Утильалым үшін айқас: олигархтар жеңе ме, әлде қоғам ба?

25 қаңтарда жұмыс тобының екінші отырысы өтеді

Утильалым үшін айқас: олигархтар жеңе ме, әлде қоғам ба?
Фото ашық дереккөзден

Қазір Қазақстанда шетелден келетін көліктерге салынатын утилизациялық алымды мемлекет қарамағына өткізу, оның көлемі қандай болады, азая ма, әлде, бұдан да ұлғая ма деген мәселе күн тәртібінен түспей тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын тез орындау үшін Экология министрлігі жанынан министр Серікқали Брекешевтің төрағалығымен жұмыс тобы құрылып, алғашқы отырысы өтті. Ертең, 25 қаңтарда жұмыс тобының екінші отырысы өтеді.

Утильалымға қарсы қоғамдық қозғалыстың белсенді мүшесі Нұрридин Садықов отырыста қандай мәселе қаралып, белсенділер қандай кедергілерге тап болғанын айтты.

«Утильалымға қатысты алғашқы жұмыс тобының отырысы өтті. Сағат 11.00-ге жоспарланған отырысқа сағат 10.30-дан бастап ZOOM-платформасына 100 адамға дейін тіркей алатын мүмкіндігі бар екен. Біздің қозғалыстың белсенділері сағат 11.00-де қосылмақ болғанда, платформада орын жеткіліксіз болды. Осы отырысқа қатысуға қозғалысымыз тарапынан 30 адамның тізімін бергенбіз, оның жартысы кіре алмады», - дейді Нұрридин Садықов.

Нұрридиннің айтуынша, утильалымға жүйелі түрде қарсылық білдіріп келе жатқан танымал белсенді Санжар Боқаев сол қалпы жүйге қосыла алмаған. Ал «Утильалымға жол жоқ» қоғамдық қозғалысының атынан негізгі баяндаманы осы Санжар Боқаев жасауы керек еді. Белсенділерлің пікірінше, ұйымдастырушылар мұны қолдан жасап отыр.

«Біздің ойымызша, осындай қолдан жасалған техникалық кедергілердің кесірінен жоспарымыз орындалмады», - дейді Садықов.

Екінші маңызды мәселе, Садықовтың айтуынша шараға қатысқан 100 адамның 70 пайызы осы утильалымның сақталуына мүдделі адамдар болған.

«70 пайыз алымның сақталуына мүдделі олигархтарға тиесілі коспаниялардың өкілдері болды. Біздің тарапымыздан бір адам баяндама жасады, оның баяндамасын әлгі олигархтардың өкілдері жұлмалап, бөлуге тырысты», - дейді ол.

Белсенділер утилизациялық алым мәселесі талқыланған жұмыс тобының отырысына бұрыннан айтып келе жатқан ұсыныстарымен келген.

  • Біріншіден, ауыл шаруашылығы техникалары мен жүк көліктерінен утильалым мүлде алынбауы керек.
  • Екіншіден, жеңіл автокөліктерден алынатын утильалым 10 мың теңгеден аспауы керек.
  • Үшіншіден, техникалық регламент жойылсын.
  • Төртіншіден, алғашқы тіркеу құны 100.000 теңгеден аспауы керек.

«Міне, біз осы негізгі ұсыныстарымызды тағы алға тарттық. Бірақ қарсы тараптан да уәж айтылды. Ірі автокөлік компанияларының өкілдері утильалым сақталсын деп отыр. Бірақ менің парадокс түсінігім бойынша, велосипед құрастырмайтын компания директорларының утильалым сақталсын деуге қандай моральдық құқы бар?! Ал ең бастысы, осы уақытқа дейін көлік тапшылығын жоя алмаған, алты жылдан бері мемлекет жылы жұмсағын тосқан көлік компанияларын одан ары жемдеу қаншалықты дұрыс. Қорыта айтсақ, біз жұмыс тобының алғашқы отырысының қорытындысына қанағаттабадық», - дейді Садықов.

Ал Экология министрлігінің хабарлауынша, жұмыс тобының келесі отырысы ертең, яғни, сейсенбі күні өтеді.

Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, Экология министрі Серікқали Брекешев қоғам және мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС тоқтатылуына және оның функциялары мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ-ға өтуіне байланысты жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп, онда кәдеге жарату алымын әкімшілендіру мәселелерін қарастырды.

Айта кетейік, Үкіметтің шешіміне сәйкес «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның («Оператор РОП») жарғылық капиталы енді жүз пайыз мемлекет меншігінде.

«Оның қызметін алған «Жасыл даму» АҚ екінші деңгейлі банктерде шоттар ашып, сондай-ақ төлем жүйелеріне өзгерістер енгізуде. Дүйсенбіден бастап, яғни осы жылдың 24 қаңтарынан бастап «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдерін қабылдау бойынша жұмыстары жанданады», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Жалпы, утилизациялық алымдарға қатысты нақты шешім ақпан айының соңына дейін белгілі болуы керек. Azattyq Rýhy тілшісі осы күрделі мәселені мемлекет қалай шешетінін назарда ұстап, жұмыс тобынан маңызды ақпараттар таратып отырады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.