Бұл бюджеттен тыс қор, ендеше қатаң бақылануы керек – «Қазақстан халқына» қорына 12 млрд теңге жиналды
Мамандар бұл қорға бюджеттік сала қызметкерлері бір күндік жалақысын аудармауы керек дейді

Президенттің бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорының есепшотына 12,36 млрд теңге түскен. Бұл 17 қаңтар түскі 13:00-де түскен сомманың есебі. Қоғамдық қор қаражат аударып жатқан барлық заңды және жеке тұлғаларға алғысын білдіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жиналған қаржы қоғамда қордаланған білім, денсаулық, мәдениет және әлекметтік салаларға бағытталатын болады. Яғни жиналған қаржы бүлік кезінде қираған мүліктерді қалпына келтіруге ғана бағытталмайды.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАНДАЙ ТАЛАП-ТІЛЕК АЙТЫП ЖАТЫР?
Жаңа тағайындалған қор басшылығы қаражат тек Алматы қаласын қалпына келтіруге ғана емес, халықтың әл-ауқатын көтеруге, түрлі салалық проблемаларды шешуге жұмсалатынын мәлімдеді. Сондықтан Қ.Тоқаев та 11 қаңтардағы сөзінде қор әлеуметтік деген сипатқа ие болады деп айтты. Мәселен, сирек кездесетін дертке шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі. Себебі осындай отбасылардың көбі емдеу шығындарын көтере алмайды. Дарынды, қабілеті мықты балаларды қолдау, сосын Алматыдағы трагедиядан соң ес жиып, еңсені көтеруге қордан көмек көрсету де Қор есебінен жүргізіледі. Сол сияқты тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан полицейлер мен әскерилердің отбасыларына да қолдау осы қордан беріледі, деді Мемлекет басшысы.
Десе де, ел тұрғындарының көкейінде қордың басшысы кім болады, ал президент айтқан қамқоршылық кеңеске кімдер кіруі мүмкін деген сұрақ тұрды. Өткен аптаның соңында «Қазақстан халқына» қорын басқару бұрынғы номенклатураның өкілі, басқарушы элитаның ішінен шыққан Болат Жәмішевке бұйырды. Экономист, қаржыгер Ұлттық банк, Қаржы министрлігі және жақында Тоқаевтың сынына ұшыраған Қазақстан Даму Банкіне жетекшілік еткен.
Аты айтып тұрғандай, халықтық қор болады десе де, осы қордың жұмысына байланысты халық арасында түрлі пікірлер мен сын-ескертулер айтылып жатыр. Әлеуметтік желіде қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесі құрамына көңілі толмайтындар өз ойларын ашық айтып жатыр. Азаматтық қоғам өкілдері болашақта жиналған қаражаттың жариялы әрі талан-таражға түспей бөлінетіне сенеді.
Қамқоршылық кеңес мүшелерінің кандидатурасы халық талқысына салынып, дауыс беру арқылы таңдалса деген талап-тілек болған. Кеңес мүшелері бұл жұмысты тегін істей ме деген сауалдың әлі жауабы жоқ. Әлеуметтік желідегі пікірлерге жауап ретінде қор өкілдері қамқоршылық кеңеске Президент әкімшілігі мен үкімет мүшелері кірмейді деп жауап берді. Әлеуметтік қоғамдық қор қызметі барынша жариялы және қоғам бақылауы қамтамасыз етіледі деген уәде берілді.
Қамқоршылық кеңес құрамына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, меценаттар мен еліміздің беделді азаматтары кірді. Қамқоршылық кеңестің төрағалығы белгілі дәрігер «University Medical Center» КҚ басқарма төрағасы Юрий Пяға жүктелген. Оның құрамында 14 адам бар. Толық тізімі осында.
САРАПШЫЛАР ПІКІРІ:
Меруерт Махмұтова, экономист:
Жаңа қордың түбі ертең тесік болып шықпасын деп тілейік. Біздегі тәжірибеге бойынша әдетте осылай болып шығады.
Ертеде Швейцарияда жемқорлықтан түскен қаржының есепшотынан ұлттық қорларға ақша аударылып, ел игілініне жұмсалған тәжірибе болған. Жалпы, ұлттық қор деген ұғым осыдан басталған. Ендеше «Қазақстан халқына» қоры жемқорлықпен табылған ақшаны тауып, ел иглігіне жұмсау деген астармен құрылды. Ал қазір осы қорға бюджет қызметкерлерінің қаржысын аударту науқаны белең алмауы керек. Шаш ал десе, бас алатын науқаншылдық болмауы тиіс. Мұны Есеп комитеті, Президент әкімшілігі бақыламаса, кім бақылайды? Сондықтан бюджеттен сырт қор болмауы керек, деп отырғаным осы.
Мұрат Әбенов, қоғам белсендісі:
Мемлекет қордың қаражатын қайда жұмсау керек дегенге мұқият болған жөн. Бұл халықтың ақшасы, қордың аты айтып тұр. Сосын бюджеттік қызметкерлерден ақша жинау дегенді қою керек. Бұл өткен күннің шаруасы. Мысалы, науқас балалардың еміне «Қазақстан халқына» қорынан ақша төлеу керек деген нәрсе айтылды. Бұл мақсатқа мемлекетте жиналған қаржы бар емес пе? Ол – бірыңғай медициналық сақтандыру қорындағы жыл сайын түсетін 500 млрд теңге. Жаңа құрылған қор қарапайым халықтан емес олигархтардан, үлкен қаржылық топтардан қаржы алу үшін жасақталды деп ойлаймын. Сосын түскен қаражат барлық өңірлерге теңдей етіп бөлінсін. Осының бәрі анық әрі айқын болуы керек. Қоғам қазір ояу, бәрін көріп отыр.
ЕҢБЕК ҰЖЫМДАРЫ ҚАРАЖАТ АУДАРМАСА ДА БОЛАДЫ
Өткен 5 күнде жиналған қаражат мөлшері белгілі. Оның көлемі негізінен ең ірі қаржылық топтан түскен қаржыдан тұрады. Алпауыт компаниялар мен тарнсұлттық өнеркәсіп ошақтары әлі үнсіз. Қорға Президент әкімшілігі, Министрлер кабинеті мен Алматы қаласы әкімдігің қызметкерлері біркүндік жалақыларын аударғанын мәлімдеді.
Экономист, Нұр-Сұлтандағы консалтингтік компаниясының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов аталған қорға еңбек ұжымдарының қаражат аударуы міндетті емес екенін мәлімдеді. Ол жаңа құрылған қорға негізінен қаражат ірі қаржы ұйымдары мен осы күнге дейін мемлекеттен көп пайда көрген қалталы азаматтарға бағытталған, деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында. Мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала мамандарының жалықалары онсыз да көп емес. Сондықтан қорға біркүндік жалақы аудару науқаншылығынан арылу керек деді ол.
«Қазір әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер мен жеке компаниялар қорға біркүндік жалақыларын аударып жатыр. Қор мұндай мақсатқа арналмаған. «Қазақстан халқына» қоры салықтан жалтарған, қаржысын шетелге шығарған жандарға азаматтық борышын өтеу үшін ашық болуы керек. Сонымен қатар, табысы заңдастырылған қалталы азаматтар мен компаниялар да артық қаржысын аудара алады. Әрине, қарапайым тұрғындарға да аздаған соманы жіберуге болады. Алайда, біркүндік жалақы аудару науқанын доғарған жөн», - деп жазды экономика сарапшысы.
Олжас Құдайбергенов «Қазақстан халқына» қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Ол қорға қатысты барлық дерлік мәселелер әлі қалыптасу сатысында екенін айтты. Сондықтан қор туралы түсініктемелер әлі анық емес. Оның жұмысын жүйелеуге 1-2 апта кетеді екен. Қамқоршылар кеңесі жиналып, осы мәселелердің барлығын талқылап, бір шешімге келеді. Қоғам өкілдерінің сұрақтарына кеңес мүшелері мен басқарма төрағасының өзі түсініктеме береді.
Кешелі бері әлеуметтік желілерде педагогтер мен оқытушыларды «Қазақстан халқына» қорына қаражат аударуға міндеттеу туралы да пікірлер тарап жатыр. Осыған байланысты ведмостваның бұқарамен байланыс мамандары ақпарат таратты.
БҒМ баспасөз қызметі мәліметінше, әлеуметтік желілерде педагогтер мен оқытушыларды «Қазақстан халқына» қорына қаражат аударуға міндеттеу туралы пікірлер жазылып жатыр. «Мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, БҒМ-ге қарасты жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлері қорға ақша аударуға міндеттелмейді. Білім ұйымдарының басшылары бұдан хабардар», — делінген министрлік хабарлмасында.