде қаражаты жоқ па? Құқық қорғау органдары, заңдылықты қарайтын бақылаушы орган – прокуратура, Бостандық аудандық полиция бөлімі басшыларын және тергеуші Мырзабек Асылбекті жауапқа тартуды талап етеміз», - дейді өртенген көлік иесі Роза Әбиева.

Жәбірленушілер көліктің өтемақысын заң жолымен төлеп берер деп күткен. Алайда, 12 ай өтсе де іс полицияның тергеуінен әлі шықпаған. Тіпті 20 көліктің ешбіріне тәуелсіз сараптама жасалмаған. «Автосервис Unimotors» ЖШС құрылтайшысы Ольга Кутлукова жауапқа тартылмаған. Ал іс сотқа түспеген.

Сол оқиға кезінде Гауһар Құлтаеваның Toyota Camry 40 автокөлігі өртеніп кеткен. Ол көлігін жөндеуге тастағанымен қоймай, алдын ала 600 мың теңге де төлеп кеткен.

«Өткен жылы дәл осы күні біздің мүлкіміздің өртеніп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Жағдай түнгі мезгілде болды. Мен өз көлігімді жөндетіп, сол үшін ақша төлеген едім. 600 мың теңге бердім. Өрт кезінде бұл жерде жарылыс болып, көліктің сау-тамтығы қалмаған. Артқы жақта тұрған менің көлігім еді. Өрт сөндіру қызметінен көлік өртенгенін растайтын құжат әкелдік. Барлық тиісті құжаттарды жинап өткіздік. Алайда, біздің істі тергеген Асылбеков Мырзабек деген адам бір қолы тимейтін кісі екен. Оның артынан жүгіріп іздеп жүреміз. Әлі күнге дейін көліктерге сараптама жүргізілмеген.

Біз көлікті Артур деген жігітке өткіздік. Ол бәрін қабылдап алған болатын. Кейін белгілі болғандай, мұнда бірде-бір гидрант жоқ, бір кіргенде 20 машинаны қабылдап жөндейтін үлкен мекеме. Бір шелек құм жоқ. Сонда олардың жұмыс істеуіне қалай рұқсат берілген? Өрт қауіпсіздігі неге сақталмаған? Көлікті бояйтын камера жарылып, содан қатты өрт болған. Полиция осыған сол қарапайым жұмысшыларды кінәлап отырғанын байқадым. Шын мәнінде осыған жол берген тексеру органдары, ТЖО басшылары жауапқа тартылып, біздің шығындарды өтеп беруі керек», - дейді Гаухар Құлтаева.

Зардап шеккен заматтар бүгін көліктерінің қаңқасы тұрған техникалық көлік жөндеу орталығының алдына жиналды. Орталық қызметкерлері бір жылдан бері жатқан көліктерді алып бір жерге жинап қойған. Ешқандай сот шешімі шықпаған, әлі процесуалдық шешім қабылданбаған мәселе бойынша заттай айғақатарға ешкімнің тиісуге құқығы жоқ. Сот тергеуі оқиға орнына келіп қарайтын қаулы қабылдаса, көретін ештеңе жоқ. Бұл тергеушінің немесе ТЖО иесінің өз бетінше қабылдаған шешімі.

«Енді біз бір жыл ешкімге шағымданбадық. Күттік. Барлық құжаттарын сайлап апардық, бағалаушыға ақша төлеңдер деді. Менің көлігімді 6 млн-ға бағалады. Ақырынды мекеме иесі Ольга Кутлукованы сотқа шақырған, бірақ ол ауырып бармады. Сонымен іс қалды. Қазақстанда заң жоқ па? Неге іс қозғалмайды? Кінәлі Кутлукова бізбен жолыққанда, мен сіздерден көлікті қабылдап алған жоқпын деп тұр. Сосын осында өртенбей қалған қосалқы бөлшектер де тоналған. Не жарамды бәрін алған. Кім оған рұқсат берді? Енді қазір көріп тұрғандай, көліктерді қаттап жинап қойған, бізге ауладан алып кетіңдер, әйтпесе қоқыс палигонына шығарып тастаймыз деп отыр. Бірақ тергеу біткен жоқ. Неге тиіседі? Заң қайда? Күннен күнге көлік қымбаттап жатыр. Бірақ біздің көлікті қайтармайды. Бүгін де кездесуге ТЖО иесі де, тергеуші де келген жоқ», - дейді Гаухар Құлтаева.

Алдына ала есептеулер бойынша, шығын көлемі 100 млн теңгеден асады. Тергеу органдары шығын көлемін нақты айтпай отыр. Алматы қалалық полиция департаменті Azattyq Ruhy тілшісінің сауалына қатысты істің тергеліп жатқанын хабарлады. Тергеудің алдын ала тізілімінде №217550031000160 қылмыстық істің тоқтатылмағанын, алдағы уақытта іс сотқа жолданады деп мәлімдеді.

Ал зардап шеккен 20 адамның арасынан құрылған белсенді топ бүгін қалалық прокуратураның қабылдау бөліміне барды. Заңды қадағалау органы көліктердің өртенуіне қатысты істі келесі дүйсенбіге дейін зерттеп, 7 ақпан күні сағат 12.00-де нақты жауап беретінін айтты.