Оны жөндемесе бақтағы өсімдіктің бәрі үсіп қалуы мүмкін
Қазақстандағы ең көне ботаникалық бақ Петропавл қаласында орналасқан. 110 жылдық тарихы бар оранжереяның шатыры қазір апатты жағдайда тұр. Жазда жаңбыр жауса төбеден су сорғалап, қыста суық кіреді. Нысан қызметкерлері жылдар бойы баптап келген 2000 мыңға жуық өсімдік үсіп қалуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ТРОПИКАЛЫҚ ӨСІМДІКТЕР ҮСІП КЕТУІ МҮМКІН
Петропавл ботаникалық бағы 1912 жылы консерві зауытының аумағында ашылған. Мақсат – жылыжайда өндісіке қажетті лавр жапырағы мен ащы бұрыш және пияз өсіру еді. Кейін мұнда тәжірибе ретінде алма ағаштары мен құрма пальмалары егіліпті. Сәтті жоба үлкен ботаникалық бақтың негізіне айналды.
Нысанда 2019 жылы 200 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Бірақ жобалық-сметалық құжаттарға қысқы бақтағы шатырдың жабынын жаңарту жұмыстары енгізілмепті. Оранжереяның төбесі 2010 жылы ауыстырылған. Шатырды жапқан құрылысшылар қателік жіберген. Қатты дауылдарда пластик бірнеше рет ұшып, қызметкерлерді әуреге салған еді. 2016 жылы жабын қайта бекітілгендей болды. Бірақ арада уақыт өте келе пластиктердің бір-біріне бекітілген тұстары сөгіле бастаған. Бақ қызметкерлері ақау жөнделмесе оның ұлғая беретінін айтады.
«Пластик жабын тесілгендіктен жылуды сақтай алмайды. Қазір жылу электр станциясындағы апаттың салдарынан жағдай күрделеніп кетті. Жылу берілу азайғандықтан түнде, таңғы уақыттарда қысқы бақтағы ауа температурасы 12 градусқа дейін түсіп қалады. Тропикалық өсімдіктер үшін кемінде 18 градус жылылық керек. Шатырды түгел ауыстырған дұрыс деп ойлаймын. Бір кездері әкімдік жөндеу жасауды уәде еткен. Бірақ 2019 жылы пандемия басталып, бұл мәселе ұмыт қалды. Әзірге амалдап өсімдіктерді сақтап келеміз. Кейбірі жақсы өнім бере бастады. Күшіміз қанша уақытқа жететінін білмейміз. Мұндай бірегей нысанды қалайда сақтап қалу керек. Астанада ботаникалық бақ салынғанда жобасын жасаушылар бізге келіп көрді. Үлгі ретінде қарастырды. Бізде 100 жылдық пальмалар бар», - дейді Петропавл ботаникалық бағының директоры Артур Рязапов.
БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТА ТРОПИКАЛЫҚ АҒАШТАР ӨСІП ТҰР
Қазір ботаникалық бақта 12 лимон ағашы жайқалып тұр. Оларды жазы қысқа, қысы ұзақ теріскейдің қатаң климатында өсіріп шығару үшін ерекше күтім қажет. Бағбандар ағаштарды аптасына бір рет суарады. Қыс мезгілінде де ғимараттағы температура +22 градус шамасында болуы шарт.
«Былтыр 1 келілік үлкен лимон өсіп шықты. Жазда гүлдеп, тамыз айында жеміс берді. Жазда гүлдегендіктен өнім мол болды. Бұл ботаникалық бақтың рекорды деуге болады. Гибрид. Тұқымы бір кездері Кубадан әкелінген екен. Сондықтан біз оны «кубалық» лимон атадық. Лимонды жегеннен кейін тұқымын ексе, бөлмеде өсе береді. Тек қажетті жағдай жасау керек. Мұндай сұрып жыл өткен сайын өнімді көп береді. Бірақ алғашқы жемістерін 30 жыл күттік. Жылына 4 рет гүлдейтін лимон ағаштары бар. Аптасына бір рет суарамыз. Түрлі тыңайтқыштар пайдаланылады. Дәрумендерді көбейтіп жіберуге де болмайды. Әрқайсысының өз мөлшері бар. Ботаникалық бақта шыққан өнімдерді өзіміз тұтынамыз. Тек 1 лимонды электронды аукционға шығарып көрдік. Петропавл тұрғыны оны 7500 теңгеге сатып алды. Одан басқасын саудалап көрген жоқпыз», - дейді Артур Рязапов.
Ботаникалық бақта, ананас, анар, лимон, мандарин, папайя сынды тропикалық жемістердің сирек кездесетін түрлері бар. Тіпті, бананды да көруге болады. Жасанды ортада болғандықтан сабағы бір жыл бойы гүлдеп тұрғаннан кейін ғана жеміс байлана бастапты.
«Бұған дейін бірнеше рет бананнан өнім алып көрдік. Кішкентай ғана болып шығады. Бізге импорттан келетіннің барлығы гибрид. Кей елдерде оны жануарларға азық ретінде пайдаланады. Ал оранжереяда өскен бананның дәмі ерекше. Өте тәтті. Оны татқаннан кейін дүкендікін жегің келмей қалады. Өзіміздің мандаринді де жеп көрдік. Жемісінен қабығы тәтті екен. Мандарин тым қышқыл. Жап-жасыл болып шығып, қынасары болып піседі», - дейді Артур Рязапов.
Салқын болғанына қарамастан қазір ботаникалық бақта өсімдіктердің қысқы ұйқыдан оянған шағы. Бірі бүр жарса, екіншілері гүлдеуге жақын. Мұнда жеуге жарамды жемістермен қатар, сәндік үшін өсірілетіндері де бар. Солардың бірі – анар.
«Өткен жылғы жемісті егуге жинаймыз. Оны тұқым ретінде ғана пайдалануға болады. Жеуге жарамсыз. Алқызыл гүлдері әдемі болады. Келетін меймандарға ерекше ұнайды. Барлығы мәз болып суретке түсіп жатады. Анарды үйде де өсіруге болады. Күтіп болса, бәрі де шығады. Біздегі өсімдіктердің барлығы ерекше. Оларды сақтап қалу үшін қолдан келгенді жасап жатырмыз», - дейді ботаникалық бақ қызметкері Анна Ляшенко.
Биыл Қызылжардың қысы жұмсақ мінез танытып тұр. Ботаникалық бақ қызметкерлері үшін бұл олжа деуге болады. Әзірге олар әр өсімдікті көздің қарашығындай сақтап келеді. Жағдай осылай жалғаса берсе олардың барлығы үсіп қалуы әбден мүмкін.