Жұмысшылар құрылыс саласын да жемқорлық жайлағанын айтты
Алматыдағы құрылыс алаңдарында кран басқарушысы болып жұмыс істейтін бірнеше адам наразылыққа шықты. Олар осыдан төрт күн бұрын мұнаралы кранның құлауы кезінде қайтыс болған әріптестерінің өліміне құрылыс компаниясын айыптайды. Биыл 23 қаңтарда Алматыдағы құрылыс алаңында 49 жастағы Бақыт Майынов есімді жұмысшы көз жұмған болатын. Ол жексенбі сағат 10:40 шамасында Әуезов ауданы Науаи көшесіндегі «NAVOI 3.0» тұрғын үй кешенінде жұмыс істеу кезінде жарақат алған. Жедел жәрдем қызметі келгенше жұмысшы оқиға орнында көз жұмған.
Полиция «құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындалған. Ал тұрғын үй кешенін салып жатқан RAMS Qazaqstan компаниясы комиссия құрылғанын мәлімдеген. Кейбір деректерге қарағанда, «Мирас Констракшн» ЖШС мердігерлік ұйымы «Star Rent» компаниясынан кранды жалға алған.
Қайтыс болған краншы Бақыт Майыновтың әріптестері құрылыс компаниясы жауапкершіліктен жалтарып отыр дейді. Компания иелері жүк көтеретін құрылғының құлауына жұмысшы кінәлі деген болжам айтып отыр. Бұл әдеттегі тәжірибе. Шын мәнінде елдегі құрылыс алаңдарындағы мұнаралы крандардың 70-80 пайызы тозған, дейді жұмысшылар.
«Осы мұнаралы кранды басқарып жүргеніме биыл 12 жыл болды. Осы 12 жыл ішінде кранға шығып, бір тексеріп жүрген комиссия көрген емеспін. Қағаз жүзінде Төтенше жағдай департаментінен және басқа да тексеру органдарынан келгендер қағаздарын жасап қояды. Іс-жүзінде ешкім ештеңе тексермейді. Бұл жерде жақында (жексенбі – авт.) Бақыт Майынов деген ағамыз қайтыс болды. Алайда, құрылыс компаниясының өкілдері кран жоғары жылдамдықпен салдарынан құлады деген болжам айтыпты. Қауіпсіздік мақсатында кез-келген уақытта шұғыл тоқтауға болады. Тіпті 5-ші жылдамдықтың өзінде тоқтатып алуға болады. Мұндағы басты себеп – кран шіріп, әбден тозып кеткен. Алматыдағы құрылыстағы крандардың 70 пайызы 20-25 жыл жұмыс істеп тұрған, уақытында қызмет көрсетілмейтін, жөнделмейтін кранда», - дейді Жалғас Сәметов.
Айгүл Файзоллаева «Медеу Кран» компаниясында краншы болып жұмыс істейді. Ол апаттық жағдайларға құрылыс мекемелерінің үнемдеу саясаты мен немқұрайлылығы себеп деп есептейді. Оның айтуынша, ірі құрылыс корпорацияларының өзі жеке кәсіпорындардан кранның сапасына қарамай жалға алады екен. Ал тәуекелдің барлығы жұмыс істейтін жекелеген жұмысшыларға артылған. Ортада жағдайды бақылауы тиіс механик немесе өзге делдалдарды қауіпсіздіктен бұрын ақша қызықтырады, дейді кран басқарушысы.
«Жалпы, біздің бұрыннан жанайқайымыз бар. Мына RAMS Qazaqstan компаниясының басшыларына айтарымыз: жағдайға шынайы қарасын. Біздің әріптесіміз Бақыт Майынов қанша жылдан бері жұмыс істеді, тәжірибелі маман еді. Негізі ол басқарған бұл кранның пайдалану мерзімі 2017 жылы бітіп қалған. Алайда, оның сақтандыру полисін 25 мың теңгеге создырып алады да қайтадан жұмысқа салады. Олар шіріген. Бірақ, кімнің қандай ақиқаты бар деп комиссия келгенде кран айдаушылармен сөйлесіп, жалпы жағдайды сұрамайды. Оны қарайтын механиктер болады. Оларға айтсақ, фирма ақша бөлген жоқ, жұмыс істеңдер дейді. Арты міне өлімге әкеліп соқтырып жатыр. Соңғы уақытта біздің бригадан 5 адам осындай жағдайда қайтыс болды», - дейді А.Файзоллаева.
Марқұм Бақыт Майыновтың әріптестері әрбір жағдайды «жабулы қазан» күйінде қалдыру белең алды дейді. Құрылыс алаңында қайтыс болған жұмысшының отбасына өтемақы төлеуге келгенде жұмыс берушілер комиссия жұмысына арқа сүйейді екен. Алайда, ол комиссия құрамына қарапайым жұмысшылар, жағдайды білетін адамдар емес, кеңседе отыратын қызметкерлер ғана тін көрінеді.
«Енді қайтыс болған адамның артында қалған отбасына көмек бола ма деген сұрақ туындады. Сөйтсе фирма басшылары комиссия шешеді дейді. Комиссияның қандай шешім шығаратыны бізге мәлім. Егер мені тыңдап отырса, мұндағы қателік RAMS Qazaqstan компаниясына бағытталады. Біз жанайқаймызды тыңдаса айтуға дайынбыз.
Крандарды тексеру кезінде пара бермеуді, жұмысшылардың өмірімен ойнамауды сұраймыз. Сіздерден сұрайтынымыз: өлген адамды өлді деп бәрін жылы жауып қоймай, алдағы уақытта осындай жұмыста жүрген құрылысшылардың да жағдайына назар аудару. Біздің жалақымыздың ең көбі 250 мың теңге. Біз осындай ақшаға бола өмірімізді қауіпке тігіп, аспанда тұрып кран басқарамыз. Егер жаңа, қауіпсіз болса бір жөн. Бәрі ескірген. Енді біздің шындыққа құлақ асса деп сұраймыз. Бұл жұмыстар қауіпті болып барады. Марқұм Бақыт Майыновтың 5 баласы бар. Өзі пәтер жалдайтын еді. Егер құрылыс компаниясының басшыларында адамгершілік болса, мерт болған жұмысшының отбасына көмектесуі керек. Бәрін комиссия шешеді деп қарап отыруға болмайды», - дейді Айгүл Файзоллаева.
Өзін RAMS Qazaqstan құрлысы компаниясының Сату бөлімінің қызметкері деп таныстырған Тұран Кожач қайтыс болған Бақыт Майыновтың отбасына көмек болатынын айтты.
«Ол тұрғын үй кешенінде жұмыс істеген мердігер компанияның жұмысшысы. Олардың өкілдері Жамбыл облысында марқұмның жерлеу рәсіміне қатысты. Алдағы уақытта біз де өз атымыздан көмек береміз. Қазір тергеу жүріп жатыр. Құрылған комиссия бар. Кранның құлау себебін міндетті түрде анықтайды», - деді кәсіпорын өкілі.