Тонау кезінде бірнеше толқын болғаны айтылып жатыр
Алматыда қаңтардағы тәртіпсіздіктен келген шығындарды есептеу жүріп жатыр. Үкімет ШОБ субъектілеріне мүліктік залалды өтеу механизмін бекіткен болатын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы есеп қалай жүргізілетіні, қандай құжаттар болуы керектігі, рәсімдеу қанша уақытқа созылатыны және басқа да шарттарды түсіндіргенімен, шағын және орта бизнес өкілдері үшін кедергілер кездесіп жатыр. Бұл туралы бүгін Алматыда бизнес-омбудсменмен кездескен кәсіпкерлер айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов «Заңғар» сауда орталығында (ЦУМ) кәсіп иелерімен кездесті. Жаппай тәртіпсіздіктен жапа шеккен сауда жасаушылар өз шағымдарын жеткізді.
Қаладағы ұялы телефондар сатумен айналысатын ең ірі орталықта кәсіппен айналысатын Ләззат Бейсекенова қомақты шығынға батқанын айтады. Шағын кәсіп иесі үлкен сауда орталығынан аумағы 1 шаршы метрлік әйнек сөрені жалға алып, ұялы телефондар мен оның қосалқы бөлшектерін сатумен айналысады. Оның сауда жасайтын орны да 6 қаңтарда тәртіпсіздіктен бүлініп, тоналған.
«Маған 6 қаңтарда осында бірге сауда жасайтын әріптестерім хабарласты. ЦУМ-ды тонап кетіпті, қалған тауарларды алып кетуге барамыз, деді. Сол күні күндіз сағат 11-лерде келдік. Ештеңе қалмаған, оған видео дәлелдер бар. Қораптарын қалдырып, ішіндегі смартфон, өзге де қосымша заттарды тонап кетіпті. Өзімнің аксессуарларымды танып, жерден теріп алдым.
Мен негізінен бұрын қолданыста болған телефондарды алып сататынмын, осы витринада 12 дана смартфон тұрған еді. Менде 3 млн теңге шығын болды. «Атамекен» палатасына арыз жазып қойғаныммен, соларды дәлелдейтін құжаттарды сұрап жатыр. Бірақ сол ұрланған телефондардың қораптарын таппай қалдым. Осы кәсіппен ағам екеуміз айналысамыз. Күнделікті шығыс пен кірісті санап отырамыз. Соны жазатын дәптерді өткіземіз. Бар үмітіміз мемлекетте. Жоғалған мүлікті орнына қойып береді деп үміттеніп отырмыз», - дейді шағын кәсіп иесі.
Ләззат Бейсекенованың айтуынша, жоғалған смартфондарды арнайы IMEI-кодтар арқылы табудың қиындығы жоқ. Ол үшін құрылғыны алған адам іске қосу керек. Сол кезде арнайы белгі келеді. Полицейлер үшін осындай жолмен жоғалған смартфонды табу оңай дейді ол.
«Енді біздің естуімізше, тонау кезінде бірнеше толқын болғаны айтылып жатыр. Ең алғаш қымбат телефондар қолды болғаны рас. Олар қырғыз асып, басқа да жақын шетелдерге өтіп еткен шығар. Ал қалғандары тығылып жатыр. Біреулердің үйінде, басқа да бір жерлерде жасырынып тұр. Егер олар телефонды қосқан жағдайда бізге сигнал келеді. Полициямен сол жерге барып анықтай аламыз. Ол адам оны сата алмайды. Біздің естуімізше өткізе алмағандар сол телефондарды ізін жасыру үшін өртеп жатыр деген ақпарат бар. Мысалы біздің орталықтан әлі бірде бір кәсіпкер мүлкін тапқан жоқ», - деп шағымданды кәсіпкер.
ЦУМ-да сауда жасайтын Айжан Тоқтарбекқызы да жоғалған мүліктерді құжатпен дәлдеуде қиындықтардың болатынын сезеді. Ол да өз шығынын есептеп, 700 мың теңге көлемінде өтемақы алуға тапсырыс берген.
«Біз құжат жүзінде дәледеуімізге кедергілер бар. Тіпті мөрімізді алып кеткен. Бізде инвойс деген болады. Яғни тауардың қай жерден алынғаны және IMEI-код жеке-жеке жазылады. Он үш немесе он екі саннан тұрады. Соны арнайы дәптерге жазып, өзіміз үшін, витринаның астына қойып қоятынбыз. Соны да таппай қалдық. Көбінде сол чектер сақталатын, аппарат немесе құтылар жоғалған. Мен өз шығынымды шамамен 700 мың теңгеге бағалап отырмын. Ұсақ-түйек аксессуарларды санаған жоқпын. Осыны төлеп берсе де шүкір. Аман-есен қалған тауарларымды сол күні келіп алып үлгердім.
Қасымда тұратын әріптес жігіттің 3 млн теңгесі сол күні кассада қалған екен. Алып кетіпті. Жаңа жылдан кейін осында сейфке салып кеткен. Сейфті бұзған. Тауарды осы сөреде сақтаймыз. Кейбір әріптестерімізде бірде-бір құжат жоқ. Ноутбуктерін қоса алып кеткен, барлық дәлелдер сол жерде сақталған. Олардың жағдайы қалай болады?», - дейді смартфон сатумен айналысатын кәсіпкер.
Бұл сауалдарға астанадан арнайы келген Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов жауап берді. Ол шағым айтып келген кәсіпкерлерге Алматы қаласының әкімшілігінде аумақтық комиссия құрылғанын, олардың қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Ешкімнің арызы жауапсыз қалмайды. Әрбір жеке кәсіпкер арнайы колл-орталыққа хабарласа алады.
«Түсіндірме беріледі. Арнайы кеңес беру орталығы құрылды. Ол жерде заң қызметкерлері, прокуратура өкілдері және сот сарапшылары бар. Олар кәсіпкерлердің сұрақтарына тиянақты жауап қатуы тиіс. Егер кәсіпкердің чек немесе өзге тауары туралы немесе өзге дә дәлдеу құжаттары болмаса, жергілікті кірістер департаментінен өткен жылғы тауар айналымы, одан түскен салық туралы ақпараттарды алуға болады. Ол арнайы формуламен есептеліп, шығынның орташа мөлшері айқындалады. Аудиторлық есептен бөлек, тәуелсіз бағалаушы компаниялардың қызметіне жүігініп, өз шығындарын есептетіп әкелуіне болады», - деді Рүстем Жүрсінов.
«Заңғар» сауда орталығының өкілі Сергей Ивановтың айтуынша, сауда орталығы 10 күн ішінде бұрынғы қалпына келтірілген. Үш қабатты орталықта 300-ден астам кәсіпкер сауда жасайды. Жалға алушыларға бұрынғы сөрелер мен бутиктер жөнделіп, 19 қаңтардан бастап жұмыс істеуге мүмкіндік берліді. Жалға алған кәсіп иелері 1-19 қаңтар аралығындағы арендлық төлемнен босатылды. Ал алдағы 3 айға төлемдерге 20% жеңілдіктер жасалады.
Сондай-ақ, «Қорған» қару-жарақ сату дүкені де шығындарын есептеп үлгерген. Алматыдағы ең үлкен орталықтан жүздеген атыс құралы мен аңшылыққа арналған мүліктер ұрланған болатын. Дүкен қожайының айтуынша, күштік құрылымдар ұсталғандардан атыс, пневматикалық, газбен ату қарулары, сөмкелер және аңшылық пен балық аулауға арналған заттардың табылғанын хабарлаған. Ол табылған бұйымдар осы жерде жоғалған дүние-мүліктің 1 пайызына да жетпейді. Жалпы, орталықтан 500-ден астам қару қолды болған.
«Осы компенсацияны алудың 9 қадамы жарияланды. Бірақ оны жүзеге асырудың тетіктері де бізге түсініксіз. Алдын ала есептеу бойынша «Қорған» дүкеніне келген шығын 3 млрд 100 млн теңге. Негізінен ішкі істер органдарымен жұмыс істеп жатырмыз. Дүкен әлі жабық. Себебі 26 қаңтарға дейін Алматы ланкестік қауіптің қызыл деңгейінде қалады», деді қару-жарақ дүкенінің иесі.
Айта кету керек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен мемлекеттік комиссияның арнайы құжаттар тізімі бар. Оны онлайн түрде өткізуге болады. Кәсіпкер www.infokazakhstan.kz сайтына арыз берген соң, шағымдар жеке-жеке қаралады. Палата кәсіпкердің арызы тіркелген уақытан бастап бір ай ішінде шығыны өтеледі деп сендіреді. Алдын ала есепке сәйкес, залалдың жалпы сомасы 98,1 млрд теңге (оның ішінде Алматыда 94,8 млрд теңге) болды.