Аза тұту күні Жаңа жыл тойлаған Ерейментау әкімі түсініктеме жазды

Автор: Azattyq Rýhy

Мейрамханадағы көңілді кеште әкіммен бірге әкімдіктің қызметкерлері де болған

Фотода Абай Әлжанов

Алматы іргесінде ұшақ құлап, бүкіл елде аза тұту күні жарияланғанда, Ақмола облысы Ерейментау ауданының әкімі мерекелік тойға барған. Енді Абай Әлжановтың бұл әрекеті әдеп комиссиясының отырысында қаралады деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Әкімнің қаралы күні мейрамханаға барғаны тексеріс нәтижесінде де анықталған. Ауданға арнайы келген комиссия той видеосын жіті тексеріп, Әлжановтың өзінен түсініктеме жаздырып алыпты.

«Тексеру нәтижесінде әкімнің той тойлағаны расталды. Бұл жерде ең алдымен әдеп кодексі бұзылған. Қазір тексеру нәтижелерін толық айта алмаймыз, 16 қаңтарда әдеп кеңесі өтеді, сол жерде жария етеміз. Әкімді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс облыс әкіміне жолданады, соңғы шешімді облыс басшысы қабылдайды», - деді Ақмола облысы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жанәділова.

Айта кетейік, қаралы күні Абай Әлжановтың тойда жүрген сәті бейнеленген видеоролик әлеуметтік желілерде тараған болатын. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аудан әкімі бұл күні ұжыммен бірге жаңажылдық мерекені атап өткен. Ерейментаулықтар мерекелік кештің «Асылтас» мейрамханасында болғанын да жазды.

Абай Әлжанов Ерейментау ауданының әкімі қызметін 2019 жылдың сәуірінен бастап атқарып келеді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы